
Достық – біздің туымыз
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен «дөңгелек үстелде» өңірдегі түрлі этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшағын айқара ашқан қазақ халқына алғыстарын айтты.

–Алғыс айту күні – қиын-қыстау заманды иық тіресе еңсерген, қыса мерзімде егемен елді құру жолына аянбай тер төккен азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін күні, — дейді аталған кітапхана басшысы Сара Ізмұханбетова.
Ал, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаевтың пайымдауынша, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдерінің дені түрлі салада кәсіппен айналысып, облыстың дамуына өз үлестерін қосып келеді.

–Кез-келген қысытаяң шақта ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты бекемдеп, ұлт пен ұлыс арасындағы ынтымақтастықты нығайту арқылы межелеген мақсаттарымызға жетіп келеміз. Және бұл Қазақстан үшін өте маңызды. Өзге мемлекеттерде Ассамблея секілді институт жоқ. Рас, кезінде «Қазақстан көпұлтты мемлекет, ол бір ел бола алмайды, ұлттар жан-жаққа тартып, мемлекет тарап кетеді» деген пікірлер болды. Алайда, дұрыс жүргізілген саясаттың нәтижесінде бұл пікірлер жоққа шықты. Бүгінде бізде барлық ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін идея қалыптасты.
Әлемнің кейбір елдеріндегі тұрақсыздық тудырып отырған алауыздыққа жол бермей, ондай оқиғалар біздің әрбірімізге сабақ болу керек, экономикалық даму, тұрақты өмір тек бейбітшілік пен келісімнің арқасында ғана болатын құндылықтар, — деп атап өтті ол.
«Дөңгелек үстел» еркін форматта өтіп, әңгіме түрінде өрбіді. Түрлі салада жүрген этнос өкілдері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, бірлестіктерінде атқарылып жатқан игі істерімен де таныстырды.
«Алия» Еврей этномәдени бірлестігінің мүшесі, ҚХА ардагері – Ирина Ухова қазақ ұлтына деген сыйластық, оның тілін – мемлекеттік тілді құрметтеуден басталуы керектігін айтады.
–Өйткені қазақ тілі баршамызды топтастырып, ұйыстырып тұр. Әрі Қазақстанда өзге этностардың өз тілдерінде сөйлеп, мәдениеттерін дамытуға жағдай жасалғанын ескерсек, біздің мемлекеттік тілді білуіміз «сыйға – сый, сыраға – бал» деген сөз. Жаһанда өз елінде өмір сүрген түрлі этнос өкілдеріне дәл Қазақстандай жағдай жасаған мемлекет ілуде біреу ғана. Мұны түсінуге тиіспіз. Бұл әсте де өзгені төмендетіп, қазақты асқақтату емес. Шырылдаған шындықты айтып, сыйластықты қалыптастыру, теңдікті айғақтай отырып, бірлікті терең ұғуға ұмтылдыру. Мұның жаршысы алдымен ҚХА мүшелері болса, нұр үстіне нұр. Яғни, ұлттық қасиетті қадірлеп, құрметтей отырып, әр тасында тарихтың таңбасы бар қазақ елін танып, туған Отанымызға деген сүйіспеншілікті арттырып, патриоттық сезімді жастар бойына дарыта қалыптастыра білсек, ұтарымыз көп болмақ. Қазақтың мемлекет құраушы ұлт екенін қазақ қана сезініп қоймай, бүкіл Қазақстан тұрғындары шын ниетпен шегіншектемей мойындап, бірлікте білікті де пайдалы істер атқарып, қазақ ұлтының төңірегіне топтассақ, рухани мәртебеміздің тұғыры биіктейді, сыйластығымыз шырқау биікке самғайды, — деп үн тастады.
Шара кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапсүйер қауымның көңіл көкжиегін кеңейтті.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ