Жарнама
Қоғам

Доссордың түлегі

(Мұнайшы,   ғалым,  қоғам  қайраткері  Мағауия  Тәжіғараұлы  Шырдабаев  туралы  сыр-сұхбат)

%d0%b4%d0%be%d1%81%d1%81%d0%be%d1%80%d0%b4%d1%8b%d2%a3-%d1%82%d2%af%d0%bb%d0%b5%d0%b3%d1%96

Бәрі де күні кешегідей болатын. Өткен ғасырдың басында Орал-Каспий мұнай қоғамында, Нобельдің қарауында мұнай құбырының ораушысы, Ракөш мұнай зауытының жөндеушісі болып еңбек жолын бастаған өрімдей жеті ағайынды Шырдабаевтар ұрпақтарына еңбек ете жүріп білім алуды үйретті. Дүниедегі бақыт та, барлық та еңбекпен келетінін санасына тоқыған Тәжіғара алғаш ағаларына еріп,  жөндеушілік іске араласқанда бар болғаны он екі жаста еді. Баймолда ағасы жетектеп жүріп орыс достарының қасына апарды, шеберлік пен ұқыптылықтың, сабырлылықтың сан қырын санасына сіңірді. Есін біліп, оң-солын таныған шағында ел басына төнген сұрапыл соғысқа өзі сұранып, майданға  аттанды.

Ұлы Отан соғысындағы  оқ пен оттың ортасынан оралған әке бас көтерген ұлдарынан бастап бәрін сан қилы өмір соқпағына тәрбиелейтін ұжымда еңбек етуге, еңбек ете жүріп, оқып білім алуға баулыды.

Мағауия да қаймыққан жоқ, орыс, украин, беларусь достарымен қатар жүріп еңбек етті, оқыды, үйренді, білімді жұмысшы болуды мақсат тұтты. Әке ұлдарын қазақы ұлттық тәрбие мен дәстүрге тәрбиеледі. Сөйтіп, Мағауия Тәжіғараұлы да жұмысшы станогінде күндіз еңбек етті, кешке мектепте оқыды. Сосын Жамбыл мелиоративтік-құрылыс институтында инженер-механик мамандығы бойынша білім  алды.

Жоғары білімді маман ретінде зауыттан алған мол тәжірибені «Өзенмұнай»  өндірістік бірлестігінде оператор болып бастады. Кейін жұмысын «Ембімұнай» бірлестігіне қарасты Балықшы барлау-бұрғылау басқармасында  жалғастырды.

Ол өзін Еділ мен Жайық, Прорваға, Ақтөбедегі Кеңқияққа дейінгі өндірістік бірлестіктерге барлау-бұрғылау құрал-жабдықтарын жөндеу және прокаттау жұмыстарының іскер ұйымдастырушысы ретінде көрсете білді. Бұрғылау құрал-жабдықтарының жүйелі жұмыс істеуіне жергілікті жағдайға лайықталған тиімді жұмыстарды пайдаланды. Зауыттан алған мол тәжірибенің арқасында кез келген құрал-жабдықтардың істен шыққан сәтінде тез жөндеуден өткізудің тәсілдерін өндіріске енгізіп отырды. Осындай ұйымдастырушылық қабілетін таныған өндірістің басшылары 1976 жылы Жылыой ауданы аймағындағы жұмысын Прибрежное, Тәжіғали, Солтүстік Қолтық, Теңіз барлау алаңдарына түгелдей жұмылдырылған Балықшы барлау-бұрғылау басқармасында өндірістік қамсыздандыру базасының бастығы қызметіне тағайындады. Қарамағында үш жүздей адамнан  құрылған өндірістік  базада  механикалық, электрмонтаждау, бақылау-өлшеу құрылғылары, автоматика цехтары мен саз ерітінділері зертханасы, бумен жабдықтау цехы сияқты өндірістік учаскелерден тұратын үлкен ұжымды басқарды.

Мағауия Тәжіғараұлы 1978 жылы кеңестік мұнайшы-геологтар қатарында дамушы елдерге техникалық көмек көрсету мақсатында Ауғанстанға іссапарға бір топ мамандармен бірге аттанды. Одақтың әр түкпірінен келген әріптестермен бірге жұмыс істеді, танысты, тәжірибе алмасты.

Бұл бір өзгеше ой-толғаныс сыйлаған сапарда Мағауия өмірдің қиындығына, қоғамдық дамудың, кедейліктің не екеніне көзі жетті. Ғасырлар бойы егіншілікпен айналысып, оқымай, дамымай қалған елдің жастарын көзімен көріп, әңгімелескенде жүрегі ауырды, жаны жараланды. Мағауия мен Күләш Ауған сапарына балаларымен бірге кетіп, бірге келді. Балалары сол жерде оқуды бастады.

Ауған сапары,  әрине, оңай болған жоқ. Талай сұрапыл күндер санада өшпес  ізін қалдырды. Дегенмен, Ауған сапарынан оралған бойда Мәскеудің Губкин атындағы мұнай-газ және химия өнеркәсібі институтында оқып, білімін жетілдірді. Екінші мамандық иесі атанды. Оған тоқмейілсімей, іздене жүріп жазды, жазғандарын орталық басылымдарда жарыққа шығарды. Сөйтіп  1996 жылы «Нарықтық қатынас жағдайындағы мұнай-газ кешенін құру және жұмыс істеу түрлері» деген тақырыпта экономика ғылымдарының кандидаттығына диссертациясын сәтті қорғап шықты.

1981 жылы шетелден іссапардан келгеннен кейін де «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінде Каспий маңы бұрғылау жұмыстары басқармасына прокаттық-жөндеу цехы базасында жаңа кәсіпорынды – өндірістік қамсыздандыру базасын ашу үшін жіберілді. Жаңа бастамаларды енгізу арқылы сол кездегі Одақтың мұнай министрлігіне үлгі боларлық жаңа база өркен жайды. Жаңа кәсіпорын  нысаны Атыраудағы «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің аймағынан белгіленді. Кейін тоқсаныншы  жылдары өндірістік бірлестікті қайта құру, жекешелендіру жұмыстары жалғасты. «Жігермұнайсервис» ЖШС-де Қазақстанда тұңғыш терең бұрғылау қондырғысы құрастырылып,  іске қосылды.

1984 жылы Мағауия Тәжіғараұлы КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен «Ембімұнай» өндірістік бірлестігі бас директорының материалдық-техникалық, көліктік қамтамасыз ету және шет елдермен экономикалық байланыс жөніндегі мәселелерін басқаратын орынбасарлығына бекітілді. Құрамында 27 өндіріс орны бар «Ембімұнай» өндірістік бірлестігі теңгерілімінде  41 кен орны болды. Олардың пайдалану қоры 3050 ұңғымадан тұрды.

Мағауияның әлі күнге дейін ұмытылмаған оқиғасы – Теңіз-37 ұңғымасындағы атқылама. Ұңғыманың 399 күн бойы жанғаны, мұнай-газ бұрқағын өшіру кезінде тізе қоса, күні-түні бірлесе еңбек еткен азаматтарды, олардың өшпестей ерліктерін келешек тарих қалайша мәңгі қалдыруға болар екен деп толғанады. «Бұл туралы «Аты шулы Теңіз-37» кітабында жазылды. Бірақ, қарапайым мұнайшылардың еңбек жолы, ерлігі әлі де кеңірек насихатталуы керек. Олардың өмір деректерін ертеңгі ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз», — дейді  Мәкең.

Кеңестік қоғамға қайта құрудың жаңа лебі келді. Біз естімеген, бірақ, дамыған елдер әлдеқашан пайдасын көріп, дамуына, өркендеуіне себепші болған біріккен кәсіпорын «шетелдік инвестордың көмегі»  деген жаңа атау пайда болды. Қазақстанда тұңғыш рет 1991 жылы Оңтүстік Қамыскөл кен орнында «Ембаведойл» біріккен мұнай өндіру кәсіпорнын құру жөнінде бастама көтеріп, елімізде тұңғыш отау тіккен біріккен кәсіпорынның бас директорлығына тағайындалды.

Содан бері де тынымсыз ізденіс, күндіз-түні толғаныс. Талай қиын  түйінді бірлесіп шешуде, қаржының тапшылығы қолбайлау болған сәттерде өзінің қасынан Серік Сәрсенұлындай табанды, білгір мамандар, Ыбырайдай жас өрендер табылып, олардың  қолдауымен талай асулардан асты.

Тәуелсіздіктің құрдасы «Ембіведойл» кәсіпорнына міне, биыл 25 жыл толып отыр. Бірде етік киіп алып өндірістің басында мұнайшы операторлармен бірге жүрсе, енді бірде облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өзіне  сенім артқан сайлаушылардың мұң-мұқтажына жанашыр болып, биік мінберден халқының қамын жеп, әлеуметтік жағдайын айтып тұрады.

Губкин атындағы Ресей мемлекеттік университетінде «Қазақстан Республикасы, Атырау облысындағы мұнай-газ өндіру өнеркәсібін жеке капитал тарту негізінде дамытудың стратегиялық бағыттары» атты докторлық диссертациясын қорғауы – қажырлы еңбегінің жемісі деуге болады.

2000 жылдардың басында М.Шырдабаев Атырау қаласының әртүрлі мамандықтардың ғалымдарын облыстағы ең өзекті мәселе – экология мәселесімен айналысуға бірлесуге бастамашы болды.

Ғылыми-техникалық және қоғамдық саладағы еңбегін мойындау мен бағалау оны Экология және тіршілік қауіпсіздігі ғылымының Халықаралық академиясының академигі (ЭТҒХА) және Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының академигі етіп сайлау, ЭТҒХА Бангкок қаласындағы және Вена қаласындағы  Экономикалық және Әлеуметтік БҰҰ комиссиясының төрағасы етіп тағайындауы, үш рет қатарынан депутат және Атырау облыстық мәслихатының экология және аграрлық мәселелер, кәсіпкерлікті дамыту, экономика, бюджет, қаржы бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы етіп тағайындаудан көрініс тапты.

Мағауия Тәжіғараұлы – үлгілі жанұяның иесі. Жұбайы – Күләш Дінішқызымен екі ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы – Жақсен, Мәскеудің И.Губкин атындағы мұнай және газ академиясын бітірген, АҚШ-та магистрлік ғылыми атақ алып, Гарвард бизнес мектебінен тәлім алды. Қазір бизнес саласында еңбек етеді. Кіші ұлы – Марат, АҚШ-тың Бостон университетін бітіріп, шет елде жұмыс істеп келді. Немерелері де шет елде оқиды.

Иә, мұнайшылар әулетінің өкілі, Атырау өңірінің белді азаматтарының бірі – Мағауия Тәжіғараұлы бүгінде 70 жасқа толып отыр. Осындай ерен еңбектің иесін қоғамдық ұйымдар, жоғары басшылық елеусіз қалдырған жоқ. 2001 жылы «Құрмет» ордені, 2014 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Бірнеше медальдары мен 2003 жылы «Қазақстан Республикасының жер қойнауының Құрметті барлаушысы» атағы, 2004 жылы «Ғылым жұлдызы» ордені, «Ғылымға еңбегі сіңген қайраткер» құрметті атағы, Атырау облысы, Мақат, Жылыой аудандарының Құрметті азаматы, 2006 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хаты, «Қауіпсіздік, Ар, Даңқ» ордені, «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері» құрметті атағы, «Ауған соғысының ардагері», «Әскери іс-қимылдар ардагері»  медальдарын, М.В.Ломоносов атындағы ЭТҒХА медалін, 2011 жылы Республикалық өнертапқыштар конкурсында «Шапағат – 2011» сыйлығын, 2012 жылы «Адамгершілігі үшін» орденін, т.б. көптеген төсбелгілерді өңіріне  тақты.

Мағауия Тәжіғараұлы істің адамы, көп сөйлемейді, тыңдағанды, байыпты ойлағанды жақсы көреді. Мақтанбайды. Мақтағандарға күдіктене қарайды. Себебі, ол Абайды оқып, жасынан жаттап өсті.

Ендеше, замандасымыз Мәкеңді мерейлі жасқа шығуымен шын жүректен құттықтап, «Туған жердің төскейін гүлдендіруге жұмыстанған қадамыңыз оң, мәртебеңіз биік болсын, абыройлы еңбек етуіңізге тілектеспіз!» — дейік.

Жеңіс  АРОНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button