Жарнама
Қоғам

ДӘУІТ

ДАНАЛЫҚ

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы. Теңіз кенішіне қарай тартып келеміз. Кен орнында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шеврон» корпорациясы басшылығымен кездесуі өтпек. Соған қатыспақпыз. Автобус толы Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері.

Қарттар көптен бері бір-бірімен кездеспеген бе, амандық-саулық сұрасуға кіріскен. Ара-тұра төрт түліктің қамын, оның жемшөбін сөз етеді. Әйтсе де, тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңіндегі қиындықтар ақсақалдарды да алаңдатса керек, әңгіме арқауы соған да ауысады. Сонау мұхиттың ар жағынан келіп жатқан американдықтардан елге қандай игілік болар екен? Тарыққанда тығырықтан алып шыға ма? Елбасымыз олармен нендей келісімге келеді? Автобус терезесінен кең далаға көз салғандардың көкейінде осындай сауалдар бар.

— Е, барымызды біреуге беріп, өзіміз таяқ ұстап қалмасақ жарар еді, — деді отырғандардың бірі, — осы мұнайды өзіміз де өндірген жоқ па едік?

— Ә, ақсақал, — деді оған екіншісі, — «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, өзіміз үйлестіре алмай жатқан шаруаны өзгемен бірлесіп атқарсақ айып па? Жылыойдан да талай майталман мұнайшылар шықты. Бірақ, мына кеніштің өнімі тым тереңнен тартылатын көрінеді, қиындығы көп екен. Амандық болса, біздің де мамандарымыз жетілер, басқалармен терезесі теңелер.

Бұл басу айтқан Ұлы Отан соғысының ардагері, талай лауазымды қызметтің тұтқасын ұстаған Дәуіт Артығалиев еді. Өзгелер де оның аталы сөзін құп алып, бастарын изеп жатты. Бүгінде Дәукеңнің даналығы тура келді. Алып кеніштің де, басқа ірі жобалардың да тізгінін қазақстандық мамандар ұстады. Білімі де, білігі де ешкімнен кем емес ұрпақ жетілді.

Жалпы, Дәукеңнің көп білетіндігі талай жерде көрініс беретін. Әкесі Ыбырай асыра сілтеу заманында қуғын-сүргінге ұшырағанымен, кейін ақталған-ды. Оның есіміне көлеңке түсірмеу енді ұлының еншісіне айналған. Бұл солай істеді де. Оқуға ұмтылды, көп білуге құштарланды. Қазақ педагогикалық институтында ұзақ жыл ұстаздық еткен ғалым Бегалы Жаңбырбаев жарты ғасыр жақсы араласқан бажасы Дәукең туралы ерекше естелігімен бөліскен-ді.

Алматы жоғары партия мектебінде оқып жүргенінде Д.Артығалиев пединституттың тарих факультетін экстерн түрінде қоса бітіріпті. Бір күні республикалық радиода жұмыс жасайтын жылыойлық Сәнгерей Тәжіғұловтың дастарханында ақын Тұманбай Молдағалиевпен бірге болыпты. Қонақтар бір-бірімен танысып жатқанында Тұманбаймен әзілі жарасқан Сәнгерей «Сені оқитын адам бар ма екен?» деп қағыта бастайды ғой. Сонда Дәукең ақынның өлеңін жатқа соғып, қаламгердің мерейін көтеріпті. Тұманбай да толқып кетсе керек, қолындағы кітабына

«Қалдыңыз мәңгі көңілде,

Көңілде өсіп, ойда өсіп.

Ал, Дәуке, мынау өмірде,

Жүрейік жиі кездесіп», — деп жазып беріпті.

Жалпы, Дәукеңнің кітапқұмарлығы аңызға айналған. Іссапарларға шыққанда, демалыс үйлеріне барғанда толтырып кітап арқалап қайтады екен. Ұрпағын да білімге тәрбиелеген.

ӘДЕПТІЛІК

«Бақырып бастық болмайды» дегендей, Дәукең үлкенді-кішілі лауазымды қызметті атқарған кезінде ешкімге дауысын көтеріп көрмепті. Оның әдептілігі әдетіне айналған қасиеті еді. Жылыой аудандық газетіне жетекшілік жасағанда да, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аупарткомның бөлім меңгерушісі болғанда да ұжыммен тіл табыса білген. Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасында алдымен партком хатшысы, кейін кәсіподақ комитеті төрағасы міндетін атқарғанда жұмысшылардың жайын көбірек ойлайтын. Соларға тұрмыстық жағдай туғызуға ұмтылатын. Дәукеңнің әдептілігі туралы жылыойлық еңбек ардагері, сол тұста аудандық мәдениет бөлімін басқарған Қален Кідібасов әдемі естелік айтқан-ды.

Мамандығы журналист болғанымен, Дәукеңнің ұсынысымен аупарткомға лектор-кеңесші қызметіне ауысқан ол жайсаң жанның жақсы інілерінің бірі саналғанын мақтан тұтады. Ешкімге зекіп-ұрыспай-ақ бәрін ортақ мақсатқа жұмылдыра білетін.

Жылыой мәдениетінің ардагерлері Дәукең бастаған бір істі әлі күнге ұмытпапты. Облыстық көркемөнерпаздар байқауы өтпекші екен. Бұған дейін маңғыстаулықтар мен қызылқоғалықтар бәйгенің алдын бермейтін көрінеді. Содан Дәукең жігіттер мен қыздарды жинапты.

— Ау, бұларың қалай, — дейді бәріне, — осылай көш соңында жүре бересіңдер ме? Жылыой өнер дарыған мекен емес пе? Тоқсанбайдың оркестрі қайда?

Жиналғандар ішінде Зәбен Жарылғасов, Сақтаған Шудабаев, Сұлушаш Молдажанова, Төлеш Қошқаров, Мәдина Нұралина тәрізді шашасына шаң жұқпайтын өнерпаздар бар екен. Дәукеңнің дауыс көтермей-ақ қайрай сөйлеген сөзі намыстарын жанып-ақ жіберіпті. Содан қызу дайындыққа кіріскен. Жұмыстан шаршап келсе де, күнде кешкілік клубқа жиналады. Орталарында Дәукеңнің өзі жүреді. Нәтижесінде жылыойлық өнерпаздар байқауда бас жүлдені жеңіп алады.

УЫТТЫЛЫҚ

Құлсары қалалық радиосының басшылығына тағайындалған кезім.  Радио нүктелері азайып кеткен, желілері үзілген. Мамандар да жоқ. Әупірімдеп бастапқы хабарларымызды тарата бастадық.

Бір күні кеңсеге Дәукең кіріп келді. Үйі радиоредакцияға жақын еді.

— Шырағым, — деді, — қызметіңе кірісіп жатыр екенсің. Радио – өте керек нәрсе. Соғыс кезінде барлық жаңалықты содан білетінбіз. Қазір де газет оқып, теледидар қарауға көз көріңкіремейді. Көбіне радио тыңдаймыз. Соның жұмысын жандандыр. Уыттылық таныт.

Қарт сөзі үлкен қолдау болды. Содан мәселені аупарткомның бюросына шығарып, радио хабарларын таратуды жақсартқанбыз.

Дәукең туралы белгілі қоғам қайраткері Саламат Мұқашев тамаша естелік айтқан-ды. «Дәуіт Ыбырайұлы, — деген ол, – сонау соғыс жылдарында отанын оттан қорғаған, елі үшін еселі еңбек еткен азамат. Кең жылыойдың экономикасы мен мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосып, халқының сый-құрметіне бөленген қайраткер. Оның адамгершілігін, іскерлігін, уыттылығын өзгелерге өнеге еттік».

Міне, Дәукең осындай биік бағаға ие болған жан. Тұстастарының айтуынша, ешқашан себеп-сылтауды көлденең тартпайды екен. Ол соғыстан екінші топтағы мүгедек болып оралды. Екінші Украина майданында бөлімше командирі болып жүргенінде ауыр жараланды. Денесіндегі жау оғы ақыры алынбады. Әуежайларда ұшаққа мінерде темір тексергіш құралға түскенде әлгі белгі береді екен. Сонда Дәукең күліп «Бұл – маған немістердің сыйлаған сыйы. Ешкім ала алмаған, сендер де тимей-ақ қойыңдар» деп күлетін көрінеді. Сол жарақат ақыры саулығына сыр берді ғой. Ауылдан тепсе темір үзер жігіт шағында кетіп, мүгедек болып оралу оңай ма?

ІЗЕТТІЛІК

Дәукең өзінен кішілерді қаншалықты қамқорласа, үлкендерді соншалықты сыйлады. Бесіктен белі шықпай жатып, таққа жайғасқан бүгінгі балабастықтардай емес, ізеттілігімен ерекшеленді. Төңірегіне дос жинады. Оларды бағалай білді, құрмет тұтты. Жылыойлықтар, әсіресе, оның Темір Бекбаулиев есімді азаматпен достығын әлі айтып жүреді. Темекеңнің өзі бір сөзінде:

— Жарты ғасырдан аса дос болдық. Бауыр басқанымыз соншалық, бір үйдің егізіндей едік, — деген-ді.

Осы досы 1998 жылы өмірден өткенде Дәукең қатты қайғырады. Соңғы күзетінде отыра алмай, қайта-қайта сүйек жатқан бөлмеге кіріп кетеді екен. Мүмкін, досымен оңаша қоштасқаны шығар. Темекеңнің қарындасы, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Нұрсұлу Әмірова олардың басқосуының өзі ізеттілік ілтипатқа толы екендігін айтады. Дастархан басындағы сұхбат абыз бабалардың, ақын-жазушылардың ғибратты сөздерімен басталып, ән-күйге ұласатын. Қоштасулары да керемет екен. «Гәкку» әні басталса, кезекті отырыстың аяқталғаны көрінеді. Екеуі де ауыздарына не темекі, не арақ алмаған адамдар еді. Соның өзінде басқосуларын көңілді өткізетін. Отбасыларын алып, демалыс үйлеріне бірге баратын. Қырым жағалауы мен Қап тауының баурайын талай аралапты. Дәукең Темір досынан екі-үш жас кішілігінен інілік ізетін де адал сақтаған. Қандай жарасымдылық! Бұдан басқа Үркін Қонаровпен, Ордабай Мұхамбетовпен, Досмұхан Ысмағұловпен, Әбутай Бекілиевпен, Әбілхайыр Қарабалинмен, Демеу Ортанбаевпен, Әбен Оразовпен, Жәрдем Кенжетаевпен де жақсы сыйласыпты.

ТАБАНДЫЛЫҚ

Дәукең өмірінің біраз жылы баспасөзбен байланысты. Бастапқыда «Социалистік ауыл», кейін «Коммунизмге алға» атауларымен жарық көрген аудандық газетті басқарды. Оның беттерінде жағымды жаңалықтармен қатар, сын материалдар да үнемі жарияланды. Редактор ретінде тілшілерін кейбір кеудемсоқ басшылардан қорғай білді. Қолдауды сезінген журналистер де қаламдарын еркін сілтеді.

Дәукеңнің табандылығы Құлсары мұнай өндіру басқармасында кәсіподақ комитетіне жетекшілік еткен кезінде кеңінен көрінген. Бірде құс өсіруге байлам жасалды. Оған құрылыс тұрғызу үшін сенбілік ұйымдастырылды. Жұмысшылардың түскі асын мекеме мен кәсіподақ арқылы өтеуге шешім қабылданды. Соны біреулер жоғарыға жазып, тексеру де жасалды. Бірақ, «ақтың отын ақымақ сөндірмейді» дегендей, Дәукең өзінің дұрыстығын дәлелдеді. Айта берсе мұндай мысалдар аз ба?.

…Қолымызда 1944 жылғы 23 тамызда гвардия кіші сержанты Дәуіт Артығалиевтың «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны туралы Жылыой аудандық әскери комиссары, капитан Никифоров қол қойған құжат бар. Онда бөлім командирінің Корсунь-Шевченковск маңындағы неміс тобын талқандауға қатысқаны, жеке өзінің жеті жау солдатын жойғаны жазылған. Дәукең бұдан басқа «Отан соғысы» орденін, «Маршал Жуков», «Ерен еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері», т.б. он шақты медальды өңіріне қадады. «КСРО мұнай кәсіпшілігінің үздігі» атағын алды. Жан жары Ақзер екеуі ұл да өсірді, қыз да тәрбиеледі. Ешқайсысын қатарынан кем етпеді.

Жылыойдың абызы, 90-нан асып өмірден өткен Жанаш Нұрмаханов Дәукең туралы «Сен әр сөзі бір қойлық Тұманшы бидің шөпшегісің, екі рулы елді татуластырған Бимырза бидің шөбересісің, ел ақсақалы Артығалының немересісің, қуғын-сүргіннің құрбаны болған Ыбырай ағаның ұлысың» деген-ді. Бұдан артық не айтуға болады?!

Өзі де жұртты өкіндіріп өмірден өткен Фариза Оңғарсынова:

Ұқсайды өмір – пенде ме,

ерен ер ме,

Мұхиттардан оралмас

кемелерге.

 Мәңгілікке маздатып

от беретін

 Мәңгі Күндей ғұмыр жоқ неге жерде?, — деп тебіренген екен.

Шіркін, тіршілік! Алдыңа тәттісін де, ащысын да тосады. Екеуінің де дәмін татуға тура келеді. Тек адам болып туғасын азамат атыңа сай ғұмыр кешкен қандай жақсы!  Кейінгілер жоқтап, тебірене айтып жүрсе, жарасымды емес пе?

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button