Жарнама
Қоғам

Дін көрінгеннің қолжаулығына айналмауы керек

Биылғы жылдың үлкен датасы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұл мерейтойдың еліміз үшін мәні мен маңызы ерекше. Осы орайда Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуында өзіндік үлесін қосқан көрнекті ғалым, танымал қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековпен елдегі діни ахуал және ислам дінінің бүгіні туралы әңгімелескен едік.

– Мырзатай аға, биыл Тәуелсіз­дігі­мізге 25 жыл толып отыр. Мағынасы зор мерейтой туралы не айтасыз?

– Біздің халық ұзын-сонар тарихында небір қиын кезеңдерді бастан өткерді. Тарихымыздағы алашапқын дәуірлерде ата-бабаларымыздың бейбіт өмір сүруіне мұршасы болған жоқ. Бейбіт те, бақытты өмір сүру біздің буынға бұйырып, Қазақ елінің көші түзелді. Елбасы бастаған көшіміз Мәңгілік елдікке бет бұрды. Еліміздің тәуелсіздігін алу оңай болған жоқ, ал сол тәуелсіздікті ұстап тұру, баян­ды ету одан да қиын.

Жалпы, жауапкершілігі мен  артар жүгі мол бұл істі Елбасымыз абыроймен атқарып келе жатыр. Мен осы орайда Елбасының елордамыз Астананың тұсаукесерінде айтқан сөзін жұртшылыққа ылғи айтып жүремін. Сонда Елбасымыз: «Шүкір, осыған да жеттік. Жылқы мінезді халықпыз ғой, тарихта кешкен шырғалаңдарды, азаптар мен қасіретті ұмытып кетпесек болғаны. Бағымыз – Тәуелсіздік, дініміз – Ислам, бірақ біз ата жолынан, бабаларымыздың ақ жолынан таймауымыз керек» – деген еді. Бұл елдің шаңырағын шайқалтпай ұстау үшін өткенімізден сабақ алып отыруымыз керектігін білдіреді.

– Тәуелсіз еліміздегі жаңғырып келе жатқан халық руханиятына,  оның ішінде діни ахуалға берер бағаңыз қандай?

 Тәуелсіздік – Құдайдың берген сыйы. Кеңес дәуірінде халық тапқа жіктеліп, дін қудалауға түсті. Мешіттер қирап, қамбаға айналды. Молдаларды сақалынан сүйреп, қудалады дегенді де естігенбіз. Ал, бүгінгі күні тәуелсіздіктің арқасында руханиятымызға еркіндік берілді. Халық дінге ден қойды. Бала күнімізден үлкендерден дін жайлы да, діндарлар жайлы да жаман естімеген едік. Дін – кісіні парасаттылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, төзімділікке, ұстам­дылыққа, сыйласуға, ел мен елдің арасын жақындатуға, табыстыруға қызмет ете­тін үлкен рухани күш. Рухани күштің құді­реттілігін біле алмасақ адасамыз. Мұны, өкінішке орай, «дұрыс» дін іздеп, ақшаға сатылып, шетел асып жатқан кейбір жас­тарымыздың қате басқан әрекеттерінен көріп те, біліп те отырмыз. Сонда қалай, ата-бабаларымыз мың жылдан астам уақыттан бері ұстанып, ислам дінінен алған иман нұрымен ұлдарын батыр, қыздарын инабатты етіп тәрбиелеп өсірген халқымыздың дәстүрлі дінімізді ұстануы, бәзбіреулер айтып жүргендей, қате болғаны ма? Жоқ, керісінше, дана халқымыздың рухани сүзгісінен өткен ислам діні туралы қазақ түсінігін өз басым дінді ұстанудың саф көрінісі дер едім. Мұны, әсіресе, дінге жаңа бет бұрып жатқан жастар мықтап есте ұстағандары абзал.

Мен өзімнің дінге қатысты ойларымды әнебір жылы жарық көрген «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген мақаламда айтқан болатынмын. Сондағы кейбір ойларымды тағы да еске сала кеткім келеді: дінмен ойнауға бол­майды, әйтпесе, өрт шығады. Дінді саясатпен де, саудамен де шатастыруға болмайды. Дін – күн көрудің кәсібі емес, көрін­геннің қолжаулығы да емес, дін – ғылым, дін – тағылым, дін – парасат, дін – ғиб­рат, дін – ождан, дін – биік мәдениет. Дінге бару үшін үлкен ақыл, терең білім керек. Дін санаға, қанға, сүйекке сіңуі керек. Өкініші, біздің қасиетті дініміз қаруға, текетірестік, өштестік айласына айн­алды. Дұрысында, айналдырды. Бұл, бір жағынан, исламға көлеңке түсірудің амалы.

Сақал қойғанның бәрін – молда, ораза ұстап, бес уақыт намаз оқып, дін насихаттап жүргеннің бәрін діндар деп айта алмаймыз. Бүгінде жасына жетпей ата сақалы беліне түскендер, бесіктен белі шықпай жатып уағыз айтатындар көбейді. Жалпы, бұл істі дәстүрлі дінімізді ілгерілетумен күнделікті айналысып жүрген мешіттегі дін мамандарына қалдыру керек деп есептеймін.

– Мырзатай аға, сіздің ел мұсыл­ман­дарының мақсат-мүдделерін білді­ретін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүф­ти Ержан Малғажыұлымен кездес­кеніңізді білеміз. Сіз ҚМДБ тарапынан қолға алынып, іске асырылып отырған жұмыстарға қандай баға және нендей ұсыныстар берер едіңіз?

– Мен бұрын Ержан Малғажыұлын танымаушы едім. Бір жағы танысайын, жас та болса жолы үлкен ғой деп, бүгінде еліміздегі діннің ахуалы жайында сөйлесейін деп барған едім. Ұзақ әңгімелестік. Айтқандарына, атқарып жатқан істеріне көңілім толды.

ҚМДБ қазіргі күнде ел мұсылмандары арасында заман талабына сай пайда болып отыратын сан түрлі сауалдарға дер кезінде жауап беру үшін Ғұламалар кеңесінің жұмысын жандандырды. Бұл кеңес қазіргі кезде түйткілді мәселелерге қатысты дәйекті пәтуалар шығарып, қоғамымыздың рухани тұтастығының сақталуына септігін тигізуде.

Мен жоғарыда дінді кім көрінген емес, нағыз мамандар уағыздасын деген ойды бекер айтып отырғаным жоқ. Бұл ой – қоғам талап еткен қажеттіліктен туындайды. ҚМДБ қазіргі күні ел арасындағы дін ғалымдарының, имамдардың бедел-мәртебесін көтеру, олардың діни біліммен қатар зайырлы білімді игеруі қажеттігі жөнінде бастама көтеріпті. Оның ішінде маған қатты ұнағаны – «Қазіргі заманның үздік 500 зиялы имамы» атты жобасы. Дін жаршысы болатын имамдардың болмысы мен келбеті, істеген ісі, жүріс-тұрысы мен сөйлеген сөзі «имам» деген атына сай болуы керек. «Имам» деген сөз «иман» деген сөзбен бірдей болуы керек.

Зайырлы мемлекет қағидатына негізделген мемлекеттік жүйе бүкіл қоғамның мүддесін басшылыққа алатындықтан, діндар азаматтар дін ұстағанның жөні осы екен деп үкіметке талап қоя беруден алыс болғандары жөн. Мәселен, дін саласындағы мәселелерді реттеп отырған қазіргі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданған кезде ондағы «мемлекеттік мекемеде діни рәсімдерді өтеуге рұқсат бермейтін» талап төңірегінде бірталай сыни пікірлер айтылғаны белгілі. Сондағы сыни пікір айтушылар бұл талап азаматтардың дін ұстану бостандығын шектейді деген уәжді алға тартатын.

Мен өз басым ондай біржақты пікірлерге сол кезде былай деп ойымды білдірген едім және әлі күнге дейін сол пікірімде қаламын: азаматтар демократияның жөні осы екен деп мемлекеттің талаптарымен те­кетіреске баруына болмайды. Мәселен, жо­ғарыда айтқан сыни пікірдің еш негізі жоқ екені бесенеден белгілі, өйткені, діні­мізде бес уақыт намазды қаза қылып, кейін оқу деген бар емес пе? Бар. Демек, мем­­лекеттік мекемедегі діндар азаматтар қыз­мет уақытына түскен намаздарын жұ­мыстан соң қаза қылмай өтей алатыны қи­сынды. Қазір қарап отырсам, бұл мәселе уа­­қыт өте келе өз шешімін байыппен тауып, қоғам талқысынан өз-өзінен түсіп қалды.

Байқап отырсақ, қоғам талқысынан соңғы кезде Білім және ғылым министр­лігінің орта мектептердің оқушыларының киіміне қойылатын талаптарына қатысты пікірлер жиі орын ала бастапты. Мұны бәзбір діндар бауырларымыз әдеттегідей біржақты ғайбаттап жатқан болса, екін­ші бір азаматтар бұл талаптың орын­ды­лығын айтып пікір білдіруде.

Осыған орай Қазақстан мұсыл­ман­­дары діни басқармасының осы мәсе­леге қатысты туындаған пікірлерге бай­ланысты өз ұстанымын анық әрі тез білдіргеніне риза болдым. Өз басым Діни басқарманың мұсылмандар мен ата-аналарды орта оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгі­сіне қатысты қоятын талаптарына тү­сіністікпен қарауға және бұл мәсе­лені ушықтырмауға шақырған уә­жін қолдаймын. Мен азаматтар­ды мұны орта мектептерде киім үлгі­сін бірізділікке түсіру мақсатында қабыл­данған мемлекеттің талабы деп қабыл­дауды және соған бағынуға шақырамын. Азаматтар осы мәселені желеу етіп, қоғам ішінде жік тудырғысы келетін кейбір топтардың өздерін арандатуына жол бермеуі керек деп ойлаймын.

Бұл жердегі ортақ киім үлгісі тек мектеп оқушыларына қатысты еке­нін естен шығармаған дұрыс. Мектеп сыр­тында, басқа орындарда киім кию ер­кіндігі қыздарымыздың өз ықтиярында. Мемлекет дінге немесе сенім бос­тан­дығына шектеу қойып жатқан жоқ. Бұлай түсінбеуіміз керек. Керісінше, егемендік алғалы бері ел ішіндегі медреселер мен көк күмбезді мешіттердің саны едәуір артты емес пе? Жұма күндерінде мешіт мұ­нараларынан азан дауысы жарыса шығып, жастарымызды намазға шақырып жатады. Республика бойынша өңірлерде «Мәуліт» кештері өтіп жатады. Осы сияқ­­ты іс-шаралардың барлығы Құдайға шү­­кір, діни сенім бостандығының арқа­сында.

Дейтұрғанмен, әрбір ұлттың ғасыр­лар бойы қалыптасқан өз киім үлгісі бар екенін ұмытпауымыз қажет. Біздің кейбір қыздарымыз араб әйелдерінің киіміне әуес болып жүр. Баяғы заманнан бері хазі­реттеріміздің, молдаларымыздың әйел­дері ешқашан өзге елдің киімін киген емес. Арабша киініп жүрген әлгі қазақ қыздары тәуелсіз елімізде тәуел­сіздігінен айырылған әлде біреулерге ұқсаңқырайды.

– Мырзатай аға, сөз арасында зайыр­лылық туралы тұшымды ой­лар айт­тыңыз. Сіздің зайырлылық аясында дін туралы білім беруге көзқа­расыңыз қандай?

– Бірінші кезекте білім беру жүйесі заман талабына сай әрдайым дамып отыратын, өмірдің сұраныстарына жауап бере алатын, өзіне үлкен міндет жүктейтін үлкен үдеріс. Баспасөз беттерінен оқыған мәліметтерге қарағанда елімізде «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні енгізілмекші. Бұл, менің ойымша, дұрыс шешім, оның бірнеше пайдалы жақтары бар.

Біріншіден, зайырлы мемлекетіміздегі зайырлы оқу орындарында діни ілімді уағыздауға болмайды. Сол себепті, болашақтың тұтқасын ұстайтын жас жеткіншектерге дін туралы зайырлы түрде білім беретін пән қажет. Міне, сол қажеттілікті өтейтін пән – «Зайырлылық және дінтану негіздері».

Екіншіден, қазір ел арасында жас­тарға дінді бұрмалап жеткізгісі келе­тіндер, дін атын жамылып, өз ықпалын жүргізгісі келетіндер аз емес. Сондықтан, жастарға олардың теріс пиғылды ықпа­лынан арашалайтындай білім беру – мем­лекеттің және бүкіл қоғамның міндеті.

– Еліміздің дін саласын реттейтін қолданыстағы заңында мемлекетіміз ханафи бағытындағы исламның ха­лық­тың мәдениетінің дамуы мен руха­ни өміріндегі тарихи рөлін мойын­дай­тындығы атап көрсетілген. Сіздің ойыңызша, ханафи мазһабының қазақ қоғамындағы рөлі қандай?

– Еліміздің жүріп өткен жолы, өзінің тозбас мәдениеті мен бай рухани мұрасы бар. Ол мұраға тікелей әсер еткен – ис­ламның ірі ғұламасы Әбу Ханифаның ілімі. Бұл бағыт – әр халықтың өзіне тән қайталанбас мәдениеті мен рухани құн­ды­лықтарын құрметтеуге үйрететін маз­һаб. Кешегі біз білетін Яссауи, Абай, Шә­кәрім осы жолмен жүріп, дана­лыққа жеткен.

Ал, қазіргі таңда неше түрлі ағымдар дінімізді бұра тартып үйретумен қоймай, ұлттық құндылықтарымызды да аяқасты етуде. Тіпті, кейбір «мұсылманмын» деп жүргендердің өзі ұлттық дәстүр жайлы ләм-мим демейді. Өздері қазақ бола тұра, «мұсылманмын» деп дінін айтса да, «қазақпын» деуге ауыздары бар­майды. Өз ұлтының бай тарихын, мұра­сын білмейді. Ондайлар Ұлы Дала елінің ертеңіне қалай ие болады? Сон­дықтан, дін саласында жұмыс істеп, болашақ ұрпақтың тәрбиесімен айна­лысып жүрген азаматтарымыз жас­тарымыздың көкейіне ұлтжан­ды­лықты, отансүйгіштікті құйса екен деген тілегім бар.

«Дін» деп, «саясат» деп бөлінуге дайын тұратындар – өз Отанын сүй­мей­тіндер. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өзі: «Біріккенге береке бар, ыдырағанға азап бар» дейді. Яғни, исламның да көзде­гені – бірлік! Сол себепті, біздің діни ұстанымымыз – ел бірлігі болуы тиіс. Сонда ғана Алаш ұшпаққа шыға алады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен:

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button