ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК: ДИНА ӨМІРБАЯНЫНДАҒЫ АҚТАҢДАҚТАР
Ғаламтордан алған мәліметтің бір абзацын берейін: «Дина 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті «Жәпек» деп атайтын болған. Кейбір деректерде «Жәпек» деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, әйтеуір бір тізім алу кезінде Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған. (Бұл сөйлемде қалып қойған сөздер бар екенін байқаған шығарсыздар. С.Ғ.). Міне, Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осында. Жәпек пен Дина бақытты ғұмыр кешіп, берекелі жанұя құрған».
Бұл жерде көзге ұрып тұрған, талас туғызатын бірнеше дерек бар, біз білетін, құлағымызға сіңген әңгімелерден басқашалау. Бұл саланы қаузап жүрген маман болмасақ та, әрі қарай іздестіре бастадық. Алғашқы қолымызға іліккені – Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» кітабы (Астана, «Күлтегін», 2002). Жоғарыда ғаламтордан алынған абзац тура осы кітаптың 616-бетінен көшіріліп алынған екен. «…құжат толтыру науқаны кезінде дәстүр бойынша аталарының атын …» деген сөздер түсіп қалғанын анықтадық. Бұны ұқыпсыздық, салғырттық, не жауапсыздық дейсіз бе, қалай болғанда да қазақтың атын жамылған беделді құрылымға жарасып тұрған жоқ.
Сонымен, бұл пікір Ақселеу Сейдімбектікі болып шықты. Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» қолымызға түсе қойған жоқ. Дегенмен, «Дина күйші» («Арыс», Алматы, 2004.) атты жинақта Ахаң «1880 жылы он тоғызға толған соң Динаны Беріштің Бесқасқа руының адамы Нұрпейістің баласы Нұралы дегенге береді» деп жазыпты, яғни Нұрпейіс Динаның баласы емес.
Екі беделді адамның екі түрлі пікірі. Әрине, А.Сейдімбек Ахаңның еңбектерімен таныс емес деп айта алмаймыз, сөйте тұра Тұрманұлы Қанас деген көпшілікке белгісіздеу адамды атапты, кімнен, қандай дереккөзден алғаны туралы мәлімет жоқ. Келесі қолымызға түскені – 2000 жылы шыққан «Беріштің шежіресі». Авторлары – Ғ.Жұмашев, Қ.Жұмағазиев, М.Мұхтаров, бірнеше шежіре кітап шығарған, Кіші жүз руларының ата-жігін жақсы білетін, өлкетанушылар. Олар Дина шешеміз туралы толығырақ мәлімет беріпті. Қысқаша мазмұнын берейік: Дина – Қарабай Төлеңгіттің қызы, руы Бесқасқа Беріш, өзінен біраз үлкен Мақатов Нұрпейіске тұрмысқа шығады. Нұрпейіс үш ағайынды екен: Нұрпейіс, Нұралы, Сарбай. Дина Нұрпейіспен бір жыл отасқаннан кейін Нұрпейіс қайтыс болыпты. Динаның құрсағында қалған баланың атын дүниеге келгеннен кейін Жұрымбай қояды. Жұрымбай 1947 жылы Астрахан облысында қайтыс болыпты, оның бес баласының, олардан тараған ұрпақтарының аттары аталыпты. Динаның ақындығы да болған екен, оның «Жұрымбай іште қалған жұрнақ едің…» деген сөзін келтіріпті. Бұнысы Жұрымбай Динаның тұңғышы және бірінші күйеуінен қалғанын қосымша дәлелдеп тұрғандай.
Нұрпейіс қайтыс болғаннан кейін Дина туған қайын інісі Нұралыға тұрмысқа шыққан. Одан 14 құрсақ көтерген, көбі жастай қайтыс болыпты. Тірі қалғандары Қабдолмұрат, Қажымұрат, Қатимұрат, Омар. Қыздары – Бақтылы, Әсем, Қоңыр, Салиха. Олар туралы біршама толық дерек беріліпті.
Дина шешеміздің туғанына 145 жыл толуына орай соны мәліметтер берген ақтаулық өлкетанушы Кәрім Иреновтің пікірі де көңіл аударарлық («Күйші ана жайлы аңыз бен ақиқат», «Атырау» газеті, 20 ақпан 2006 ж.). Бұл кісінің айтуы бойынша Дина Төлеңгіттің қызы, әкесінің аты – Кенже, шешесі – Жаниха. Кәрімнің анасы Динамен рулас, кезінде сыйлас, араласқан адамдар екен, Жұрымбайды да көріп, әңгімелесіпті. Жұрымбай – Динаның тұңғышы, ал, алғашқы күйеуі Нұрпейіс екенін растайды. Жалғыз-ақ «Дина шешейдің бірінші күйеуі аттан құлап қайтыс болады да, оның інісі Шәпек әмеңгерлік дәстүрі бойынша жеңгесін алады» депті. Тағы да сол, А.Сейдімбектің әңгімесіндегі Шәпек. Бұның астарында да бір сыр бар секілді. Жоғарыда біз атап өткен «Дина күйші» жинағында тағы бір күй өнерінің саңлағы Қаршыға Ахмедияров Ахмет Жұбановтың сөзін қайталап, 1880 жылдары Дина Нұрпейістің Нұралысына тұрмысқа шыққанын айта келіп, оның екінші некесі туралы мәлімет қосыпты. Яғни, онда «Нұрпейіс қайтыс болғаннан кейін қазіргі Атырау облысына қарайтын Исатай ауданының Айбас деген өңірінде отыратын Шәпек әулетіне келін боп түседі. Шәпек төбесі деген төбе сол жерде әлі күнге тұр» деген сөздер бар.
Сонымен, қайшылықтар жетіп артылады. Ахмет Жұбанов бойынша Динаның күйеуі – Нұрпейістің баласы Нұралы. Ал, А.Сейдімбекте – Тұрманұлы Қанас, Нұрпейіс, олардың тұңғышы, тегі осы баласының атынан шыққан. Екінші күйеуі – Шәпек. «Шежіреде» бірінші күйеуі – Мақатов Нұрпейіс, Жұрымбай – іште қалған тұңғыш ұлы. Тегі күйеуінің атымен аталған. Әмеңгерлік дәстүрмен шыққан екінші күйеуі – Нұралы, Нұрпейістің туған інісі. Ал, Кәрім ақсақал мен Қаршығада Шәпек аты тағы да қайталанып тұр.
Бұл – Шәпектердің түйінін шешуге септігін тигізген, ең соңғы қолымызға тиген материал, ардагер ұстаз Қаламғали Жармұхамбетовтің дерегі болды. Дина шешеміздің туғанына 150 жыл толуына орай жазылған екен («Дерек пен дәйек, күйші өмірі әлі де тереңірек зерттегенді қалайды», «Атырау» газеті, №49, 23.04.2011 ж.). Қаламғали ақсақал – Құрманғазы ауданы, Жұмекен ауылының тумасы. Әулетті жақсы білетіні көрініп тұр, оның толық шежіресін беріпті. Бұл кісінің айтуы бойынша біз атаған деректерде Динаның екінші күйеуі ретінде үш рет қайталанатын адам Шәпек (Жәпек) барлығы бір кісі, ол – Нұралы, Динаның туған қайын інісі. Дина оны Шәпен (Шәпек) деп атаған. Қайын інісіне, қайын сіңлісіне ат қою әдеті ежелден бар дәстүр ғой. Кейін тағдыр қосып, оған тұрмысқа шыққаннан кейін де шешеміз оны солай атай беріпті.
Сонымен, өз пікірімізге келер болсақ, біз бұл арада Ахмет Жұбановты да, Ақселеу Сейдімбекті де, Қаршыға Ахмедияровты да қолдай алмадық, «Шежіреде» және екі ақсақалдың деректерінде қисын бар сияқты.
Алайда, біз сенім артып отырған дерек көздері – «Шежіре», Кәрім, Қаламғали ақсақалдардың мақалалары да Дина Нұрпейісованың ресми өмірбаянына әлі енген жоқ. Миллиондар қолданатын ғаламторға жаңсақ мәлімет түсіп кетуі содан. Енді бұл мәселе танымал ғалымдардың, журналистердің, музыка зерттеушілерінің араласуын күтіп тұр дейміз.
Сабыр Ғабдолкәрімұлы, ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Атырау облысы, Құлсары қаласы.