Жарнама
Қоғам

ЕДІЛБАЙ ҚОЙЫ ЕЛДІҢ БРЕНДІ БОЛСА…

ГЕНЕТИКАЛЫҚ ҚОРЫ САҚТАЛСА…
-Сайып келгенде, мал шаруашылығындағы табыстың көзі де, бәсекеге сай келетіндей өнім өндірудің кепілі де осы айтылып отырған асыл тұқымды түліктің бағым-күтімін келістіру, халықаралық талаптар мен стандарттарға сай дамыту болып табылатынын ескерсек, біздің жағдайымызда бұл іске не кедергі келтіріп, қандай проблемалар туындап тұр?
-Біріншіден, айтарым, тұқымдық қасиеттері, өнімділігі жоғары малдың генетикалық қорының сақталуын басты назарда ұстауымыз қажет. Селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізе отырып, өнім көлемін молайтуға, ол үшін түліктің тірілей салмағын, тезжетілгіштік қасиетін арттыруға күш салынуы тиіс.
Екіншіден, бізде малға қажетті жемшөп базасының жасақталуына жеткілікті көңіл бөлінбеген. Бұған дейін де талай мәрте тілге тиек етіліп жүргеніндей, қыстық пішеннің көп бөлігі өзге өңірлерден әзірленеді, сол себепті оның бағасы да әнебір арзан болмайды. Алыстан арбаланып әкелінгендіктен оның өзі қымбатқа түседі әрі қажеттілікті толықтай қанағаттандыра алмайды.
Тегінде, жазда бауырын жазып,еркінше жайылмаған, қыста жылы қорасында тұрып, қажетінше азықтанбаған қай түліктен де күткендегідей өнімнің болмасы анық.Облысымыздың Махамбет ауданындағы «Бірінші мамыр» ЖШС де сүттік бағыттағы сиырлардан ойдағыдай өнім алу үшін шаруашылық базасында «көк балауса өсіру» технологиясын қолдануда. Осы секілді оңды тәжірибелер өзге жерлерде өрісін тапса, нұр үстіне нұр жауар еді.

ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІС БІРЛІГІ КЕРЕК
— Осы саланың білгір де тәжірибелі маманы, зерттеуші ғалым ретінде нақты нендей ұсыныс-пікірлеріңізбен бөлісіп, ойларыңызбен ортақтасар едіңіз?
-Алдымен, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан белгіленген субсидияның көлемі көбейтілгенін қалаймын. Мысалы, өз басым кейінгі екі жылдан бері Құрманғазы ауданының «Ерғалиев» шаруа қожалығында осы бағытта жұмыс жүргіздім. Мұнда бүгінгі таңда 2500 еділбай қойы бағылады. Мақтаншылық емес, бірлесіп жасалған қарекет өзінің нәтижесін де бере бастаған, азды-көпті еншілеген табыстары да жоқ емес. Әйтсе де, бүгінгі жетістіктің ертеңге өлшем болмасы белгілі ғой. Сондықтан да, қолға алған істі ілгерілетіп, жетілдіру үшін шаруагерлерге материалдық тұрғыдан қолдау көрсетіп, қаржыландыру жағына көбірек көңіл бөлінгені жөн. Айтып отырғанымнан басқа бұл өңірде 1500-2000-дай еділбай қойын өсіріп, тым-тәуір табысқа қол жеткізген шаруа қожалықтары да аз емес-ті. Өкінішке орай, әлгінде айтылған субсидия мөлшерінің аздығынан, оның да дер мезгілінде берілмеуі салдарынан көпшілігі бар малын сатып, тарап кеткен.
Ғылым мен тәжірибе ұштасқанда ғана ойға алған істің оңғарылып, өндірістің өрге басары сөзсіз. Жергілікті ғалым-мамандардың бұдан былай да әлімсақтан халқымыздың нәсібіне айналған атакәсіппен айналысуға құлықты шаруагерлермен бірлесіп іс атқаратыны даусыз.

Сұхбаттасқан Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button