Жарнама
Қоғам

Дін өкілдері біліктілігін арттырды

Атырау қаласында дін саласының мамандарына арналған үш күндік оқыту курсы басталды. Бұл іс-шараны облыстық дін істері басқармасының қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» қоғамдық қоры және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облыстық филиалы ұйымдастырды.

–«Өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі дін саласы мамандарының рөлі» тақырыбын арқау еткен курс сала қызметкерлерінің заманауи білім мен дағдыны меңгеруіне бағытталған маңызды алаң. Бағдарлама аясында қатысушылар қоғаммен тиімді коммуникация орнату, жаңа медиа құралдарын қолдану секілді өзекті тақырыптарды меңгеріп, кәсіби құзыреттілігін арттырады. Бұл – ел ішіндегі тұрақтылық пен рухани тәрбие жұмыстарын жетілдіруге жасалған нақты қадам, — деді Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаров.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев өз сөзінде бүгінде дін мамандарына қойылатын талаптарға тоқталып, имамдардың әлеуметтік желілерде белсенді болуы мен жаңашыл бейне қалыптастыруының маңызын атап өтті.
Сондай-ақ ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, “Иманғали” орталық мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы насихат жүргізуде аудитория ерекшелігіне назар аудару керектігін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Оқыту барысында қатысушыларға теориялық біліммен қатар тәжірибелік сабақтар да ұсынылды. Бұл ретте елімізге танымал сарапшылар мен саланың үздік мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышханұлы еліміздің діни ахуалы мен зайырлы мемлекеттің негіздеріне қатысты мазмұнды дәріс оқыды. «Qalan business school» компаниясының директоры, «Agartu» академиясының спикері Төлеген Талдыбаев аудиториямен қарым-қатынас орнату, көшбасшылық пен сөз сөйлеу мәдениеті бойынша тренингтер өткізді.
Сонымен қатар, медиа саласында үлкен тәжірибесі бар, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері – Атырау телеарнасының продюсері Гүлназ Кәрімжанқызы мен «Ұлттық сапа» орталығының PR бөлімінің жетекшісі Ләззат Өтепова қатысушыларға ақпараттық сауаттылық, әлеуметтік желілермен жұмыс істеу, қоғам алдында өзін ұстау мәдениеті тақырыптарында тәжірибелік сабақтар ұсынды.
Аталған шараға психолог мамандар да тартылып, дін қызметкерлеріне адам психологиясымен жұмыс істеу жолдары, қоғаммен жұмсақ әрі тиімді диалог орнату, шиеленістерді болдырмау механизмдері үйретілді. Осы бағытта тәжірибелі маман Гайни Сұлтанова мазмұнды әрі пайдалы тренинг жүргізді.
Курс соңында қатысқан 50 дін қызметкеріне арнайы сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, курс 29 мамырға дейін жалғасады.

Тоғжан ЕРМЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button