Жарнама
Қоғам

«Дипломатия – кәсіп емес, өнер»

— Ең алдымен қарапайым ауылдан шыққан қазақтың қаршадай қызы Сыртқы істер министрлігіне қалай келді? Осыны айтып өтсеңіз.
— Бала кезімнен бергі арманым журналист болу еді. Мектепті үздік бітіргеннен соң арман қуып, Алматыға келдім. Сол жылы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Өндірістік практика кезінде ерекше көзге түскен болсам керек, бесінші курстың басында-ақ «Социалистік Қазақстан» газетіне жұмысқа шақырылып, еңбек жолымды бастап кеттім. Республикалық аға газетке сол кезде мүйізі қарағайдай белгілі журналистердің өзі орналаса алмай жүргенде, студент болсам да маған үлкен сенім артылғанын жауапкершілікпен түсіндім. Түске дейін оқу, түсқайта жұмыс жасай жүріп, университетті ойдағыдай «қызыл» диплломға бітірдім. Сөйтіп, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде аттай алты жылға жуық жұмыс істеппін. Осы жылдар ішінде арнаулы тілшіден Парламент тілшісі, аға тілші лауазымдарына дейін өсіп, қаламым шыңдалды.
Журналист ретінде мені халықаралық арена, әлемдік қауымдастық алдындағы Қазақстан тақырыптары қатты қызықтыратын. Әсіресе, еліміз тәуелсіздік алып, шет мемлекеттерге шығу мүмкіндігі туған шақта іссапарларға жиі барып, халықаралық тақырыптарға көптеп қалам тербеп жүрдім. Бірде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы қатысуымен өтіп жатқан баспасөз конференциясына редакция тапсырмасымен келіп отырғанымда, жаныма салиқалы киінген жігіт ағасы келіп, «сіз журналист Гүлсім Еңсеповасыз ба?» деп сұрады. Сөйтсем, ол Сыртқы істер министрлігінің баспасөз жағына жауапты қызметтегі Қайрат Исағалиев деген азамат екен. «Газеттен сіздің халықаралық тақырыптарға жазған мақалаларыңызды жиі оқып жүрміз. Сыртқы істер министрлігіне халықаралық тақырыпты жазуға икемді журналист керек болып тұр еді. Бізге қызметке келсеңіз қалай болады?» деген ұсынысын айтты.
Бұл 1993 жыл еді. Ол кезде Министр Төлеутай Сүлейменов болатын. Ол тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі болды. Сол кезде Министрдің бірінші орынбасары Қасымжомарт Тоқаев төрағалық еткен арнайы комиссия арқылы жаңа жұмысқа қабылдандым.
Шыны керек, менің Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа қабылдануымның өзі осылайша журналистиканың арқасында болды. Қызмет ауыстырғаныммен сүйікті мамандығымнан алыстамадым. Министрліктің баспасөз қызметінде дипломат лауазымында жұмыс істедім. Министрлік жанынан шығып жатқан «Дипломатия жаршысы» журналының қазақ бөлімінде редакторлық қызметті қоса атқарып отырдым. Бүгінде Сыртқы істер министрлігіндегі қызметіме жиырма жыл толып отыр екен. Сол жиырма жылда тоғыз рет министр ауысыпты. Барлық министрлермен бірге тіл табысып, жұмыс істеп келемін. Мен үшін мұның өзі үлкен мектеп, мол тәжірибе. Кейін ҚР СІМ жанындағы Дипломатиялық академияны екі жыл оқып, халықаралық қатынастар мамандығын алдым.
— Елшіліктегі жауапты жұмысыңыз нендей миссиядан басталды? Осы арқылы Қазақстанның алғашқы дипломатиялық жолы туралы айта отырсаңыз?
— 1993-1994 жылдарда Қазақстанның шетелдегі Елшіліктерінің саны қазіргіден он еседей аз болатын. Бүгінде Елшіліктер мен Бас консулдықтарды қоса алғанда мемлекетіміздің шет елдерде 82 пункті бар. Ол кезде он шақты Елшілік жаңадан ашылып жатты. Тәуелсіздік елең-алаңында Қазақстанның дипломатиялық қатынастары ірі деген елдерде енді-енді орныға бастады. Сондай мемлекеттердің бірі Германия Федеративті Республикасы еді.
Мектеп кезінен неміс тілін жақсы меңгергенім бар еді. Шетел тілін білгенім осы жерде қатты көмектесті десем, қателеспеймін. Елшілікке пресс-атташе лауазымына конкурстан өттім. Бұл 1994 жыл еді. Ол кезде Қазақстан Елшілігі Германияның Бонн қаласында болды. Осылайша министрлікке келгеніме бір жыл өткен соң, Қазақстанның Германиядағы Елшілігінде қызмет ету нәсібі бұйырды.
— Елшілікте сіздің негізгі міндеттеріңіз қандай болды?
— Елшілікті отандық және шетелдік ақпарат құралдарымен тығыз байланыстырып, Германиядағы ішкі ахуал туралы елге ақпарат беріп отыру негізгі міндетім болды. Бас редакторлардың сұрауы бойынша, «Егемен Қазақстан», «Халық» газеттеріне шағын мақалалар беріп отырдым. Елшінің сұхбаттарын ұйымдастырып, неміс газеттері «Қазақстан туралы не жазып жатыр?» деген мәселелерді өз тілімізге аударып, орталыққа жолдап отырдым.
Қазақстан мен Германия арасындағы екі жақты қарым-қатынастың ішінде мәдениет саласындағы жұмыстар да негізгі міндеттерімнің біріне кірді. Екі елдің мәдени күндері, кітапханааралық байланыс, студенттер, оқушылар алмасу, Германиядағы қазақ диаспорасымен байланыс жасау да басты міндеттерімнің бірі болды. Бұл елде сонау қиын қыстау кезеңдері Түркия арқылы Германияға өтіп кеткен қазақтар көп еді. Мюньхен, Кельн, Дюссельдорф, Франкфрут қалаларында тұратын қандастарымыздың «Қазақ қоғамы» ұйымы болды. Сол Ұйыммен тікелей жұмыс істеп, қазақ газеттерін, қазақ үнтаспаларын жеткізіп беріп отырдық. Осынау сәттердегі бауырларымыздың Қазақстанмен тікелей байланысқа шыққандарына қалай қуанғанын көрсеңіздер! Консулдығымыз арқылы олар елімізге визалар ала бастады. Тәуелсіздікке дейін ол елдегі қазақтар Ресей консулдығына жәутеңдеп келген еді. Олар қазақтарды қақпайлайтын. Қазір міне арада жиырма жыл өтті. Мұның бәрі енді ертегідегідей көрінеді. Шүкір, бүгінде ақпараттық технология мықты дамуда. Қазір барлығы скайп, интернет, ұялы телефон арқылы үнемі байланыста отырады. Ал, ол кездері ұялы телефон, ғаламтор байланысы Қазақстанға жетпеген еді ғой.
Еліміздің дипломатиялық жолы туралы сұрадыңыз ғой. Тәуелсіздік елең-алаңында еліміз енді-енді тәй-тәй басып келе жатқандықтан, әрине Елшілік саласындағы тәжірибеміздің аз болуы заңды еді. Біз Елшілік ғимаратын алудан бастап, инвестиция тарту, екі ел арасында жан-жақты байланыс орнату, парламентаралық байланыс, спорттық байланыс, студенттер алмасуда тыңнан жол салдық. Ол кезде арнайы дипломат мамандар жетіспейтін. Амалдың жоқтығынан жауапты қызметте жүрген өзге сала мамандары жұмысқа алынатын. Сонымен бірге ол кезеңде неміс тілінен орысшаға аударатындар көп болды да, немістен қазақшаға аударатындар жоқ болды. Аудармашы да болдым. Ол кезде Елшілікте біздің бірнеше қызметті қоса атқарып жүруімізге тура келді.
— Дипломатиялық қатынас өз алдына үлкен мектеп. Мемлекеттің маңызды компоненті. Ендеше, сіз дипломат ретінде еліміздің қандай мемлекеттермен байланыс орнатуына үлес қостыңыз?
— Өзіңіз айтпақшы, дипломатиялық қатынас өз алдына үлкен мектеп. Германияда қызметте жүргенімізде өзге де мемлекеттердің басын қосатын конференция, симпозиумдар көп өтетін. Сондай жерлерде әр дипломат өз мемлекеті туралы бір ауыз жылы сөз айтып қалуға тырысады.. Осындайда бір өзіңнің артыңда тұтас мемлекет тұрғанын жан-тәніңмен сезінесің. Ойдағыдай пікір айтып, Қазақстанды қорғап шығуға тырысасың. Кейін Австрия, Венгрия Республикаларында дипломат қызметтерін атқардым. Осылайша біз сол елдердің машина жасау, өнім өңдеу, пласмасса, қағаз өндіру саласындағы тәжірибелерін өз мемлекетімізге сіңіруге, аталған саладағы іскер адамдардың отандық мамандармен жүздесуіне ықпал жасадық. Елшілік жұмысының ауқымы кең ғой. Үлкен мәселелерден бастап әрбір туристің тағдыры шетте жүрген соң бізге келіп тіреледі.
— Осыдан екі жыл бұрын Астанада Ислам Ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің саммиті болып өтті. Сол кезде Қазақстан Президенті ислам әлемін күшейту, исламды өркениет өзегіне айналдыру мәселесін көтерген еді. Сол саммиттен соң ислам әлемінде қандай өзгерістер болды?
— Одан кейін де бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тапты. Өткен жылы Меккеде Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің ІV кезектен тыс Саммиті болып өтті. Аталған іс-шараға 57 мемлекеттің мемлекет, үкімет, сыртқы саяси ведомстволар басшылары қатысты.
Кезектен тыс Саммит ислам әлеміндегі қарқынды және елеулі саяси өзгерістер жағдайында ислам тілектестігін нығайтудағы айтарлықтай өзекті мәселелерді қарастыруға арналды. Оған қатысушылар Палестинадағы қазіргі жағдайды, Сирия мәселесін, Мьянмадағы мұсылмандар жағдайын, Мали өңіріндегі ахуалды талқыға салды.
Осы Саммитте сөз алған ислам елдерінің басшылары өзара үнқатысу тетіктерін нығайту, ислам қоғамдастығының ілгері дамуына жағдай жасауды қамтамасыз ету арқылы аймақтағы саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау маңыздылығын атап өткен еді.
Елбасымыздың исламды өркениет өзегіне айналдыру мәселесін көтеруі бүгінгі таңда көп жақты дипломатияда орынды тетік болып отыр. Соның нәтижесінде ислам елдеріндегі кедейшілікпен күрес, азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін дамыту, кез-келген апаттардың алдын-алу, төтенше жағдайларда гуманитарлық көмек көрсету, дағдарыстарды бейбіт жолмен шешуге бағытталған іс-шаралардың ойдағыдай жүзеге асып жатқандығын аталған саммитке қатысушылардың жоғары бағалауының өзі ислам әлемінің бірігіп жатқандығын көрсетеді.
— Елшілік ең жауапты міндет. Өйткені, елшінің артында тұтас мемлекет тағдыры жатыр. Ендеше, дипломат болу үшін нендей адамдық қасиеттер керек? Елші болуды армандайтын жастарға нендей ақыл-кеңес берер едіңіз? Cұхбатымызды осы сауалдармен қорытындыласақ.
— Дипломат – Сыртқы істер министрлігінің өз елінде, не шет елдерде дипломатиялық өкілдіктерде (елшіліктерде, миссияларда, консулдықтарда) шет мемлекеттердің өкілдерімен саяси байланыстарды жүзеге асыратын ресми лауазымды тұлға. Жақсы дипломаттың бойында парасаттылық, әдептілікпен қатар, әзілқойлық қасиеті де болуы тиіс. Іскер дипломат кез-келген әңгімелесушімен оңай тіл табысатын, өзінің шынайы екендігіне оны нандыра алатын шебер психолог болуы тиіс деп те айтып жатады.
Дипломатқа сондай-ақ, өзіндік жақсы дикция, лидерлік қасиеттер, өз пікірін дәлелді түрде жеткізе білу шеберлігі мен төтенше жағдайларда ұтымды шешім қабылдай алу талаптары да қойылып жатады. Бұдан бөлек, дипломат шет мемлекеттердің мәдениеті мен дәстүрлерін білуге, сонымен бірге шет тілдерін меңгеруге міндетті. Шыны керек, сырт көзге дипломаттың негізгі жұмысы қабылдаулар, конференциялар мен келіссөздер болып көрінгенімен, бұл елші міндетінің бір бөлігі ғана. Мұның сыртында құжаттармен жұмыс жатыр.
Сөз соңында мынаны айтқым келеді. Студент күнімде ІІ, ІІІ курстарда облыстық «Атырау» газетінен екі мәрте өндірістік практикадан өткенім бар. Сол себептен де маған бұл газет ыстық болып тұрады. Газет ұжымын өткен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Салмақты ой айтар оқырмандарыңыз көбейе бергей!
— Салиқалы сұхбатыңыз үшін бек рахмет!

Әңгімелескен:
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button