Жарнама
Қоғам

ДӘСТҮРЛІ ДОДА – ДОСТЫҚТЫҢ ДӘНЕКЕРІ

 

Сәрсенбіде командалар қазақ күресі, үстел теннисі және суда жүзуден өзара бәсекелесті. Мұнда алғашқы болып жарысты аяқтаған теннисшілер (ерлер командасы) арасынан «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қазгермұнай» БК ЖШС және «Қаражанбасмұнай» АҚ құрамаларының өкілдері бірінші, екінші және үшінші жүлделі орындарды иеленді. Осы ойын түрінен әйелдер арасында өткен бәсекеде «ҚазГерМұнай» бірлескен кәсіпорнынан Марина Ким осымен төртінші мәрте қатарынан жеңімпаз танылып, алтын медальды қанжығасына байлады. Ал, «Еншілес және тәуелді ұйым» (Жаңаөзен қаласы) және алаң иелері – «Ембімұнайгаз» АҚ командаларының ойыншылары екінші, үшінші орындарды  бөлісіп, күміс, қола медальдарға қол жеткізді.

Бұдан бөлек, 100 метрлік қашықтыққа суда жүзуден бірінші орын «Өзенмұнайгаз» құрамасының мүшесіне бұйырса, келесі жүлделі орындарды «Технологиялық көлікті басқару және ұңғымаларға қызмет көрсету» ЖШС мен жаңаөзендік «Еншілес және тәуелді ұйым» құрамасының өкілдері қанағат тұтты. Сол сияқты, жүзуден 50 метрлік қашықтықты алғашқы болып «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның ойыншысы Наталья Ясулевич бағындырды. Айта кету керек, ол бұған дейін екі рет (бірінші және екінші спартакиадаларда) чемпион болған. Тек өткен жылғы үшінші спартакиадада ғана қазгермұнайлық қарсыласынан жеңіліп, екінші орынға тұрақтаған. Үшінші болып мәре сызығына «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның өкілі Айгүл Мұстафина жетті.

Жанкүйерлердің арқасын қыздырып, делебесін қоздырған сайыстың бірі қазақ күресі еді. Осынау күштілік пен ептілікті сынға салған ұлттық ойын додасын дүбірлеткен  палуандардың арасынан да мықтылары дараланды. Сөйтіп, 70 келі салмақ дәрежесінде «ҚазГерМұнай» БК ЖШС-нің өкілі бірінші орынға табан тіресе, екінші және үшінші жүлделі орындарды «Өзенмұнайгаз» бен «Ембімұнайгаз» АҚ-дарының  палуандары олжалады. Сондай-ақ, 85 келі салмақта боз кілемде белдескен ембілік мұнайшының мерейі үстем болса, қалған екі жүлделі орын жаңаөзендіктер мен қаражанбасмұнайлық жігіттерге бұйырды. Түйе палуандар анықталатын ең қызықты бәсекенің бас байрағын «Еншілес және тәуелді ұйым» құрамасының сайыскері ұтып алса, кейінгі екі жүлде «Ембімұнайгаз» бен «Қаражанбасмұнай»-дың еншісінде  кетті.    

Бейсенбіде спорттық сайыстардың көрігі  қыза түсті. Халқымыздың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ сайысында ерлер арасынан Қайрат Тойболов («ҚазГерМұнай»), Кенжебай Сағынғалиев («Ембімұнайгаз»), Мүслім Жұмақасов («ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру»), ал әйелдер арасынан Бибігүл Әбдірахманова («ҚазГерМұнай»), Айткүл Төлебекова («Өзенмұнайгаз») және Жұлдыз Ахметжанова («ҚМГ» БӨ» АҚ) жүлделі орындарды иеленіп, жеңімпаздар легіне ілікті. Сол секілді,  тартысқа толы шахмат сайысында  ерлерден – «Өзенмұнайгаз» АҚ өкілі Исланбек Бердалиев, «Қаражанбасмұнай» АҚ командасының намысын қорғаған Аманияз Қожаев, «ҚазГерМұнай» БК ЖШС-нің атынан шыққан Вадим Ким, әйелдерден – Алтынай Шерімғалиева («Өзенмұнайгаз»), Ақмарал Усалиева («Ембімұнайгаз»), Гүлмира Мұңалбаева («Қаражанбасмұнай») топ жарды. Бұлардан басқа, осы күнгі бағдарламаға енген үлкен теннистен «ҚазГерМұнай» БК ЖШС, «Ембімұнайгаз», «Өзенмұнайгаз» АҚ-дары командаларының мүшелері Әлжан Жармұхамбетов, Ғазиз Қаражимов, Бекболат Ізмағанбетов бірінші, екінші және үшінші орындарды еншілеп жеңімпаздар қатарын толықтырды.Әйелдер құрамалары бәсекелескен волейбол жарысында  жоғары ойын техникасымен үздік нәтижеге жеткен «Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз», «Еншілес және тәуелді ұйым» командаларының ойыншыларына тең келер ешкім табылмады.

Жұма – спартакиаданың соңғы күні де тартысты ойындармен өрнектелді. Бұл күні волейбол, баскетбол және мини-футбол сияқты шапшаңдық пен ептілікті сынға салған сайыстарға кезек берілді.   Осылардың ішінен миллиондардың машығына айналған шағын алаңдағы теңбіл доп додасында бәйгенің алдын бермеген «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның ойыншылары волейболдан да бірінші орынды иеленсе, баскетболдан екінші орынға табан тіреді. Ақтық сында шеберліктерін сарапқа салған «Ембімұнайгаз» АҚ мини-футболдан,  «Еншілес және тәуелді ұйым» құрамасы волейболдан екінші орынды еншіледі. Ал баскетбол бәсекесінде «ҚазГерМұнай»-дың бағы жанып алтыннан алқа тағынса, волейболдан қола медальді қанағат тұтты. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ баскетболдан «Қаражанбасмұнай» АҚ мини-футболдан жеңімпаз командалардың  үштігін тұйықтады.

Қыркүйектің 18-інде, төрт күнге созылған қызықты кездесулер, боз кілем үстіндегі белдесулер, қашықтыққа жүгіру мен суда жүзу жарыстары, шаршы алаңдағы шахмат пен теннис, шағын алаңдағы теңбіл доп, арқан тартыс сынды спорт түрлерінің аламаны да мәресіне жетті. Жұма күні кешкісін «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен мұнайшылардың төртінші спартакиадасының салтанатты жабылу рәсімінде де  жоғарыда аталған волейбол, баскетбол және мини-футбол сайыстарының нәтижелері алдымен жарияланып, жеңімпаз танылған командалар ұлығыланды.

Көп кешікпей, спартакиада қорытындысымен жалпыкомандалық есепте жеңіске жеткен құрамалардың есімдері аталды.  «Өзенмұнайгаз» АҚ (бірінші), «ҚазГерМұнай» БК ЖШС (екінші) және «Ембімұнайгаз» АҚ ойыншыларының (үшінші) жүлделі орындарды иеленгендігі жария етілді.  Сәлден соң жеңіс тұғырына көтерілген жеңімпаз командалардың өкілдеріне еншілеген байрақтары салтанатты жағдайда тапсырылды. Спартакиадаға қатысушылардың атынан осы шараның ойдағыдай ұйымдастырылып, өткізілуіне белсенді атсалысқан «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына алғыс білдірілді.

Мұнайшы-спортшылардың мерейін тасытып, мәртебесін асырған сәтті қалт жібермей, дәстүрлі спорт додасына қатысушы еңбек ұжымдары командалары өкілдерінің пікірлеріне де құлақ түргенбіз.

Марина КИМ, «ҚазГерМұнай» БК ЖШС құрама командасының мүшесі: – Осы кәсіпорында есепшілік қызмет атқарамын. Осымен төртінші мәрте спартакиадаға қатысып отырмын. Төртінші рет қатарынан үстел теннисінен әйелдер арасында өткен сайыстардан жеңіп шығып, бірінші орын иегері атандым. Әрине, бұл бір өзімнің  ғана емес, маған қолдау мен жанашырлық көрсеткен барша ұжымдастарымның, қала берді жанкүйерлерімнің, достық пен бірліктің жеңісі. 

Ернұр СӘБІКЕНҰЛЫ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ  құрама командасының мүшесі:  – Осында қызмет істегеніме үш жыл болды. Атқаратын қызметім талдаушы. Айта кету керек, бізде жас мамандардың жан-жақты өсіп-жетілуіне, біліктілігін көтерумен бірге спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына толық мүмкіндіктер бар. Мынау мұнайшылар спартакиадасы да сөз жоқ, соның айқын бір нышаны. Осы жолы мекемемізден құрылған баскетбол командасының құрамында ойнадым. Өзіңіз де білесіз, спортшылардың арасында «Ең бастысы жарыста жеңіп шығу емес, соған қатысу» деген қанатты сөз бар. Осы қағиданы берік ұстанған команда мүшелері бағдарламаға енгізілген қай спорт түрінен де шет қалмады, бәріне де қатысып, бағын сынады. Жеңген де, жеңіліс тапқан да сәттеріміз аз болмады. Маңыздысы, жігеріміз мұқалмады, ұтылған сайын қайралып, шыңдала түсті. 

Кенжебай ҚАРАҚАЕВ, «Өзенмұнайгаз» АҚ  құрама командасының мүшесі:  — Бірден айтарым, мұндай елдік шаралардың бір сала еңбеккерлерінің бірін-бірі өндірісте ғана емес, спортта да танып-біліп, достық қарым-қатынастарын нығайтуынасептесері сөзсіз. Оның үстіне, бұл жолғы спорт мерекесінің Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып өткізілуі сайыскерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, бабалар рухы ерекше күш-қайрат беріп, жігерімізді жанығандай әсерде болдық. Өзіміз бір топ жігіттер болып арқан тартысу сайысына қатыстық. Алғашқылар қатарында алаңға шықсақ та аңтарылмадық, қарсыластарымызды айқын басымдылықпен ұттық, олардың қай-қайсысына да дес бермедік. 

Азамат ИСАЛИЕВ, «Ембімұнайгаз» АҚ құрама командасының мүшесі: -Өзім «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты мұнайды дайындап, айдау цехында оператор болып еңбек етемін.  Спортқа да машықтығым жоқ емес. Осыған дейін минифутболшылар сапында ойнағанмын, бұл жолы баскетбол қомандасының құрамында өнер көрсетуіме тура келді.   Тұтастай алғанда жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Нәтижесінде, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының құрамасы жүлделі үшінші орынға тұрақтады. Мұны мүмкіндігіміздің шегі, деп ойламаймын. Тек игі дәстүр қанатын кеңге жайып, жалғасын тапқай деймін. Ұйымдастырушыларға үлкен  рахметімді айтамын.

Дәулетқали АРУЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button