Дендер төріндегі дүбір
1928 жылы құрылған Индер ауданының тоқсан жылдық мерейтойы театрландырылған қойылымнан бастау алды.
– Индер ауданы – қойнауы құтқа, жері байлыққа толы үлкен аймақ. Он сегізінші ғасырдың өзінде осы елдің байлығына қызыққан зерттеушілер, соның ішінде белгілі саяхатшы, әрі академик П.Палас келіп, тұз көлін алғаш зерттеді. Тоқсан жылдың ішінде «Аманкелді», «Жамбыл», «Передовик», «Путь Ильича» совхоздарымен қатар, рудниктегі өнеркәсіп орындарында немесе әлеуметтік салада жұмыс жасаған аға-апаларымыздың еңбек жолдары қазір тарих беттерінде жазулы тұр, — деген аймақ басшысының орынбасары Әлібек Нәутиев Дендердің абырой-беделі үшін еңбек сіңірген мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ақкенже Ерекешова, өндіріс саласының ардагерлері Қуан Иғалиев пен Аманкелді Төреғалиевқа облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Ал, облыстық мәслиxат xатшысы Өмірзақ Зинуллин аудан өндіріс саласының ардагері Меңдеш Дүйсекенов пен аудандық статистика басқармасының басшысы Әділгерей Сәкеновті облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен марапаттады.
Сондай-ақ, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Кенжебай Есқайыров пен мемлекеттік қызмет саласының ардагері Тілекқали Шмановқа «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағы, суретші Әділқайыр Жантасовқа, «НКОК» компаниясының жобалаушы-инженері Талғат Хасеновке, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Лесбай Қалиевқа ауданның «Құрмет грамотасы» табыс етілді.
Аламан бәйге мен түйе палуандардың сайысы «Бәйгетөбеде» ұйымдастырылды. Бәйгеге 19 ат қатысып, Домбыра атты сәйгүлік өзгелерден бұрын келді. Оның иесі Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданының тумасы Талғат Бисенбаев екен. Жеңімпазға бас жүлдеге тігілген 1 млн. теңгенің сертификаты табыс етілді.
Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ
Индер ауданы.