Айбынды армия қалай қалыптасты?

ed8e34cb c6f4 4a94 ab95 e412c725fb43 Қоғам

Айбынды армия бір күнде құрылмағаны белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекет аумағындағы бұрынғы әскери базаларды сақтап қалу маңызды болды. Содан кейін техника жаңаланып, әрбір бөлім жасақталды. Мемлекеттің қорғаныс шебін заңдастыратын Әскери доктрина қабылданып, халықаралық деңгейдегі жиындарға қатысуға мүмкіндік туды.

Бүгінде сол естелікті санасында жаңғыртқан ардагер-полковник Сағидолла Рысқалиев Қарулы Күштердің қалыптасу тарихынан сыр шертті. Оның айтуынша, кеңес одағы ыдыраған бойда республикалар өзінің әскери құрылымын жасақтау қамына кірісті. Он бес одақтас елді «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстаған» орталықтың ыдырауы қайсысына да жеңіл соқпады. Басты міндет – қолда барды сақтап қалу жұмысын оңтайлы ұйымдастыру. Сол кезде бөтен мемлекетте әскери борышын атқарып жүрген жастар елге қайтып, өзгерістер легі басталып кетті. Алдымен, Президент Жарлығымен  1992 жылдың 7  мамырында Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Қорғаныс министрі болып қазақтың батыр ұлдарының бірі, соғыс ардагері, сол кездегі генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалған еді.

994ad51d a6f4 456a a5cf bf31b8a32cd6

– Иә, Ресей, Украина, Беларусь, басқа да шетелден келген білікті мамандар елдеріне кетті. Осы тұста Қазақстан әлемдік жойқын қарудан бас тарта отырып, қуатты мемлекеттердің қауіпсіздік кепілдіктерін алды. Республика басшылығы тез арада кадрлар даярлауды іске асырды. Орталық Азия округіне қарасты әскери білім беру салаларының базасында көптеген болашақ маман білімін жетілдірді. Әскери біліммен қоса, ғылымға да көңіл бөлінді. Кейіннен Ресей, АҚШ, Түркияда, Қытайда да білім алатын дәрежеге жеттік, – дейді запастағы полковник Сағидолла Рысқалиұлы.

Бозбала шақтан әскери сапта жүрген С.Рысқалиев 1991 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына әскери комиссар болып тағайындалады. Ол 1977 жылы Ташкенттегі В.И.Ленин атындағы Жоғарғы жалпыәскери командалық училищесін үздік бітіріп, әскери салада қолбасшы болып та тәжірибе жинақтайды.

Бастапқы кезден бастап Қазақстан әскерін заманауи тұрғыда дамыту мәселесінде жаңа талаптар қойылғаны белгілі. Қолбасшылар әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті сақтау шараларына еліміздің белсене қатысуын қамтамасыз ету бағытына ден қойды. 1993 жылы ақпанда қабылданған Әскери доктринаға Қазақстан әскерін құру қағидаттары енгізілді. Бұл құжат әскерді заманауи тұрғыда дамытуға жол ашты.

Одан кейінгі уақытта, яғни 2000 жылғы ақпанда екінші Әскери доктрина бекітілді. Ол Қарулы Күштерді құру және реформалаудың басым бағыттарын нақтылады. Ал, 2007 жылы наурызда қабылданған Әскери доктринада өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген аймақтарда әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі дербестігін қамтамасыз ету жайы айқындалды. Нақтылай айтқанда, ел әскерінің бүгінгі деңгейге жетуі мемлекеттің қорғаныс саласын нығайтуға байланысты белгілеп берген басымдықтары мен міндеттерінің орындалуы нәтижесінде жүзеге асты.

Ардагердің айтуынша, 1991 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің құрамында жалпы саны 200 мыңдай адам болған екен.

– Алғашқы кезде, әсіресе маман мәселесін шешу қиын болды. Өйткені, өз әскерімізді жасақтау басталған кезеңде Қазақстанда қызмет етіп жүрген көптеген офицерлер әскери борыштарын ТМД-ның өзге мемлекеттерінде жалғастыруға немесе запасқа шығуға шешім қабылдады. Соның себебінен екі жарым жыл көлемінде, яғни 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарға дейін офицерлердің кету деңгейі тізімдік құрамның 89 пайызын құрады. Осыдан келіп, Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери мамандардың тапшылығы туындады. Бұл түйткілді шешу кезек күттірмейтін шаруа еді, – дейді Сағидолла Рысқалиұлы.

d57d75ea 1244 4d9c 8cfa 38c2fcc3131c

Сол себепті бар әскери оқу орындарының «экстерн әдісімен» алғашқы түлектері жетілді. Біраз әскери кафедралардың түлектері әскери қызметке шақырылды. Сонымен қоса, мерзімдік қызметтегі жоғары білімі бар сарбаздарға шұғыл курстарды оқып, офицерлік шенді (офицерское звание) алуға мүмкіндік болған. Ал, 1997 жылдан бастап кадрлық мәселелер шешіліп, ахуал тұрақтала бастады.

Бүгінде, Қарулы Күштер мен шетелдердегі әскери оқу орындарында көптеген шынайы патриот жас ұландар тәлім алып, әскери сапта офицер болып Отанға қызмет етуде.

–  Әскери бөлімдерге қарағанда, қорғаныс істері жөніндегі басқармаларда кадрлық тапшылық қатты сезіле қойған жоқ. Себебі, ол мекемелердің 70 пайызға жуық жеке құрамы орындарында қалған болатын. Ал, бұл жыл сайынғы сарбаздардың шақырылымын сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Әрине, материалдық-қамтамасыз ету бойынша кейбір жетіспеушіліктер болды. Алайда, ол сұрақтардың барлығы жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, өз шешімін тауып отыратын, – деп есіне алды облыстық қорғаныс саласын басқарған С.Рысқалиев.

2004 жылы Атырау облысының әскери комиссары болып тағайындалған Сағидолла Рысқалиұлы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы – егемендігімізді еншілеген сәттен бері қол жеткізілген ең басты табыстардың бірі» деп бағалайды. Сол қиын кезеңнен өткен ардагер офицерлер Тәуелсіз елдің төл әскерінің қалыптасуына барынша үлес қосты.

aa10214f 9441 42e9 8d9f 607d33e6e8c5

– Міне, сол жаңа заман сарбаздары – тарихтың көне дәстүрлерін сақтай отырып, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Әскери қызметшілердің әскери антқа адалдығы, Қазақстан Республикасының Президенті мен халқына мүлтіксіз қызмет етуі, батылдығы, кәсіби шеберлігі, салауатты өмір салты мен дене күшін жетілдіру қажеттілігі өзгелерден ажыратып тұрар айрықша қасиеттер болып отыр, – деп әңгімесін түйіндеді ардагер.

Тобықтай сөздің тұқ етері, осы кезеңге дейін қол жеткен жетістіктер үшін Тәуелсіздікке тәу ету парыз. Ал, Қарулы Күштерді одан әрі дамыту, заман сұранысына сай жетілдіру, әскери дайындықты арттыру, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздікті нығайту үшін Қорғаныс министрлігінің атқарып жатқан еңбегі зор.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз