ДІН ИСЛАМ – ДІҢГЕГІМ НЕМЕСЕ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІМІЗ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
«Қазақ мәңгүрт болған» деп жалаулатып жүрген салафыңыз бар, такфиріңіз бар, уахабшылар, хизбут-тахрир тармақтары «Құран мен Сүннеттен басқаны алмау керек, онда дәстүр мен тарих жоқ» деп жүр ғой. Осыған жауап ретінде, дін мамандарының «кез келген дәстүр діннің тармағынан шығады» деген сөздерін талдап көрсетуді жөн санап отырмыз.
Мәселен қазақтар баласын «айналайын» деп еркелетеді. «Бұл араб тілінен тікелей аударғанда, «көзімнің қарашығы» деген мағынаны береді екен. Екіншіден, қазақта құда түсу дәстүрі бар. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Хадиша анамызға үйленерде құда түскен еді. Үшіншіден, қазақтар «Ассалаумағалейкум» деп наурыз кезінде құшақтасып амандасып жатады. Халқымыз не үшін бұлай амандасты? Қыстақты мекендеген халық, әрине, көктемде аман өргені үшін, бір-бірімен есендікте көріскені үшін шүкіршілік етті. Әрине, бір наурызда ғана емес, күнделікті өмірде де халқымыз бірімен-бірі осылай амандасып жатады. Бұл нені көрсетеді? Шариғат «екі адам біріне-бірі қол беріп амандасса, күнәлары күзгі жапырақтай төгіледі» дегенді айтады. Осыдан-ақ, қазақтың амандасу төркінін қайдан алғандығын көруге болады» деген дінтанушы Амантай Садиевтың бұл сөздерінен салт-дәстүрлердің қайнар көзі ислам екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізуге болады.
Сондай-ақ, адасушылар са-дақаны, Құран оқуды қабыл етпейді ғой. Өздерінше мұны дінге енгізген жаңалық деп қарайтын олар «Пайғамбар (с.ғ.с) ол амалдарды жасаған ба, жоқ па?», «жасаған болса ол дінде бар, жасамаса ол дінде жоқ» деген тар, қисынсыз өлшеммен есептеп жүр. Белгілі исламтанушы-теолог Ерғали Алпысбаевтың айтуынша, садақа сүйікті Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінен алынып өмірге келген. «Адамдар өкінішті жағдайдан аман қалса, баласы әскерден келсе, тағы сондай түрлі жағдайларда садақа берген. Бұл шүкіршілікті білдіреді. Хадисте ағайын-туыстарға берген садақаның екі жақсылықты қамтитындығы айтылады. Біріншіден, адам мұсылмандық міндетін орындайды, екіншіден, тамақтандырып жақсылық жасайды. Әсіресе, аштық, қиын-қыстау замандарда тамақтандырып, садақа берудің маңызы зор болған» дейді теолог. Сондай-ақ, халқымыз өмірден озған туысқандарына да садақа береді. Ондағы мақсат — марқұмның рухына Құран бағыштау, Алладан иман тілеу. Оның біліп-білмей жасаған күнәлары үшін Жаратушыдан кешірім сұрау. Осы мысалдардан-ақ, қазақ халқының болмысында әу бастан-ақ ислам дінінің берік орнағанын көруге болады.
Жалпы, ислам дінінің қазақ даласына алғаш келу тарихын ғалымдар көп жағдайда VІІ-VІІІ ғасырлармен байланыстырады. «Алғашқы араб дін таратушылары 670 жылдардан бастап келе бастады. Ал, исламның түбегейлі орнығуына VІІІ ғасыр ортасында, яғни 751 жылы Тараз қаласының маңындағы бірнеше күнге созылған Атлах шайқасында араб мұсылмандардың жеңіске жетуі айтарлықтай ықпалын тигізді. Араб мұсылман әскерінің бұл жеңісі Орта Азия жерінде ислам діні мен мәдениетінің орнығуының бастауы еді» деп келтіріледі тарихи деректерде. Осы жерде оқырмандар назарын мына мәселеге аударғалы отырмыз. Алғаш рет қазақ хандығы құрылған сонау тарихи кезеңдері Керей мен Жәнібек шет елдерге хат жолдай бастады. Дала дипломатиясының алғашқы іздері салынған хаттарда халықтың басым көпшілігінің ислам дінін қабылдағандығы жазылыпты. «Бірақ, біздің халқымыз тілін кәлимаға келтірумен ғана шектелген жоқ. Елді соңынан еріткен ақсақалдарымыз қазақ жастарын Бағдатқа, Бұқараға, Қазанға және Арабияға жіберді. Олар аталған жерлерде он жыл оқып келгеннен соң, барлық шәкіртті асықпай, сабырмен саралай отырып тыңдаған бабаларымыз, кеңесе келе бір ауыздан Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын қабылдайды. Өйткені, бұл мәзһаб қазақтың табиғатына, болмыс-бітіміне жақын еді. Қазақ даласын әу бастан әртүрлі ұлт өкілдері мекендеді. Бірақ, біздің даламызда алауыздық болған емес. Неге? Өйткені, біздің ұстанған исламды бір еді» дейді бұл орайда дінтанушы Амантай Садиев. Осы орайда күллі Орталық Азияның 1,5 миллиардтан астам халқының осы исламды ұстанатындығын атап өткіміз келеді.
Дінбұзарлар айтып жүрген «қазақтарда өркениет болмаған» дегеннен шығады, осыған жауап ретінде хан ордалы Сарайшық қаласын жарқын мысал етіп келтіріп өтуге болады. Арабтардан шыққан ең алғашқы саяхатшы Ибн Батута Сарайшық қаласында да болған екен. Сол кезде ол ханның әйелінің намаз оқып отырғанына, азан шақырған уақытта қаланы жаңғырықтың кернеп кететініне таңқалғанын жазыпты. Жетімін жылатпаған қазақтың мейірбандығына, бай-ауқатты адамдардың зекет беріп, сол арқылы кедей, міскіндердің тоқ жүретіндігіне де таңырқапты. Қаланы аралап көрген ол кейін ханнан дәрет алып, ғұсыл құйынатын судың қайда кетіп жатқанын сұрайды. Ханның берген жауабына тағы да таң-тамаша қалған ол кәріз (канализация) жобасын өзімен бірге кейін Меккеге алып кетеді. Жат ағымдағылар айтып жүргендей, қазақ атаулы надан болған болсақ, мұндай өркениет өзегіне айналған Сарайшық салынар ма еді? Басқаны былай қойғанда, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев өлеңдерінің өзі қазақтың құдіреті күшті Аллаға сыйынғанын көрсетіп тұр емес пе? Мысалға бір ғана Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» немесе Ыбырай Алтынсариннің «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» (өлеңнің алдыңғы жолы Кеңес Үкіметі кезінде алынып тасталған – Авт.) деген сөздері жоғарыда айтқан ойымызды дәлелдеп тұр емес пе?
Отырар қаласында дүниеге келген әлемге әйгілі ойшыл, ислам дүниесінің ең ірі, атағы әлемге жайылған ғұлама философы, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің өзі қазақтың даналығының, исламды құрмет тұтқандығының жарқын бейнесі болып табылады. Кеңес Үкіметі тұсында атеистік идеологияның ықпалымен Әл-Фараби діннен тыс ғалым ретінде көрсетілді. Алайда Уикипедиядан алынған ашық мәліметте оның ислам бірлігін сақтауға қосқан зор үлесі туралы мынадай дерек сақталған. «Қасиетті Құран Кәрім тек діни қағидалар жинағы ғана емес, сонымен қатар талай ілімнің құпия кілтін бойына бүккен ғаламдық кітап болғандықтан, Әбу Насыр Әл-Фараби бүкіл ислам ғалымдарына парыз болған — иджтихад (ойлау қабілетінің шыңына жету үшін беріле еңбек ету) және муджтахид (иджтихадпен шұғылданған адамның өз жаңалықтарын Құран Кәрім мен Хадис Шариф — парыз-сүннет амалдарына негіздеп отыруы) жолына түскен. Тегі түркі болып табылатын баһадүр қолбасшы Мұхаммед Ихшид ибн Тұғыт Әмір ислам жолын бұзған “қармат” елін талқандаған соң, Әбу Насыр Әл-Фарабимен кездеседі. Меккеге барар жолды кесіп “қажылық” жасауға мұрша бермеген қарматтардың жеңілгеніне қуанған Әбу Насыр Әл-Фараби іштей “қажылық” етуге ниет етіп, араб халифының саид-задаларымен әңгімелеседі. Осы әңгімеде ғалым ислам бірлігін сақтау үшін мазһабтар арасын жақындастыру керек деген ой айтып, өзінің араб, парсы және түркі нәсілдері арасындағы алауыздықтарды жоюға күш салып жүргендігін мәлімдейді. “Бабалардан қалған өсиетте түркі халқы әділетшіл делінген еді. Сол сөздің ақиқаттығы мен әділеттілігіне енді көз жеткізіп отырмыз” деп Саид-задалар Әбу Насыр Әл-Фарабидің қолын құрметпен қысады.
Әулие, аруақ жайында соңғы кезде даулы мәселелер көбейіп келеді. Мәселен, сыйыну мен сыйлаудың ара-жігі бар. Осыны қалай ажырату керек? Бұл жөнінде дінтанушылар «Алланың сүйікті құлдары бар» деп түсіндіреді. «Олар қай кезде де болған, қиямет күніне дейін бола да береді. Оған дәлел Құран және сүннетте жеткілікті. Уәли – «Аллаға жақын, Алланың досы» деген сөз болса, әулие – «Алланың достары» деген мағына береді. Яғни, көпше түрде. Әулие ғана емес, жай адамның қабірін зиярат ету де сауапты амалға жатады. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «бұрын сендерді қабірге барудан тыйған болсам, енді қабірді зиярат етуге рұқсат етемін» деді. Бұрын тыйып, кейін неге рұқсат берді? Өйткені, Ислам қанат жаймай тұрып, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдарды өлген адамға сыйынып кетуден сақтандырды. Ал, адамдар Исламды түсінген кезде қабір басына баруға рұқсат етті. Өйткені, Расулаллаһ (с.ғ.с.) бізге қабірге баруда екі нәрсені мақсат етіп берді. Біріншісі – қабірге барып, өлген адамға дұға қылу, Алладан оның жарылқануын тілеу. Екіншісі, қабір басына барып, ақыретті еске түсіру, пенделік көкірегіңді пәсейту, өмірдің қайда барып тірелетінін, өлім деген екі дүние арасындағы есікті ойлау. Сол арқылы Құдайға деген құлшылығын арттыру. Ал, жай адам немесе әулие түгілі, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өзінен жәрдем тілеу, сыйыну – Исламда тыйым салынған» дейді мамандар. Жалпы әлемде Исламнан артық аруақты сыйлайтын дін жоқ. Шариғаттың өзінде өлген адамды ғайбаттау ауыр саналады. Сондықтан, біз осының ара – жігін түсінуіміз керек.
Бүгінде адасқандардың ара-сында «сен кәпірсің» деп, ата-анасымен бірге отырып ауқаттанудан қашып, олардан безініп, аяқ астынан табыла кеткен «брат-сестраларын» сағалап жүрген қаракөздеріміз жетерлік. Сонда біз «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал, егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де кәрілікке жетсе, «түһ» деме (кейіс білдірме!). Сондай-ақ, ол екеуіне де сыпайы сөз сөйле» деген Исра сүресіндегі аятты қайда қоямыз? Бауырларымыз осыны түсінсе дейміз…
Қазақтың өткенін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, бір сөзбен айтқанда, асыл дінімізді толықтай жоққа шығарып жүрген уаһабшылардың өзі қайдан шықты? Халықты діни сауаттандыруда бұл мәселеге де мейлінше түсінік бергенді жөн деп санадық. Уаһабшылдықтың негізін қалаушы — Мұхаммад ибн Әбдул-уаһһаб негізінен тәрбиелі отбасында дүниеге келген. Тәрбиелі деп отырғанымыз, оның әкесі де, ағасы да кезінде мәзһабты ұстанған адамдар болыпты деседі. Әкесінің ескертулеріне үнемі қарсы шығып жүрген ол «сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дінін қайта жаңғырту керек, ол ескіріп кетті» деген түсінікке бой алдыру арқылы қателікке ұрынады. Ол сол «жаңашылдықты» сахабалардың бейітін тегістеуден бастайды. Сол себепті де уаһабшылар бүгінде бейіт атаулыны қиратып, вандализм қоғамды дүрліктіріп жатыр. Мұхаммад ибн Әбдул-уаһһаб әкесіне қарсы шықты. Бүгінде оның ізбасарлары ата-анасына қарсы шығып, кейбіреулері іргесін аулақ салуда. Осылайша, дінбұзарлар бүгінде «кім бізбен бірге емес, ол — біздің дұшпанымыз» деген ұстаныммен өмір сүріп жатыр. Сайып келгенде, бұл ақиданың түп негізінің жоқтығын көруге болады. Өйткені, дін, ислам – бейбітшіліктің, тыныштықтың жаршысы. «Мұсылман адам біреуге залал жасамайды және залал жасағанға жауап бермейді» деген хадис бар. Осының өзі хақ мұсылманның басты анықтамасы, әрі негізгі бейнесі емес пе?..
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.