ЖАСЫЛ ШЫРША ҚЫЗЫҒЫ

«Атырау» дене шынықтыру және спорт кешенінде қалалық Жаңажылдық шырша өтті. Оған орта білім беру орындарының оқу озаттары, жетім, жартылай жетім, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларынан 400 бала  қатысты.

 

Мерекелік безендірілген жасыл шырша барша қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жаңа жылдың басты кейіпкерлері – Аяз ата мен Ақшақар да ортадан табылып, кешті жандандыра түсті.

Жаңажылдық шыршаға шаһар басшысы Нұрлыбек Ожаев қатысып, жиналған жұртшылықты келе жатқан Қой жылымен құттықтады. Мерекелік лебізін білдіріп, балғындардың болашағына ашық, жарқын жол тіледі. Сондай-ақ, балаларға арнап қысқы киімдер мен оқу құралдарын, тәттілерді сыйға тартты.

Бүлдіршіндер өздерін ертегілер елінде жүргендей сезініп, шыршаны айнала ән салып, би биледі. Ертегі кейіпкерлерінің рөлін сомдаған түрлі қойылымдар қойылды.

«Қызым Айару Шайпен Атырау қаласындағы №15 орта мектептің мектепалды даярлық сыныбында оқиды. Оның қала әкімінің шыршасына қатысып, ерекше көңіл-күйге бөленуі – мен үшін зор бақыт. Осындай керемет шара өткізіп, бүлдіршіндерге сыйлық тарту етіп жатқан шаһар басшылығына үлкен алғыс айтамыз», – дейді біз тілдескен Атырау қаласының тұрғыны,  ІІ топ мүгедегі Айғаным Сүйеуова.

Ал, Атырау қалалық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Жұмазия Жолмұханованың айтуынша, мерекелік шыршаға 54 мектептің оқушылары қатысты. Барлығы да қала әкімі атынан дайындалған сыйлықтан құр қалған жоқ. Жаңажылдық сыйлықтар денсаулық жағдайына байланысты мерекеге келе алмаған 600-дей мүгедек балаға да жеткізілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз