Жарнама
Қоғам

ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕУЛІ ЕДІ

Ол 1970 жылы облыс орталығындағы Н.Крупская атындағы орта мектепті тәмамдаған соң Гурьев политехникалық техникумын, кейін В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын Прикаспий мұнай-барлау экспедициясында бұрғышының көмекшілігінен бастады. Содан жиырма жыл бойы аталған кәсіпорында түрлі деңгейде, атап айтқанда, жай көмекшіден экспедиция бастығының орынбасары, бас инженерге дейін өсіп, қанатын қатайтты, нағыз барлаушы атанды.
Жоғары оқу орнын еңбектен қол үзбей жүріп тауысты. Одан соң «Аралнедр» акционерлік қоғамында бас директордың орынбасары, кейін төрт жыл бойы аталған мекеменің Ақтөбедегі филиалының директоры болды.
2002 жылы «Сағыз Петролиум Компани» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары қызметіне ауысып, өзінің барлаушы-бұрғышы ретінде бесаспап маман, ұйымдастыру қабілеті жоғары, іскер басшы екендігін таныта білді. Ол өзінің қызмет бабында бірнеше жаңа кен алаңдарының ашылуына себепкер болды. Өңіріміздегі Орысқазған, Забурын, Имашев, Солтүстік Жолдыбай, Кенбай кен орындары тікелей осы Рабай Нығметұлының араласуымен ашылып, өнім бере бастады. Олар қазірде ел байлығын арттыру, экономиканы өсіру жолында өз үлестерін қосуда. Жаңа алаңдарды ашудағы үлесі үшін Рабай үкімет тарапынан лайықты марапаттар алды.
Рабай – ілкімді іскер басшы, лайықты маман болумен бірге қарауындағылар арасында үлкенмен де, кішімен де ортақ тіл таба білетін уақыт үдесіндегі, өсу үстіндегі жетекші еді. Күнделікті өмірде қолындағы барын ағайын-туыстарымен бөлісіп, қажет жерінде қамқор қолын да созатын-ды. Нағашы-жиен, бажа-балдыздарына да шапағатын тигізе жүретін. Сөйтіп, ол өз айналасына шынайы дос, адал ағайындар жинай білді. Ал, өз отбасында құдай қосқан қосағы Мария екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, оларды да үлкен өмірге қанаттандырды. Үш рулы елмен құдандалы болып, алты немере, жиен сүйді.
Бірақ, бес күндік бұл жалғанда кім-кімге де мәңгілік ғұмыр жоқ, бар-жоғы өлшеулі күндер ғана бар, ол да мезгілі жеткенде тоқтайды, ұзақ сапар үзіледі. Оны сөз сүлейлері:
«Бүгін бар, ертең жоқ болар,
Уақыт бәрін ноқталар.
Бесіктен шыққан жолаушы
Бейітке барып тоқталар.
Ортада сүрген өмірі,
Бір күндік түстей боп қалар», — деп шынайы жырлапты ғой.
Міне, кешегі ортада күндіз жұмыс, түнде отбасым, балам, ағайын деп шауып жүрген өңірге белгілі мұнай барлаушысы, әулеттің сүйікті ұлы, қимас бауыр, адал жар, ұрпағына асқар таудай пана, адал дос бола білген Рабай Тасқынбаев бүгінде жоқ. Ол осыдан аз ғана уақыт бұрын қайтыс болды. Сөйтіп, тамаша ғұмыр күллі адамзат ардақтаған алпыс жасқа енді ғана толамын деп тұрғанда үзілді. Топырағың торқа, иманың жолдас болсын, барлаушы. Жылы жүрегің байыз тапқанмен, ұласқан ұрпағың, атыңды атап жүрер дос-жора, ағайындарың бар. Ендеше, сен жүздердің жадында қала бересің.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button