Еңбек инспекциясында – жаңа басшы
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болып Игілік Әубәкіров тағайындалды.
Дүйсенбі күні аймақ басшысы аталмыш басқарма ұжымына жаңа басшыны таныстырды. Нұрлан Асқарұлы еңбек инспекциясы басқармасы алдында тұрған маңызды міндеттерді атап көрсетті. Атап айтқанда, азаматтардың арыз-шағымдарын шешу, еңбек ұжымдарында кездесетін еңбек дауларын болдырмау, заңсыздықтардың алдын алуды жаңа басшының қаперіне берді. Игілік Әубәкіровтің бұл міндеттерді ойдағыдай орындауға кәсіби білімі мен біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілеті жетеді деп бағалаған облыс әкімі басқарма басшысының еңбек жолына да тоқталды. Игілік Айдарұлы 1975 жылы дүниеге келген. Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университетін инженер-механик және Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы Қарағанды облысы сот орындаушылар және сот приставы департаментінің сот приставы болып бастаған. Кейін осы облыстың соттар әкімшісінің сот орындаушысы, облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бойынша бөлімінің жетекші маманы, бөлім бастығы қызметтерін атқарған. Астана қаласы Алматы ауданы №1 Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары, ҚР Әділет министрлігі зияткерлік меншік Ұлттық институты директорының орынбасары, «Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ-ның Астана қаласындағы өкілдігі директоры болып жұмыс жасаған. 2010-2013 жылдар аралығында Атырау облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары, 2013 жылғы тамыз айынан бүгінге дейін Атырау облысы әкімі аппараты басшысының құқықтық қамтамасыз ету және кадр мәселелері жөніндегі орынбасары болды.
Бақытжан ЖҰМАТ.