Жарнама
Қоғам

ДІНИ БІЛІМ БЕРУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ОЛ ҚАНДАЙ МАҚСАТТЫ КӨЗДЕЙДІ?

Мүфтият  ұсынған  тұжырымдаманың  жаңалығы  неде?

ҚАНДАЙ  нәтижелер  күтіледі?

Қалмахан  ЕРЖАН, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің кафедра меңгерушісі, теология ғылымының докторы:

МЕДРЕСЕНІ – КОЛЛЕДЖ ДЕҢГЕЙІНЕ!

  Тұжырымдама ислам мәдениетін, ұлттық құндылықтар жүйесін және діни білім негіздерін жүйелі түрде меңгеруге мүмкіндік беретін діни сауат ашу жолдарын сатылап көрсеткен. Тағы бір ерекшелігі, құжатта мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарынан бастап, жоғары оқу орындарында (PhD) докторантура бағдарламасын тәмамдауға дейінгі кезең қамтылады. Осы салада қызмет ететін азаматтардың бәсекеге қабілетті білім алуына, біліктілігін көтеруіне, мешіт қызметкерінен өкіл имамға дейінгі  дәрежелерді жүйелеу, тиімділігін арттыру мәселелері де көрініс тапқан.

Бүгінде мүфтиятқа қарасты мешіттер жанынан діни сауат ашу, Құран жаттау курстарының жұмыс істейтіні белгілі. Осы тетік арқылы діни білім жүйесінің базалық буыны қалыптасатындығын атап өту керек. Демек, тұжырымдама мешіттердің ғибадат үйі ғана емес, сауат ашу орталығы ретіндегі ролін де көтереді.

  Медреселердің оқыту жоспарына мемлекеттік стандартқа сәйкес зайырлы пәндер енгізілген. Және де медресе өз бітірушілеріне «Исламтанушы» мамандығы бойынша, «Имам Хатиб», «Ислам негіздерінің мұғалімі» біліктілігін куәландыратын техникалық және кәсіптік орта білімі туралы мемлекеттік үлгідегі диплом береді.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанда исламтану ғылымын академиялық деңгейде зерттейтін отандық ғалымдардың ортасын ұйымдастыру, шетелдік діни университеттерге отандық діни ағартушы ұстаздарды білімін жетілдіру курстарына жіберу мәселелері қамтылған. Нәтижесінде тиімді жұмыс істейтін білім берудің қазақстандық моделі құрылып, Қазақстанның бүгінгі Ислам әлемінде лайықты орын алуына мүмкіндік беретін діни білім беру мен кадр даярлаудың сапалы деңгейіне қол жеткізетініміз айқын.

 

Айнұр  ӘБДІРАСЫЛҚЫЗЫ, Мәдениет  және  спорт  министрлігі Дін  істері  комитетінің  орталық  директоры:

МАМАНДЫҚТАР АЯСЫ КЕҢЕЙТІЛСЕ…

  Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің  орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар. Бірыңғай рухани-мәдени кеңістікте өмір сүрген Орталық Азияда медреселер жүйесі ерекше қарқынмен дамыды. Ортағасырлық жазба мәліметтерде бір ғана Баласағұн қаласында 40 мешіт, 20 медресе болғаны айтылады. Мұның барлығы тұжырымдаманың тәжірибелерге сүйеніп дайындалғандығын көрсетеді.  

  Құран қариларын дайындау орталықтарының, имамдардың білім жетілдіру институтының мақсат-міндеттері де тұжырымдамада толық мазмұндалған. «Нұр-Мүбарак» университетін білім беру тұрғысынан жетілдіріп қана қоймай, отандық ислами білім мекемелерінің әдістемелік орталығына және исламтану ғылымын академиялық деңгейде зерттейтін ғылыми ортаға айналдыру да тұжырымдамада көзделген.

Ендігі кезекте діни білім жүйесіне педагогика мен психологияға, бастауыш және орта білім беру әдістемесіне қатысты пәндер енгізілсе деген ұсынысым  бар. Бұл мүмкіндік мамандықтар аясын кеңітіп, «араб тілі мұғалімі», «бастауыш сыныптар мұғалімі» секілді мамандықтар қалыптастыруға негіз қалар еді.

 

Сұлтанмұрат  АБЖАЛОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің дінтану кафедрасының  меңгерушісі:

ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ӨРЛЕУ БАСТАУЫ

  Ислами білім берудің мақсаты – азаматтардың діни сауаттылығын көтеру, өз дінінің практикалық міндеттерін орындауға баулу. Күтілетін нәтижелерге келсек, біріншіден, тұжырымдама діни білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Екіншіден, ислами білім беру ошақтарының бәсекеге қабілеттілігіне жол ашады. Сол арқылы  азаматтардың  шет елде діни білім алуы біртіндеп шектеледі. Үшіншіден, медреселерді колледж деңгейіне көтеру бастамасы өте орынды. Төртіншіден, тұжырымдама аясында имамдардың білімі мен беделін көтеру де мәселе етіп қойылған. Өйткені, бүгінгі идеологиялық күрес алаңында жеңіліс таппас үшін дәстүрлі дін қызметкерлерінің біліктілігі жоғары деңгейде болуы тиіс. Бесіншіден, ел аумағындағы мешіттерді білімді, білікті, дипломы бар мамандармен қамтамасыз ету. Бұл – өте қажет, әрі өзекті мәселе.

  Түйіндеп айтқанда, діни білім беру жүйесінің қазақы ұлттық-мұсылмандық дүниетанымға негізделуіне жол ашу үшін Ханафи мәзһабының дәріптелуі маңызды. Әрі тұжырымдама діни саланың замана көшінен қалып қоймауын қамтамасыз етуі тиіс.

Жазып  алған:  Баян  АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button