
Қоғам
Діндер көшбасшыларының съезі рухани дипломатияға зор ықпал етеді – Президент
Бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Cъезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ басшылығына ризашылығын білдірді, — деп хабарлайды kazinform.kz.
Мемлекет басшысы съезге құрметті қонақ ретінде қатысып отырған БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиносқа алғысын айтты. Бұған қоса, форум аясында өтетін діни нысандар мен символарды қорғау жөніндегі арнайы сессияның делегаттарына, Жас діни көшбасшылардың ІІ форумына қатысатын сарапшыларға ризашылығын білдірді.
- Мұндай іс-шаралар рухани дипломатия саласындағы сабақтастықты сақтауға зор ықпал ететіні сөзсіз. Дінаралық диалогтың маңызы туралы сөз болғанда, марқұм Рим Папасы Франциск туралы айтпай кетуге болмайды. Ол 2022 жылы Астанаға арнайы келіп, дін көшбасшыларының жетінші съезіне қатысқан еді. Бұл оқиға форумның жаһандық маңызын арттыра түскені анық. Съез жұмысына қолдау білдіргені үшін қасиетті Рим Папасы XIV Леоға шынайы ризашылық білдіреміз. Біз оның дінаралық келісімді нығайту жолындағы бастамаларына зор үмітпен қараймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VIII Cъезінің жұмысы басталды.
Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуал аса күрделі екенін айтып, әлемдік діндер көшбасшыларының съезіне келген меймандарды ашық пікір алмасуға шақырды.