Қазақ хандығы. Алмас қылыш

кино әлемі2 Жаңалықтар

«Көшпенділерден» кейінгі ең атышулы жоба – «Қазақ  хандығы» алғашқы көрермендерін тапты. Бұл баяғы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында, апыр-топыр шешіліп, сценарийі жазылып бітпей жатып «түсіріледі» деп жар салынған сериалдың кино нұсқасы. Фильм тұсаукесерінде режиссер Рүстем Әбдірәшев өз туындысына көңілі толып, «үлкен жұмыс жасалды, оны өздеріңіз бағалайсыздар»  деп бізді де елітіп, емінтіп қойды…

%d0%ba%d0%b8%d0%bd%d0%be-%d3%99%d0%bb%d0%b5%d0%bc%d1%96

Тақырыптың маңыздылығына күмән жоқ. Өйткені, Қазақ хандығының қалай құрылғанын мектеп бітіргендер ұмытып қалған, кеңес кезінде білім алғандар тіпті білмейді. Керей мен Жәнібек деген есімдерді естіген, бірақ қандай адам болғандарынан, билеушілік стратегиясы, ұрыс тактикасынан бейхабар. Қасым мен Хақназар, Тәуке мен Тәуекелдер де тұлғаланбаған. Сондықтан, өткен тарихымыздың бәрі бізге болды-болмады ертегі болып көрінеді. Бұл тарих баяғыда-ақ экранға көшуге тиісті, тіпті бірнеше нұсқасы түсірілуге тиіс тарих еді.

Фильм сюжеті Әбілқайыр (Д.Жолжақсынов) мен қос сұлтан (Қ.Кемалов, Е.Дайыров) арасындағы үнсіз майданнан басталып, қазақ тайпаларының Шудың бойына көшуі, онда Моғолстан ханы Есен Бұғадан (Д.Ақымов) жер алып, сол жерді ойраттардан қорғауы, Керейді хан көтеруі сияқты оқиғаларды қамтиды. Жол-жөнекей «Мәңгілік ел» идеясы да «кетігін тауып қаланады». Әбілқайырдың төртінші әйелі, тордағы тоты Рабия бегімнің (Қ.Мұхамеджанова) Жәнібек сұлтанға деген ықыласы да ыммен айтылады. Қос сұлтан Қасым мен Мұхаммед Шайбанидың туыстық қатынастарына екпін қойылғаны да түсінікті. (Сериал болса, келер серияларда бас кейіпкер болатын осы екеу ғой).

Тарихи фильмді көріп отырғанда, кейіпкерлердің өлмейтінін білесің. Бұл «Тақтар ойыны» емес қой. Бірақ, соған қарамастан, сценарий авторлары (С.Елубай, Т.Жақсылықов, Р.Әбдірәшев) барынша интрига тудыруға тырыс-қан. Оқиға бірден қиян-кескі шайқастан басталады. Керей мен Жәнібек ат төбеліндей топпен ойраттың аздаған әскерін қан-жоса қылып жеңеді. Қуанып үлгермейінше дұшпанның қалың қолы тағы құйылады. Бірақ, ойрат қолбасшысы Өз Темір аяқ астынан көңілі жібіп, Керей мен Жәнібекті қоя береді. «Әбілқайыр сендерді қырылып қалсын деп әдейі жіберді, оның арманын орындағым келмейді»  деп естілік танытады. Шыны керек, дұшпанның алпарасы асыңқырап тұр. Біріншіден, мұнда Өз Темір екі сұлтанымыздан ақылдырақ. Бұлар адыраңдап ұрысқа аттанып кеткен, ал айдаладағы ойрат Әбілқайырдың жоспарынан хабардар. Екіншіден, ойрат кең, ал біздің сұлтандар кіріптар. Әрі қарай  Керей мен Жәнібек  Әбілқайырдың ордасына тартады. Сарай маңы эпизодтардың драматургиясы мығым. Әбілқайыр мен қос сұлтан арасындағы шиеленіс, саяси ойындар нанымды. Мысалы, хан шатырындағы көріністе Әбілқайыр мен Жәнібектің, немесе аңшылық  эпизодында Әбілқайыр мен Керейдің сөз шарпысуында ымдап ырғасатын өткен дәуірдің ірілігі бар. Бірақ, одан әрі фильм драматургиясы сол шиеленісті ұстап тұра алмады.

Кино дастанның негізгі идеясы, ешкімге бағынғысы келмеген, «әркімнің қолында қылыш боп ойнаған»  батыр қазақтың рухын көрсету. Туындының өн бойында бірнеше шайқас сахнасы бар делік. Бірақ, ылғи да қазақтарды қоршап ала береді, қоршап ала береді. Оның бірінде ойраттың өзі, екіншісінде Шайбанилар жібере салады, тағы бірінде Қобыланды құтқарады. Соңғы шайқас болмағанда… Табан астында арбалардан қорған құрып, құндақтаулы сәбиін арқасына салып садақ кезенген аналар, шауып бара жатып атқа теріс ауысатын мергендер, ойрат қылышын қақ жаратын алмас қылыштар, жалпы қазақтың мобильді соғысып, шабуылға тойтарыс беру өнері орынды. Соғыс сахналарын қойған «Номад»  тобының жігіттері мен қыздары қай ілтипатқа да лайық. Бірақ, қазақтардың соғысу техникасын әлі де зерттеу, өзіне ғана тән белгілерін айшықтай түсу артық етпес еді. Сосын, тарихи киноны көрген сайын бір сұрақ туады. Осы ойраттарда садақ болмаған ба? «Жаужүрек мың балада»  да сондай еді. Он шақты қазақты жүз шақты ойрат қуып келе жатады. Қазақтар оларды алыстан атып жайратып жатады. Әлгілерде шынымен садақ жоқ па, әлде қазақты қылышпен ғана тураймын деп серт берген бе, далақтап шаба береді, қырыла береді.

%d0%ba%d0%b8%d0%bd%d0%be-%d3%99%d0%bb%d0%b5%d0%bc%d1%962

Техникалық жағынан алғанда, бұл бір компьютерлік графика ойлап табылмаған ықылымда түсірілген кино сияқты. Он шақты ойрат он бес шақты қазақпен соғысады да, кері қашады. Хандықтың негізін қалаймын деп көшіп жатқан жұрт та әрі кетсе жүз шақты адам. Масштаб жоқ. Жұпыны. Түмен-түмен адам жалдап, оларға көне киім тігіп беру қолдан келмейді, түсінікті. Бірақ, «Трояны», не «Батыл жүректі»  қарасаңызшы, бес адамды бес жүз мың әскер қылып көбейтеді ғой. Біздің графистердің бар қолдан келері «инстаграмның» бұлдыратуындай  ойға симайтын түстерге бояу ғана. Көрермен соны байқамай қалады деп ойлай ма?

Сосын фильмнің түсірілу эстетикасында бірізділік жоқ. Алғашқы ұрыс сахнасында кесілген аяқ, шабылған қол, шашыраған қан сияқты натуралистік көріністер басым. Одан кейін бірнеше шайқасты көрдік. Ондайдың бірі де жоқ. Неге? Режиссер о бастан бір жағына шығып, қалай түсіргісі келетінін анықтауы керек еді ғой.

Фильмде бірнеше метафора бар. Ол Әбілқайырдың тордағы құсы. Әбілқайыр Қобыландыны ашуландырып, «Қайда барар дейсің, айналып келеді» деп соңынан қарап тұрғанда, тордағы құсы ұшып кетеді. Демек, қазақты да, Қобыландыны да уысынан жіберіп алды деген сөз. Бұл әдемі оқылады, бірақ, басқа кейбір метафоралары сәтсіз шыққан. Мысалы, көшіп келе жатқан қазақтар жолдағы құдықтан су ішеді. Оны «азаттықтың дәмін татты»  деп келтіреді кадр сыртындағы дауыс. Бірақ, оператор, неге екенін, бұл эпизодты қазір бір жаманшылық болғалы тұрғандай түсіреді. Немесе жолда туылған бала, Шалкиізді алыңыз. Оны «қазақтың азаттығының  даусы еді»  деп сипаттап алып, шешесі өлгенде ноғайларға беріп жіберетіні несі?

«Алмас қылышта» артық сөз көп. Кадр сыртындағы мәтінде де, актерлердің диалогтарында да. «Таза мінсіз асыл сөзден» бастап, Асан Қайғының бірталай өлеңін созбалатып оқу дәл осы фильмге неге керек болды? «Қайран, аңғал  қазағым»  деп күңіренген Асан аз болғандай, кадр сыртындағы екінші дауысты қосарлау не үшін керек болды? Диалогтары жасанды. Мысалы, тайпа көсемдері құрылтайда жиылып, «жеке ту тігейік»  деп ұсыныс айтты делік. Келесі эпизодта Керей мен Жәнібек жеке шығып алып, «Ел ағалары сондай мәселе көтеріп жатыр» деп жаңалық қылып айтып отырғаны несі?

%d0%ba%d0%b8%d0%bd%d0%be-%d3%99%d0%bb%d0%b5%d0%bc%d1%963

Актерлердің ойынында театралдылық басым. Кейде ойлаймын. Мүмкін, «бұл қазақ киносының ерекшелігі, қазақ актерлерінің қолтаңбасы»  деп «заңдастыра»  салу керек шығар? Өйткені, осы театралдықтан ешқашан құтылмайтын түріміз бар. Тіпті, театр сахнасын көрмеген актерлер де сол ауруға шалдыққан. Қазтуған (Б.Тілеухан) сөйлей жөнелгенде Парламентте мәлімдеме жасап отыр екен деп қалдық. Мұрнының астымен сөйлейтін Рабияның (Қ.Мұхамеджанова) көзін аударып-төңкергенінің бәрі жасанды. Әр сөзін нығарлап сөйлейтін Керей (Қ.Кемалов), әр сөзінен кейін пауза керек деп санайтын Саид (Б.Әбділманов) екіұдай әсер қалдырады. Досхан  Жолжақсыновтың Әбілқайыры, өзін өте әккі, ақылдымын деп ойлайтын, бірақ қартайып, әлі кеткен билеуші. Ниязбек Шайсұлтановтың Мұхаммеді аса эмоционалды, Мейірғат Амангелдиннің Қасымы аздап нәзіктеу көрінгені рас. Киноға деген қадамы сәтті болған Мәдина Есманованың Жаһанбикесі, продюсер Арман Әсеновтің Қобыландысы ұнамды. Актерлік топта Еркебұлан Дайыровтың үлкен актер болып өсіп келетіні қуантады.

Іңкәр Әбдірәштің түсініксіз кейіпкері, қанша сыйлы қыз болса да, Жәнібек сұлтан мен Қазтуғанның ортасына, тұп-тура төрге қонжиятын жөні жоқ еді. Тағы бір тұсында, Жәнібек сұлтан өзінің бәйбішесі Жаһанбикені сөзге тоқтата алмай отырғанда шымшықтай бала Қасымның: «Осымен сөз бітті»  деп әке-шешесін тыйып тастайтыны да қызық.

Мұхаммед бала күнінен таққұмар, аяусыз, өркөкірек, өтірікші… сүйкімсіз сипаттан күрт бұрылыс жасайтыны иландырмайды.

Билік пәлсапасы тұрғысынан, Есенбұғаның жанындағы Саид пен Досмұхаммед, Әбілқайырдың жанындағы Мұхаммед пен Хайдар, Керей, Жәнібек жанындағы Бұрындық пен Қасым. Күш пен ақыл, қызуқандылық пен сабыр сияқты  екі қасиет, бір-біріне қарсы қойылады. Әбілқайыр «тақ үшін туған бауырымды өлтірдім» деп мақтанады, Мұхаммед «төреде туыс болмайды»  деп жиі қайталайды. Ал, Қасым «тақ үшін таласта туыстың қанын төкпеймін»  дейді. (Тарихтан мәлім, сол сертінде тұрады). Жәнібек те аттан түсіп, ағаға жол береді. Ақ киіздегі ағасын елдің алды болып өзі көтереді. Қазақ дәстүрінде хандар биліктің өзін түпкі мақсат етпеген деген әдемі ой бар.

%d0%ba%d0%b8%d0%bd%d0%be-%d3%99%d0%bb%d0%b5%d0%bc%d1%964

Бірақ, Өзбек хандығы солай аталады екен деп, Әбілқайырды тұқым-тұяғымен көзін боятып, ала матасын оратып, қазіргі өзбектерге айналдырып жіберуге болмайтын шығар. Онда да кілең қазақтың тайпалары емес пе еді, Шайбани да Шыңғыстың ұрпағы емес пе еді. Ал, Моғолстанды Ұйғырстан қылып шығарудың қай қисыны бар? Аты моғол болғанымен, ол да қазақтың өз тайпаларының қонысы еді ғой. Фильм логикасына сенсек, қазақтар өзбектен қашып, ұйғырдың қолтығына тығылыпты (астапыралла!).

Мәселе – қай ханның басқарғанында емес, қазақты құраған тайпалар, бәріміздің бір тамырдан тарайтынымызда, осы бірлік, қан туыстығы, рух, намыс туыстығы алдыңғы планға шығуы керек еді. Бұл тайпалардың Керей мен Жәнібек туының астына бірігуі, сол бауыр жұрттың ежелгі еркіндігін қайтарды. Осы ойды оқи алмадық.

«Тарихи кино» деп жалпыламай-ақ қояйық, бірақ «қылыш пен қалқанды» түсіруге әлі де дайын емес екенбіз деген ой келді.

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз