Жарнама
Қоғам

ДӘУІР ШЫНДЫҒЫ

 

Жаңа туындыны Мемлекеттік хатшы «әдеби шынайы әңгіме өрбіген тарихи шежіре» деп бағалады. «Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті, әлемдік деңгейде біртуар тұлға, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи өмірі жайында жазылған шығармалар қатары мазмұны терең жаңа туындымен толығып отыр. Елбасымыздың өмірбаяны алғаш рет өзінің «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында баяндалғанын білеміз. Қазақстан Президентінің содан кейінгі кітаптарының барлығы елдің стратегиялық даму бағытының жекелеген тармақтарына арналғаны мәлім. Сондықтан, «Өмір өткелдері» Мемлекет басшысының тәуелсіздік алған 1991 жылдан кейін өзі туралы әңгімелеген екінші кітабы деуге болады. Шығарманың құндылығы туралы айтар болсам, Елбасы мен сұхбат алушы арасындағы әдеби шынайы әңгіменің өрбуі, егемендік шежіресіне қатысты бұрын-соңды естімеген тың деректердің ұсынылуы, «Ұшқан ұя ұлағаты» атты тараумен басталып, «Нұрлы Жолға» ұласуы сияқты өмірбаяндық сұхбаттар тарихи оқиғалармен сабақтастырыла рет-ретімен берілуі, сондай-ақ, өзара диалог барысындағы интеллектуалдылық пен қазақтың шұрайлы тілі оқырманды өзіне тартатын ерекше тұстарының қатарына жатады» деді ол.

Елбасының белгілі журналист Сауытбек Әбдірахмановқа соңғы жылдары берген сұхбаттары топтастырылған кітаптың тұсаукесер рәсімінде «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ-ның басқарма төрағасы А.Тараков «Әлемдік тұлға Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кітабында біздің тарихымыздың қомақты кезеңін қамтыған. Онда еліміз үшін шешуші сәттер мен кезеңдер анық берілген. Маңыздылығы бойынша деректер энциклопедиялық түрде жан-жақты қамтылған. Атап айтқанда, бұл туынды жастар үшін пайдалы» деп атап өткен болатын. Расымен де, республиканың даму кезеңінде туындаған түрлі белестер, жағдайлар егжей-тегжейлі баяндалған кітап тәуелсіз мемлекетті құруға тікелей араласқан тұлғаның ішкі толғанысын беруімен құнды. 16 тараудан, 570 беттен тұратын кітаптың әр тарауы Елбасы өмірінің белгілі бір белесті кезеңіне арналған. Онда Президент өзінің шыққан тегінен, балалық шағынан бастап, жастық жылдары, Теміртаудағы құрыш құйған шағы туралы әсерлі әңгімелейді. Сонымен қатар, Семей полигонын жабу кезеңінде еңсерген қиындықтары, егемендіктің елең-алаңындағы проблемалар, шекараны талассыз бекіту кезіндегі мәселелер сияқты аса күрделі де күрмеулі жайлар сұхбат түрінде жан-жақты қозғалады.

Шараға модераторлық еткен Елбасы қызметі туралы бірнеше  кітаптардың авторы Махмұд Қасымбеков, белгілі тұлғалар – Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев, Төлеутай Сүлейменовтер де туындының республиканың даму кезеңінде туындаған түрлі белестердің, жағдайлардың егжей-тегжейлі баяндалуымен ерекшеленетінін атап көрсетті.

Сондықтан, оқырман назарын мына мәселеге аударғымыз келіп отыр. Сұхбат түрінде қағазға түскен кітаптың басты ерекшелігі – автор әңгімелерінің ауызша айтылуы және деректердің жаңа мәліметтермен толығып отыруында деуге болады. Онда да болған оқиғаларды атап қана кетпей, олардың дайындалу жолдарын, кездейсоқ емес, белгілі тарихи жағдайдың қажет етуі негізінде туғанын, әлеуметтік өзгерістер кезінде басты және қосалқы проблемаларды іріктеп ала білу қабілетінің молдығын анық байқатады. Мысалы, ол кеңестік жүйенің құлауын кездейсоқтықтан емес, «тарихтың бүкіл ой қисыны соған алып келе жатқанынан, КСРО атты елдің идеологиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да бәсекеге шыдас бере алмай, толықтай дерлік жеңіліске ұшырағанынан» көріп түсінеді.

Тағы бір атап өтерлігі, автор Қазақстан шекарасымен шектелмей, Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі сол территориядағы жағдайларға кеңінен талдау жасайды. «Әр нәрсенің өзінің уақыты болады» дейді Президент. Бас-аяғы 20 жылдың ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың құрылып, толыққанды жұмыс істеуі де кездейсоқ туған көзқарастың туындысы емес, Еуропа-Азия құрлығын мекендеуші халықтардың бірігуге, ынтымақтастыққа ұмтылған, соғыстан кейін-ақ туған идеясы болғанын айтады. Кітапта Елбасы басынан кешірген ғибратты өмір жолы, тартысты күрескерлік, жаңа мемлекет құрудағы қиындықтар, жас мемлекеттің әлемге танылуы сынды оқиғалар толығымен көрініс табады.

Тағылымы мол дүние кім-кімге де ой салады. Өз өмірі туралы баяндай отырып, тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы қаһармандықты танытқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылайша дәуір шындығын шынайы көрсете білді.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button