Жарнама
МәдениетҚоғам

Домбырашы Нұржан ТӘЖІКЕНОВ: «Мені танытқан – «Сағыныш» күйі»

Қазақтың қоңыр домбырасын әлемге танытып жүрген талантты домбырашы Нұржан Тәжікенов туған жері Атырауға келіп, жеке концертін берді. Біз осы сәтті пайдаланып, Нұржанның өзімен сөйлесіп, алдағы жоспарларын білген едік.

«Мені танытқан – «Сағыныш» күйі»– Нұржан, гастрольдік сапарыңның көптігі сонша, бос уақытың мүлдем болмайтын секілді.
– Жылдың басында 44 гас-трольдік сапарымды жоспарлаған едім. Соның жиырмасын бір ай көлемінде аяқтай келдім. Шалғайдағы ауылдардың бәрін араладым. Иә, бір күн бос отырғым келмейді. Отыруға да уақытым жоқ. Бала күнімнен бері, әйтеуір бір іспен айналысқым келетін. Қазір де сол вокал, сахна тілі, би үйірмелерінен қалған емеспін. Құдайға шүкір, барған жерімде зал лық толы болады. Тыңдармандарымның көптігін көріп, Атырауға шабытпен оралдым
— Өнерге қалай келдің? Оқырмандарға осы жағы қызықты.
— Шыны керек, бала кезде домбыра емес, ән айтуға әуес едім. Оның үстіне анам Алмагүл Тәжікенова да әнді жақсы айтады. Өнерге деген әуестігімді байқап, мені түрлі үйірмелерге берді. Ал, әкем Біржан Тәжікенов – кәсіпкер. Өнерді қатты құрметтейді. Осындай үлкен сахналарға шығуым – әкемнің маған сенім артуы деп білемін. Негізінен аталарым танымал күйші болған жандар. Үш жасымда облыстық «Әнші балапан» байқауында жүлдегер атандым. Он жасымда Құлсарыдағы №2 балалар саз мектебіндегі домбыра үйірмесіне қатыстым. Домбыраны меңгере бастағанда ән айтуды қойдым.
— Жеке шығармашылықпен айналысу басқа, ал танымалдылыққа жұмыстану бір бөлек әңгіме. Сені танымал еткен қай туындың?
— Мені «Сағыныш» күйі танытты. Балалар үйіндегі қара көздердің сағынышын күй арқылы жеткізген едім. Қолыма түскен аз-мұз ақыма оларды қуантуға жиі барамын, торт, тәттілер апарамын. Әсерленгенім сонша, халықтың көңілінен шыққан сол күй дүниеге келді.
— Үлкен сахнаға шыққаннан бері бір домбырамен келесің бе? Әлде жиі ауыстырасың ба?
— Домбыраны жиі ауыстырамын. Сондай-ақ, ең қымбатын тапсырыспен жиі жасатып тұрамын. Осы кезге дейін бес-алты домбыра ауыстырып үлгердім. «Қара бүркіт» аталатын домбырамның бірі – 2014 жылы «Түрік vision» байқауынан бас жүлде алып келуіме себепші болды. Екінші «Қара бүркітім» – продюсерім Баян Есентаева сыйлаған күміс домбыра. Оның бағасы 6000 доллар тұрады.
— Бес жыл бойына өнерде бірге жүруге келісім-шартың бары рас па?
— Осыдан екі-үш жыл бұрын консерваторияда оқитын өнерлі қыздар мен жігіттердің күй тартысы әлеуметтік желілерде жиі жарияланып жүрді. Әнші Бағым Мұхитденова күй тартысындағы менің домбыра тартқаныма қызығыпты. Сөйтіп, ол мені іздеп келіп, 2014 жылы Астанада өтетін «Қазақ аруы» байқауында өнер көрсетуіме қолқа салды. Шоу-бизнестің бел ортасында жүрген апамыздың өтінішін бірден қабыл алдым. Сөйтіп, байқауда қазылар алқасының төрайымы болған Баян Есентаевамен таныстым. Ол кісі де менің өнеріме деген ықыласын білдірді. Тіпті, бірігіп жұмыс жасауға, яғни менің өнердегі продюсерім болуға да дайын екенін жеткізді. Бірден ұшқалақтық танытпадым. Келісімімді ай жарым уақыттан кейін бердім. Бұған дейін талай талантты елге танытып үлгерген Баян Мақсатқызы негізінен қыздармен жұмыс жасайды екен. Ұлдардан алғаш таңдауы маған түсіпті. Бекер болмас дедім. Қазір бес жыл келісім-шартқа отырып, Баян Есентаевамен бір жылдан бері жұмыс жасап жүргенім рас. Бүгінгі таңда Баян Есентаева әмбебап продюсерге айналды. Қазіргі таңда Баянның есімі өзіне қызмет ететін дәрежеге жетті деуге болады. Оның қашанда өнер үшін жанпида болып жүретін еңбекқорлығына қызыққаннан болар, ол кісімен бірге жұмыс жасағым келді. Мен де соған ұқсап, өмірде барлығына өз күшіммен жеткім келеді.
— Алға қойған жоспарларыңмен бөліссең…
— Қазір түрлі салтанатты кештердің жүргізушісімін. Актерлікке ден қойдым. Әртістік қабілетімді де сынап үлгердім. Қазақтың дарынды тұлғасы, ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы туралы түсірілген бес сериялы көркем фильмде Нұрағаның Дәулет есімді шәкіртінің рөлін сомдадым. Оның бағасын көрермендер бере жатар. «Ла-ла-лай» аталатын туындым да көпшіліктің бағасын алуда. Бұл шығарманың шумағы аспаппен келеді де, қайырмасында әннің әуезі ойнайды. Ендігі мақсатым – домбырамен халықты билету. Домбыраның үнін – эстраданың көңілді әуенімен байланыстыру. Себебі, маған дейін қазіргі эстрадада домбырамен танылған «Ұлытау» тобы, Асылбек Еңсепов бар. Өнер дамып отыруы керек. Сонда ілгерілеу болады.
— Танымал болған адамдар атағын пайдаланып, танылғанның үстіне даңқын асыруға тырысады. Ал, сен билікке ұмтыласың ба?
— Өнер жолында жүргендердің көбі атақты, даңқты, ақшалы болуды қалайды. Бірақ, халықтың өнеріңе деген махаббатын ешқашан сатып ала алмайсың. Сондықтан, үлкен құндылық – жұрттың сүйіспеншілігіне бөлену. Өз басым билікке араласқым келмейді.
— Өзің туралы өсек-аяң, алып-қашпа сөздерді қалай қабылдайсың?
— Сахнаға алғаш шығып жүргенімде өзім туралы бір ауыз сөз естісем, кәдімгідей көңіліме алып жүрдім. Ренжитінмін. Кейін мұндай қасиеттен арылу керек екенін түсіндім. Себебі, өмірдің өзі ақ пен қара түстен тұрады. Алып-қашпа әңгімеге мән берудің қажеті жоқ деп санаймын.
— Емен-жарқын әңгімеңе рахмет.

Сұхбаттасқан: Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button