ДЕПОЗИТТЕР БОЙЫНША БАҒАМДЫҚ АЙЫРМА
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық банк бас-қармасы теңгенің еркін өзгермелі айырбастау режіміне көшуіне байланысты, жекелеген салымшылардың банктердегі депозиттерінің бағамдық айырмасын төлеудің тәртібін бекітті, — деді ол. Осылайша, 2015 жылдың 18 тамызына дейінгі мерзімде екінші деңгейлі банктерде немесе «Қазпочта» АҚ бөлімшелерінде теңгемен ашылған депозиттері бар салымшыларға бағамдық айырма төленетін болып шешілді. Ескерер бір жайт, осы аралықта олардың, яғни депозиттерінің бағамдық айырмасын алуға құқылы клиенттердің банк шоттарындағы салымдарының қалдық сомасы 1 млн. теңгеден аспауы тиіс.
Спикердің түсіндіруінше, бағамдық айырманы төлеу жұмыстары жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне қатысты ғана жүзеге асырылады. Заңдылыққа сәйкес есептелген бағамдық айырманы алу үшін салымшы оны өз шотында кемінде бір жыл мерзімге сол күйінде сақтауға міндеттеме қабылдайды. Соған байланысты осыған ниетті немесе тілек білдірген салымшылар үстіміздегі жылғы қазан айының 1-іне дейін банкке келіп, депозитті қайта ресімдеуге жазбаша өтініш береді. Белгіленген өтемақы тетігін іске қосудың нәтижесінде жалпы саны 2 миллионға жуық салымшыға бағамдық айырманы төлеу жоспарланған. Бұл жөнінде (ақы төлеу шарттары туралы) толығырақ Ұлттық Банк сайтының «Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау» бөлімі арқылы танысуға болады.
Осыларды айтқан облыстық филиал басшысы Қозыбақ Әбуұлы одан әрі ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Айтылғанындай, мұндай түзетулер ең алдымен проблемалық қарыз алушыларды қамту мүмкіндігін ұлғайтуды көздейді. Және бір артықшылық, Ұлттық банктің бастамасымен халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Нақтыласақ, осы топқа жатқызылған қарыз алушылар банктердің шағым-талаптарын ұсыну кезінде төлеген мемлекеттік баж салығы сомасын төлеу қажеттілігінен босатылады. Бұған жұмсалынатын шығындар да Ұлттық банктің қаражаты есебінен өтеледі.
Білгеніміздей, шетел валютасымен берілген проблемалық қарыздар Ұлттық банктің еркін өзгермелі бағам енгізілгенге дейін белгіленген, ал сот шешімімен ресімделген қарыздар соттың актісі шығарылған күнгі ресми бағам бойынша қайта қаржыландырылады.
Осы жерде мұндай түзетулердің кепілге қойылған баспана алаңына қатысты екендігін ескеруіміз керек. Мәселен, бұрын келісім-шарт бойынша қарызға алынған баспананың жалпы пайдалану алаңы 120 шаршы метрден аспауы тиіс делінсе, бұдан былай осындай талап тұрғын үй алаңына қатысты қолданылады. Десек те, бұндай шектеулер көп балалы отбасыларына қолданылмайтындығын да атап кеткеніміз артық емес. Оған қоса айтарымыз, ұсынылып отырған қайта қаржыландыру бағдарламасының мүмкіндіктерін қарыз алушылар мен олардың жұбайлары (зайыптары) ғана емес, тиісті заңдылықтар аясында кепіл берушілер де пайдалана алады.
Нақты келтірілген бір дерек, 2015 жылдың 1 қыркүйегіне дейін екінші деңгейлі банктерге клиенттерден 6796 өтінім қабылданып, соның 3140-ына немесе тең жартысына жуығын қанағаттандыру (қайта қаржыландыру) туралы шешім шығарылған. Сонымен қатар, Ұлттық банк мүдделі министрліктермен және ведомостволармен бірлесіп, жеке тұлғаларға мерзімі өткен берешектерін кешіру кезінде, оларды жеке табыс салығынан босату, сот орындаушыларының атқарушылық өндіріс жүргізіп отырған қарыздар бойынша қызметіне ақы төлеу құнының ең жоғары шегін белгілеу жөніндегі жұмыстарды жалғастыра бермек.
Брифингте екінші болып сөз кезегін еншілеген «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол Құрман күн тәртібіндегі мәселеге орай қосымша хабарлама жасады.
Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың 18 тамызындағы жағдай бойынша аталған банкте 492 мың депозит ашылған. Солардың 435 мыңға жуығы – шоттағы қалдық сомасы 1 миллион теңгеден аспайтын депозиттер. Ал, қалған 57 мың депозиттің шоттағы қалдық сомасы одан жоғары екендігі хабарланды. Есепті мерзімде банк салымшылары тарапынан ашылған депозиттердің саны 19 мыңнан асса, бұлардың да 17 мыңнан көбінің немесе 90 пайызының шоттарындағы қалдық сомалары 1 млн. теңгеден аспайтын болып шықты.
Соған қарағанда, банкте депозиттері бар және жоғарыда атап көрсетілгеніндей, алдағы қазан айының 1-іне дейін өз өтінімдерін берген салымшылардың заңдылықтарға сәйкес бағамдық айырмашылыққа байланысты өтемақыларын алу мүмкіндіктері барлығын да спикер алға тартты.
Дәулетқали АРУЕВ