«ЕҢБЕК КҮНІНДЕГІ» ЖӘРМЕҢКЕ
Әдеттегідей, бұл жолы да жәрмеңкеден жұмыс іздеп келгендер аз болмады. Жалпы, шараға бір мың бес жүз жұмыссыз шақырылғанмен, оның үш жүзден астамы үміт артып келген екен. Он алты ұйым мен «Атырау нефтемаш» АҚ, «Гелиос» ЖШС, «Тесла тан», «Ритм Ойл», «Думан газ», «Рубеж Секьюрити», «Идеал Маркет», «Арнаулы автобаза» КМК секілді мекемелерден 690 бос жұмыс орнына сұраныс түсті. Әсіресе, инженер, электрик, көлік жүргізушілері, күзетшілер, дәнеркелеуші және тағы да басқа жұмысшы мамандықтары көптеп сұралды. Атырау қалалық жұмыс берушілер және әлеуметтік бағдарламалар секторының меңгерушісі Гүлнар Тұрашеваның айтуынша, бос жұмыс орындарымен қатар жәрмеңкеде қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары ұсынылды. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы туралы түсінік берілісімен шағын несие алып өз кәсібін бастауға ниет білдіргендер де табылды.
Жәрмеңкеде бірнеше тас қалаушы, дәнекерлеушіге сұраныс берген «Азия оперейтинг Корпорейшн» ЖШС өкілі Зульфия Жолдыбаевадан білгеніміз, жиырма сегіз күндік вахталық әдіспен жұмыс жасауға қызығушылық танытқандар аз болмаған. Қабылданған қызметкерлер арнаулы киімдер, жатын орны мен тегін тамақпен қамтылады, қосымша оқытудан өтеді. Жаңа мекеме «АКДС» компаниясының қосалқы мердігері болып табылады. Олар құрылыс монтаждау жұмысын ұсынады. Түйіндемелерді қабылдап отырған ЖШС өкілі бұған дейін Теңізде қызмет еткендердің арнайы құжаттары да маңызды рөл атқаратынын жасырмады. Алдағы жылға компанияның жұмыс ауқымы жеткілікті, яғни тапсырыс берушімен тікелей келісім-шартқа отыруға мүмкіндік бар. Бұл дегеніңіз — жалақының жоғарылауына оң әсерін тигізбек.
Үш баланың әкесі, тәжірибелі дәнекерлеуші Батыр деген азамат Қарабатандағы жобадан кейін жұмыссыз қалғанына бір жылдан асыпты. «Қолымызға 115 мың теңге ұстатамыз деп отыр. Әрине, екі айға бөлгенде бұл аз. Бірақ қол қусырып үйде отырғаннан жақсы ғой. Сондықтан, компанияның болашағына көбірек сенемін», — дейді ол.
Ал, Атырау қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиеваның сөзіне қарағанда, мұнайлы өлкенің еңбек нарығында бала күтушілері мен ауру жанды бағып-қағатындарға сұраныс көп. «Әрине, күтушілерді жарнамалардан да тауып алуға болады ғой. Бірақ, тұрғындар бала қауіпсіздігі үшін арнайы ұйымдардан алғанды қалайды. Сондықтан, біз бала күтушісі, үй тазалықшыларын арнайы курстардан өткізу жайын қарастырып жатырмыз»,-дейді ол.
Aйбөпе САБЫРОВА.