ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕНДЕР

«Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігі халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында көптеген берекелі істерге ұйытқы болып келеді. Жуырда Атырау қаласында осы бірлестіктің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік - тірегім, тәбәрігім!» атты IV халықаралық балалар фестивалі өткізілген болатын.

Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарынан 6-14 жас аралығындағы жас өнерпаздар мен ғылыми сайыс үміткерлері қатынасқан байқауда ән айту, би билеу, көркемсурет салу, сырнайда және күйсандықта ойнау, вокал номинациялары және ғылыми жұмыс жеңімпаздары марапатталып, оларға «Ыстықкөл-2014» жазғы демалысына жолдамалар берілді.
Шара аясында «Бейбітшілік әлемі» бірлестігінің Президенті, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, профессор, академик А.Нұрманов облыстың әлеуметтік-мәдени дамуына үлес қосып жүрген бір топ азаматты марапаттады.
Фестивальды өткізуге мұрындық болған бірлестіктің «Алтын медалі» төсбелгісімен Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясы директоры Долорес Тасқарина, «Інжу-маржан» серіктестігінің директоры Гүлфара Исмағұлова, музыка саласының ардагер ұстазы Жолдас Шағылбаев марапатталса, ұстаз, әнші Ақжонас Сарбалина, облысымызға танымал өнер иесі Сәйпеден Сидағалиев «Ел ардақтысы» төсбелгісінің иегерлері атанды.
Ақын Амангелді Есенғалиев «Мәдениет майталманы» төсбелгісімен, ұлағатты ұстаз Алтыншаш Тәжіғалиева мен махамбеттік ұстаз Сатқанғалиева Сәулемай Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз