Жарнама
Қоғам

ДОСТЫҚ ПЕН БІРЛІКТІ ТУ ЕТКЕН ЕЛІМНІҢ «БАТЫС ҚАҚПАСЫ»

БАЛЫҒЫ ТАУДАЙ ТУЛАҒАН

1921 жылы РСФСР Халық Комиссарлар кеңесінің декретімен балық өнеркәсібін дамыту қолға алынады. Сөйтіп, 1920 жылдардың басы, ортасына таман ауданда балық шаруашылығында өндірістік – кооперативтік серіктестіктер, ауыл шаруашылығында «Қосшы» одағы және жерді өңдеу серіктестіктері (ТОЗ) құрыла бастайды. 1930 жылы «Путь к социализму», «Қызыл таң», балық ұжымшарлары ұйымдастырылса, сәл кейінірек «Новая жизнь», «Комсомол жолы», «Красный моряк», «Төңкеріс», «Қазақстан», «Тұңғыш», «Алға» тағы басқа балық шаруашылығы ұжымдары құрылды.
Ауыл шаруашылығымен айналысатын ұжымшарлардың арасында К.Маркс атындағы, «Жаңа жол», «Жаңа тұрмыс», «Андреев», «Калинин», «Красный каспий», «Красная армия», «Лазо», «Қызыл ту», «Новая жизнь», «Панфилов», «Екпінді құрылыс», «Еңбекші» және де басқа барлығы 50-ге жуық шаруашылық балық аулап, егін егіп, мал бағумен айналысты.
1931 жылдың 6 қаңтарында ауданның бірнеше кеңестері Новобогат ауданына қосылады. 1938 жылға дейін Гурьев округ болып тұрған кезде біздің аудан Батыс Қазақстан облысының құрамында болды. 1952 жылы ауданымыз Орда және Жаңа қала аудандарының 12 ұжымшары орналасқан жерін алу арқылы ірілендірілді.

ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУҒАНДА

Бүкіл Кеңес Одағының халқы сияқты ауданымыздың да 6000-ға жуық азаматы қолына қару алып қан майданға аттанды. Солардың тең жартысына жуығы туған жерге оралмады. Біразы қол, аяғын, көзін ұрыс даласында қалдырды. Бірақ жеңімпаз болып қайтты. Солардың ішінде Мұқат Мұсайов, Александр Афанасьев, Филипп Мазуров, «Кеңес Одағының Батыры» атанса, Ғизат Әліпов «Даңқ» орденінің толық иегері болды. Қазақтан шыққан алғашқы ұшқыш қыз Хиуаз Доспановаға Халық Қаһарманы атағы берілді. Жүздеген жерлестеріміздің омырауларында ерен ерліктің айғағындай орден, медальдар жарқырады. А.Нұрғалиев, Б.Нұрымов, З.Сариев, З.Қызылбасов, Ж.Сыналбеков, С.Көшекбаев, Ж.Сейтеков, Е.Жұмағалиев, И.Плехановтар жауынгерлік Қызыл Ту орденімен, А.Жұмахметов, В.Лялин, С.Жанкеев, М.Дощанов, Х.Жаудин, И.Нұрғалиев, Х.Сариев, В.Хохлов, В.Серин, Б.Құрманбаев, О.Қараменов Қызыл жұлдыз орденімен, А.И.Григорьев, М.Набиев, Қ.Сыдықовтар, ІІ-ші және ІІІ-ші дәрежелі «Даңқ» орденімен, М.Тауышов екі мәрте І-ші, 2 рет ІІ-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Ш.Әбішов, І-ІІ-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, мыңдаған жауынгер «Ерлігі үшін» басқа да медальдармен марапатталды.
Ер-азаматтармен қатар майданда ерлік үлгісін біздің әжелеріміз де көрсете білген. Аудан өзінің батыр қыздары Х.Манаева, В.Шамханова, Т.Тумина, М.Зорманова – Жаудина, М.Шынтемірова, Ә.Димұқашеваларды және басқаларын үнемі мақтан тұтады.
Азаматтар Отанымызды жаудан қорғап, жарты Еуропаны фашистерден азат етіп, Жеңіс туын Рейхстагта желбіреткенде ауылда қалған жас пен кәрі, арнайы «броньмен» жұмыс жасағандар да «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деген ұранмен күні-түні тыным таппай еңбек етіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға мол үлес қосты. Балықшылар жыл бойы балық аулап, майданға қара уылдырық, балық, балық майын, малшылар арғымақтар, ет, жүн, сүт жіберсе, ауылдағы ақ жаулықты әжелер мен апалар жүннен шұлық, жейде, кеудешелер тоқып, сырмақ тігіп, бәрін майданға жөнелтіп отырды.
Аудан колхозшылары «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасына 2 257.000 сом қаржы жинап тапсырып, бас қолбасшыдан Алғыс хат алса, ауданымыздың пионерлері де «Қазақстан пионері» танк колоннасына 160 мың сом ақша жинады. Сол сияқты К.Маркс атындағы колхоздың басқарма төрайымы Қ.Ысқақова майданға 175 000 сом, Ботақан ауылдық кеңесінің төрайымы С.Тапалова, аудандық халық сотының төрағасы Х.Сабырғалиев 50 000 сомнан, «Қызыл ту» ұжымшарының мүшелері Ш.Қуаналиев, Ш.Молдағалиевтер әрқайсысы 75 000 сомның зайымына жазылса, балықшылар Б.Әбішевпен, Ш.Алдоңғаровтар майданға 100 кг қара уылдырық жөнелтті.
Ұлы Отан соғысында тылда ерен еңбек үлгісін көрсеткен 15 азамат – жылқышы, шопан, ферма меңгерушісі, ұжымшардың басқарма төрағасы, Социалистік Еңбек Ері атанып, «Алтын жұлдызға» ие болса, 30-ға жуық адам сол кездегі Отанның ең жоғарғы марапаты — Ленин орденімен марапатталды.

ОЛАР ЕҢБЕКТЕ
ЕРЛЕГЕНДЕР

Еңбек ерлерінің қатарына Сүйіндіктен Х.Баламұратов, С.Үмаев, А.Бисәлиев, Қ.Омаров, Ш.Тұржанов, М.Қадірғалиев, А.Таңатаров, Н.Ақынәлиев, Ж.Әспенбетов, Дыңғызылдан С.Мұхамбетқалиев, Ә.Ысмағұлов, Алғадан Ж.Мәмбеталиев, Н.Ақбетов, Х.Өтегенов, Дәшіннен Н.Нұрқанаеваны және басқаларын атауға болады. Ал, Ленин орденімен Ш.Қуанғалиев, Х.Балекин, Қ.Масов, М.Төралиева, Б.Ажығалиев, Д.Бисенова, К.Қалиев, Қ.Қалиев, С.Қасымов, Қ.Құрманғалиев, Ш.Құрмашев, Ө.Оразғалиев, Н.Хайруллин, Х.Шапихов және басқалары марапатталған еді.
Өткен ғасырдың 60 жылдарының орта жерінде «Сүйіндік» кеңшарында еділбай қойын асылдандыру жұмысы жүргізіліп, оның сүйіндіктік типі пайда болды. Осы жетістікте зоотехник-селекционерлер, малшы, басшы-қосшылардың үлесі молынан болып, ауданның абыройы асқақтады. «Сүйіндік» кеңшары асыл тұқымды қой зауыты дәрежесіне ие болып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталса, көптеген малшылар орден-медальдармен мадақталды. Асылбек Қапетов – Ленин орденімен марапатталса, Адайбек Қапетов – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Тарихқа айналған ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының басында аудан басшыларының қолдауымен ауданда құрылыс мекемесі ұйымдастырылуы күрделі құрылыстың дамып, сәулетті әлеуметтік және өндірістік нысандардың бой көтеруіне мүмкіндік берді. Бұрын көп көзге іліне бермейтін шағын ауылдарда кеңшарлар құрылып, солардың орталығына айналғаннан кейін әсем қала типтес поселкелер пайда болды. Сәнді ғимараттармен қатар жасыл желек отырғызылды. Сол 60-шы жылдардың аяғында аудандық аурухана, мәдениет үйі, балабақша сап түзеп, бой көтерген-ді.
Ауыл шаруашылығындағы қомақты жетістіктері үшін аудан 1978 жылы Бүкілодақтық, 1979 жылы Республикалық ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды. 90-шы жылдардың тоқырауында шаруашылықтар жекешеленіп, біршамасы тарап кетті. Дегенмен еліміз егемендік алып, Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін, аяқ-қолымызды жинап, өз-өзімізге келіп, әр саладағы жұмыс жүйелене бастады. Нәтижесінде қазір ауданда «Құрманғазы», «Мақаш», «Ақжонас» ӨК-і, «Сүйіндік» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданып, жаңа нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Осы саладағы жемісті еңбектері үшін олар арнайы сертификаттар алып, асыл тұқымды қой өсірілетін шаруашылықтар санатына еніп, үкіметтен едәуір қаржылай көмек – субсидия, дотация алып келеді. Жемісті еңбегінің нәтижесі деп біз «Құрманғазы» ӨК-дегі еділбай қойының ақ, қара бас түрін түйенің жаңа асыл тұқымды түрін, басқа да жетістіктерді айта аламыз.

КЕНГЕ БАЙ АЙМАҚ

Ауданның қазба байлығынан азды-көпті тұз, қиыршықтас зерттеліп, қоры анықталу үстіндегі мұнай (Бөрібайтал, Төбе арал, Көкарна т.б.), газ (Имашев) көздері бар. Барлау, бұрғылау жұмыстары алдағы уақытта осы кен орындарында қанша қазба байлықтар бар екенін нақтылайтын болады.
Ауданда білім беру ошақтары сонау XIX ғасырдың 40-шы жылдарынан бастау алады. 1840-1841 жылдары Жәңгір хан өз ордасында еліміздегі алғашқы мектеп ашты. Онда қазақ, араб, орыс тілінен басқа есеп-қисап, тарих, жағрапия сияқты пәндер оқытылды. Сол мектепте оқыған ондаған қазақ баласы ұлтымыздың, халқымыздың мақтанышына айналғаны тарихтан белгілі. Дәлелдеп айтсақ, Ресей жағрапиялық қоғамның мүшесі, белгілі ғалым, этнограф, биолог, ғылыми еңбектері үшін Ресей ғылым академиясының күміс медалімен марапатталған. Мұхамед-Салық Бабажанов, өлкені 40 жылға жуық басқарған Мақаш әкім — осы «Жәңгір» мектебінің түлектері.
Ауданда білім беру ісінің дамуына мол үлес қосқан халық ағарту саласының белсенділер қатарында Н.Манаев, Ә.Қасымов, Қ.Нәубетов (қос Ленин орденін) С.Көшекбаев, Ғ.Қазбеков, Ж.Елеуов, Ж.Хасанов, Б.Есбосынов, Х.Нұралин, Х.Сақтау, Ж.Селеуов, Ә.Әйтенов, Ғ.Әлжанов, С.Сарталиев, И.А.Олинечев, Б.Жұмашов, А.М.Юнницкая, М.Мұсағалиев, Ә.Сәтеков және тағы басқа ондаған асыл азаматтар болды.
Білім беру саласындағы жемісті еңбегі үшін он шақты ұстаз КСРО оқу ісінің үздігі төсбелгісімен марапатталса, сол шамадағысы «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім» деген құрметті атаққа ие болды. Бұлар: Ж.Ниғыметов, Ж.Шәріпов, Т.Өтегенов, Ж.Тілепов, Қ.Батырбаев, Б.Құспанов, Е.А.Антонова, С.Айтмағанбетова, Ш.Нәжетов, Н.А.Солодовникова, Т.Ғабылов, И.Алданов, И.А.Оленичев сияқты азаматтар еді. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың ішінен бірнеше адам үкіметтің жоғары марапатына ие болып, орденмен мадақталды. Роза Испулаева мен Нұрғиса Ысмағұлова КССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланса мұғалім болып жұмыс жасаған 13 адам «Ауданның құрметті азаматы» атағына ие болды.
Аудан мектептерін аяқтап, сонымен білім, ғылым жолына түскен жастардың бұл күнде 30-дан астамы ғылым докторы (9-ы академик) болса, 70 шақты ғылым кандидаты ауданымыздың мақтанышына айналды.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаруына байланысты 1950-1960 жылдары шаруашылық тәсілімен бірнеше емдеу-сауықтыру орындарына жаңа ғимараттар салынса, 1970-1980 жылдары типтік жобадағы аурухана, балалар сүт кухнялары пайдалануға берілді.

ӨНЕР
ДАРЫҒАН ӨЛКЕ

Ауданымыз Құрман баба есімін тектен-текке иеленіп жүрген жоқ. Өйткені, көне заманнан бері біздің өлке өнер дарыған жер екені белгілі. Арғы-бергі тарихтан аты алты алашқа тараған Асан Қайғы, Шалкиіз, Қазтуған, Доспанбет, Құрманғазы, Қазанғап, Дәулеткерей, Сейтек, Дина, Ерғали Есжанов, Менетай күйші сияқты ақын, күйші, жыраулар Еділ-Жайық арасын жырлап өткен.
Елуінші жылдардың аяғына таман аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған драма үйірмесі тез арада беделді өнер ұжымы атағына ие болады. 1959 жылы Алматыдағы Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» драмасын сахналаған Д.Ғұмаров жетекшілік жасаған үйірме мүшелері республика көлемінде жеңімпаз деп танылып, І-ші дәрежелі дипломмен мадақталып, халық театры атағын жеңіп алды. Театрдың алғашқы қарлығаштарының қатарында өнерді жанындай сүйген жас та талантты әуесқой әртістер — А.Қаюпова, Н.Мұхамбетжанов, З.Ысмағұлов, Ш.Елеуов, М.Шәкіров, М.Баязитов, М.Таупихова, А.Қапсадықов, Х.Хамитова, М.Ғабдолова, Қ.Ғұмаров, С.Ұсақов, Қ.Ахметов, Ғ.Бердешов, Ә.Ілиясова тағы басқалары болды.
50-ші жылдардың аяғында Алматыға бұл күндері есімдері елге танымал күйшілер Әзидолла Есқалиев пен Бақыт Қарабалина аттанса, 60-шы жылдың басында белгілі әнші Биғали Әбдрахманов пен көркемсөз шебері, қазір Республикаға еңбек сіңірген қайраткер Гүлшара Есетовалар шеберліктерін шыңдау мақсатында барған еді.
1967 жылы З.Ысмағұлов жетекшілік жасаған «Киров» драма үйірмесі де «Халық театры» деген құрметті атаққа ие болады. Сол жылы Орлы ауылындағы «Калинин» ұлт-аспаптар оркестрі де «халықтық» деген атақты жеңіп алады.
Өнер мен әдебиет егіз десек, әдебиет, жазушылық, ақындық өнер де біздің өлкені айналып өткен жоқ. «Теңіз тарланы» атанған, аты аңызға айналған Әбу Сәрсенбаев – тек біздің ауданның емес, күллі қазақтың мақтанышы. Кәрі Каспий мен кербез Қиғашты, кең-байтақ Қазақ елін 80 жыл жырлап өткен абыз ақынды аудан тұрғындары ерекше құрмет тұтып қастерлейді. Ал, Жұмекен Нәжімеденов болса, ол ұлттың сиволы іспетті, «Жұмбақ» ақыннан «Жұлдыз» ақынға айналған, жар салып жырлауға тұратын алып тұлға. Өйткені ол — мемлекетіміздің Әнұранының авторларының бірі. Жұмекен әлемі әлі толық ашылып болмаған, терең зерттеулерді қажет ететін тұңғиық деп айта аламыз. Алда «Жұмекен тану» мектебі, оны ұғыну, сезіну кезеңдері тұр деген ойдамын.
Әдебиет әлеміндегі тағы бір заңғар тұлғалардың бірі – Зейнолла Серікқали. Қазақ әдеби сынының көшбасшысы. Тағылымы терең, тұжырымы түйінді, ой толғамы кең, пікірі пайымды, ұсынысы ұстамды – қазақ әдебиетіндегі орны айрықша деп айтуға толық негіз бар. Оны әдебиетші қауым толығымен мойындаған. «Дені саудың – жаны сау» деп халық бекер айтпаған. Спортпен дене шынықтырумен айналысқан жан, тек денсаулығын күтіп қоймайды, сонымен қатар ауыл, ауданнан, қала берді облыс, еліміздің атын шартарапқа таратады, намысты қорғап, мәртебемізді биіктетеді. Бұл орайда ауданның атын Қазақстанға таратқан бірнеше дүркін республика чемпионы атанған, халықаралық сайыстарда топ жарған палуандар Жөрес Ысқақов, Сәбит Сатыбалдиевпен, жаттықтырушы әрі белді спортшы Әдебиет Құраловпен, самбо мен дзюдодан жастар арасында әлем жеңімпазы, ересектер арасында күміс жүлдегер атанған Арсен Хатиптермен мақтанамыз.

ЕСТЕН КЕТПЕС
ЕҢСЕЛІ ЖЫЛДАР

85 жылдық тарихымызды, ауданның осы жылдағы өсу, кемелдену жолдарын бір мезетте баяндап, ой елегінен өткізу мүмкін емес. Сондықтан, мен басты-басты деген кезеңдер мен бағыттарды, маңызды деген салаларды шағындап ашуға жұмыстандым. Осы бір тарих үшін қас қағым сәт аудан үшін ала-құласы көп, ақтаңдағы да жоқ емес бел-белестерден тұрса, көш-керуенді, үлкен аймақты кімдер басқарды? Олардың ел, жер, аудан тарихындағы орны қандай дер болсақ тағы бір тарих парағын ашуға тура келеді.
Аудан құрылғаннан бері аудандағы бірінші басшы болып Әмір Бақыраев, Петр Орехов, Михайл Тарасов, Өтешқали Есмағамбетов, Рафаэль Ахметов, Сағынтай Тұрғанбаев, Мазан Халелов, Бақтыгерей Ахметқалиев, Құмар Темірташев, Ғазиз Алдамжаров, Мәлік Еркеғұлов, Болат Сапуанов, Әнес Бисенов, Болат Құрманбаев, Асқар Мұфтах, Рысқали Сисатов, Әлібек Нәутиев, Серік Аманғалиев, Аманжан Тәкешев, Серік Арыстанов сияқты азаматтар ел басқарды. Аудандық атқару комитеттерінің төрағалары болып Айсин, Өтеп Орынғалиев, Қалқан Төрешов, Есқабыл Сүтенов, Яков Каймашников, Әбілқайыр Шынтеміров, Нұрғали Мыңбаев, Миллят Сабырова, Мұхан Нәзіров, Арон Өтеуов, Айдын Оңайбаев, Темір Өтепов, Петр Сутырин, Ғизатолла Мүрсәлиев (кеңес төрағасы), Владимир Башмаковтар қызмет атқарды. Халқының сенімін ақтаған қиын-қыстау кезеңде де, жетілу, даму сатыларында да биіктен көріне білген іскер де талапшыл, батыл да алғыр басшылардың барлығына айтар алғысымыз шексіз. Ешқайсысын да бөле-жара айтқымыз келмейді. Сондай-ақ Бақтыгерей Ахметқалиев, Құмар Темірташев, Ғазиз Алдамжаровтардың есімдері елеулі еңбектерінің нәтижесінде «ол азаматтар мынадай іс тындырып еді» деген жылы лебіздер әлі күнге дейін айтылып келеді. Елі, халықтың сый-құрметіне бөлену деген осы болса керек. Сол сияқты біздің ауданымыздан түлеп ұшып, көршілес аудандарда басшы, лауазымды жұмыстарды абыроймен атқарған, ауданымыздың мерейін тасытқан Дүйсенғали Төленовті, Зұлпыхар Сүйінішевті, Рысқали Сисатовты құрманғазылықтар қадір тұтады.
Құрманғазы ауданының жаңа әкімі Амангелді Барақатов келгелі де ауыл шаруашылығы ауданы өркендеу үрдісінен жаңылған емес. Өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 50 515 басқа жетіп, 104,8 пайызға, қой мен ешкі 218710 басқа жетіп, 104,6 пайызға, жылқы 15516 басқа жетіп, 104,5 пайызға өсті. Жарты жылда 4559 тонна ет өндіріліп, 100 пайызға, ал 6272,3 тонна сүт өндіріліп, 100,8 пайызға орындалды.
Егістік алқаптары жылдағыдан еселеп өсіп, 239,8 гектарға көкөніс, 60 гектарға бақша және 189 гектарға картоп егіліп, қазірдің өзінде аудан базары өз өнімдерімізбен толықты.

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ — ӨНДІРІСКЕ

Биылғы көктемде 2307 тонна балық ауланып, былтырғы жылмен салыстырғанда 99,3 пайызды құрады. «Каспий-Балық» өндірістік кооперативінің ысталған, тұздалып-кептірілген, вакуумдағы қорапқа салынған, құтыдағы шортан икрасы, фарш түріндегі, т.б. өнімдері әлемдік стандартқа сай келіп, алыс-жақын шет елдерге шығарылуда.
2013 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын кәсіпкерлер саны 1967-ге жетіп, 244 бірлікке өсті. Оларда жұмыс жасайтындар саны 4307-ге жетіп, 237 адамға көбейді. Шағын кәсіпкерлік нысандарына мемлекет иелігіндегі 92 нысан жалға, 28 нысан сенімді басқаруға берілді. Тек биылғы жарты жылдың өзінде 351 жаңа жұмыс орны ашылып, 98 адам тұрақты, 280 адам маусымдық жұмыстарға орналасты. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 50 адам кәсіби мамандықтарға оқытылуда.
Аудан көлемінде жұмыс орындарына жүргізілген жәрмеңкенің арқасында 71 адам Шортанбай балық зауытына, 60 адам «Ерлан» кірпіш зауытына орналасты. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына сай 52 жас маман аудан өңіріне әртүрлі жұмыс орындарына жіберілді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының ІІ-бағыты бойынша кәсіпкерлікті дамытуға 91028,0 мың теңге несие бөлініп, ол 40 адамға беріліп, толықтай игерілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар 34 отбасыға, 160 адамға азая түсті.
Ауданда білім сапасы 49,9 пайызды құрап, өткен есепті кезеңмен салыстырғанда 4 пайызға өсті. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету 48,2 пайызды құрады, өткен оқу жылымен салыстырғанда 18,7 пайызға көп.

ТҰРҒЫН
ҮЙМЕН ҚАМТУ –
АЛҒЫ КЕЗЕКТЕ

Тұрғындардың жеке инвестициялары арқылы 3973 шаршы метр құрайтын 35 тұрғын үй қабылданды. Шағын және орта бизнес субъектілеріне қарасты 1683,6 шаршы метр құрайтын әртүрлі нысандар іске беріліп, аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2628,0 млн. теңге болды. Аудан бойынша 8 елді мекенде шағын футбол алаңдарының және жеңіл конструкциялы төрт кешендерінің құрылыс жұмыстары аяқталып бола келді.
«Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында жоспарлы қаражаттар игерілуде. Күні бүгін 11 елді мекенде су жүйелері, құрылыс жұмыстары жүргізілу үстінде. 2013 жылға осы жұмыстар үшін 1101542,0 мың теңге қаржы бөлінді.
Коммуналдық жүйеге 120,5 млн. қаржы көзі қарастырылып, эксковатор, автогрейдер және басқа да техникалар сатып алынды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 44 млн. 790 мың теңге қаржы игерілуде.
Салық және бюджет саясаты бойынша да табысты жұмыстар жүргізілуде. Аудан бюджетінің 294665,0 мың жоспары нақты 606529,0 мың теңге болып орындалды немесе 205,8 пайызды құрады. Шығыс бөлігі 99,1 пайызға игерілді.
Өзінің 85 жыл ғұмырында заманның талай теперішін бастан өткізген Құрманғазы ауданы көпұлтты халықтың ауызбірлігі арқасында, Ресейдей алып көршісімен өзара тиімді қарым-қатынасты нығайта отырып, Тәуелсіздіктің биік мұраттары жолындағы қол жеткен игі нәтижелерін одан әрі жалғастыра түсетін болады. Бабалар аманатын иығына теңдеп, санасынан шығармаған бүгінгі ұрпақтарының ұранды үні осындай.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button