Депутаттар талабы: Жайық сағасының түбін тереңдету керек
Депутаттар Жайықтың жайына алаңдады. Өзеннің хәлі мүшкіл. 4 жылдан бері Каспий теңізіне құятын сағасында су деңгейі күрт төмендеген.
Қазір тереңдігі 40 сантиметрге де жетпейді. Мұндай апатты жағдайдың салдары ауыр. Осылай деген Сәлімжан Нақпаев қаржы министрі Жамаубаевқа депутаттық сауал жолдады.
Жайық сағасындағы түбін тереңдету үшін кешенді жоспар қажет. Өйткені, тұрғындардың көбі балықпен шұғылданады, деп жазады qazaqstan.tv.
Ал қазіргі жағдай олардың шаруашылығына кедергі.
Әрі экологиялық қауіпсіздікті күшейту керек. Осы мәселелерді реттеу үшін депутаттар Үкіметтен шұғыл шаралар қабыдауды талап етті.
«Үкімет сағаты кезінде бізге жыл сайын тереңдету жұмыстарына қаражат бөлінетіні туралы хабарланды. Бірақ бұл жұмыстардың нәтижесі өзеннің сыни таяздануына әкелді. Демек атқарылған жұмыстар тиімсіз болып отыр. Одан әрі апатқа ұшырауына жол бермеу мақсатында шұғыл шаралар қабылдау мүмкіндігін қарауды және Жайық өзенінің сағасындағы түбін тереңдету жұмыстарына Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервтік қорынан қаражат бөлуге қолдау көрсетуді сұраймыз», — деді Сәлімжан Нақпаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.