Жарнама
Қоғам

ДАМУ ТЕТІГІ – ЗАҢНЫҢ ҮСТЕМДІГІНДЕ

«Біз халықтың, биліктің психологиясын өзгертейік деп отырмыз. Жұмыс оңай емес. Бұрын-соңды жасалмаған жұмыс» деп Елбасының айтқанындай, ендігі уақытта 100 нақты қадамды орындау арқылы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі одан әрі артады. Ең алдымен, мемлекеттік аппаратты реформалауды көздеген Мемлекет басшысы екінші бағытқа яғни, заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін салаға 19 жаңалық енгізді. 27 қадамын мемлекеттік сот орындаушыларының қызметін күшейтіп, жекеменшік сот орындаушылары институтын да одан әрі дамытуға бағыттады.

 Бұл расымен де барынша жариялы, демократиялық қоғам қалыптастыруға ықпал ететін жаңашыл заң бастамалары болып табылады. Бүгінде соттар шешімінің орындалуы жүйеленіп, қоғамдағы тұрақтылық қалыптасып келеді. Бұл ретте қол жеткізген табыстарымыздың барлығы да бәсекеге барынша қабілетті отыз елдің қатарынан орын алуымызға өз септігін тигізетін жетістік деп білемін.

 Бізде жеке сот орындаушылары аяғынан тік тұрып жұмыс істейді. Борышкерге өздері барады, оларды өздері іздейді. Машақаты аз емес. Ал, шетелде мұның бірі де жоқ. Мәселен, Эстонияда мұндай жұмыс жүйесі мүлдем қаралмаған. Барлық мәліметтер компьютерде арнайы бағдарламаға енгізілген. Кімнің мойнында не бар, қандай байлығы бар, бәрі электронды түрде сақталған. Бізде де бұл жүйені толық енгізу керек. Ол үшін бұл істі орындауда жеке сот орындаушыларына баса көңіл бөлінген жөн.

Жасыратыны жоқ, бүгінде білікті мемлекеттік қызметтегі сот орындаушыларына ақшалай ынталандыру жұмыстарын жүйелі жолға қоя алмай келеміз. Себебі, белгілі бір заңдылық шектеулер бар. Біз жалақысынан артық ақша бере алмаймыз. Ал, жеке сот орындаушыларында бұл мәселе өзінен-өзі шешіледі. Олар өзі орындаған қаржының көлемінде арнайы көрсетілген пайызын сыйақы ретінде ала алады.

Тағы бір айта кетерлігі, біздің елде сот орындаушылары жетіспейді. Олардың ықпалымен жүзеге асатын жұмыс аз емес. Ал, жеке сот орындаушыларына басымдық берілсе, бұл олқылықтың орны толар еді. Қазіргі жұмыс жасап жатқандардың бірқатары  лицензия алып, жеке сот орындаушыларына ауысар еді. Осы тұста айта кеткен жөн, бұл салада кез келген адам қызмет ете алмайды. Ол міндетті түрде бұрын сот орындаушысы қызметін атқарған, тәжірибелі, білікті маман болуы керек.

Жекеменшік сот орындаушылары институтын нығайту арқылы біз үлкен мүмкіндік-терге қол жеткіземіз. Әр жеке сот орындаушысының ең кемінде үш-төрт көмекшісі болады. Олардың саны, әрине, өзінің ақшасына байланысты. Одан да көп көмекшісі болуы мүмкін. Бұл – жеке сот орындаушылары арқылы бірқатар азаматтар қосымша жұмыспен қамтылады деген сөз. Оның үстіне, олардың артынан «сен осыны дер кезінде орындайсың» деп жоспар алып, тексерудің қажеті жоқ. Олар өздері үшін жұмыс жасайды. Жиналыс өткізіп, уақыт та текке кетпейді. Ал, дұрыс жұмыс істемесе, жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылады. Сондықтан, белгіленген заң шеңберінде өзі үшін де, халық үшін де жұмыс жасап, нақты нәтижеге қол жеткізеді.

Күләнда ҚЫСТАУБАЕВА, Атырау облысы әділет департаментінің жеке сот орындаушылары қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button