ДАЛАНЫҢ КӨКЖАЛДАРЫ ДАРА ШЫҒАДЫ
Аман-есен қол-аяғын бауырына алып, алпыс екі тамырын енді ғана идіріп отырған Сәмия байғұс не десін, бірақ, «Асқар» дегенге жаны жадырап, көңілі көтерілді. Жақсы көріп қалды. Аузына сөз түспеген қалпы «Қайнаға, еркіңіз болсын, бала бақытты болсын!» деді.
Сөйтіп Асқар ертегінің ержігітіндей күнде өсіп, сағат сайын қарақұлақтанбаса да, ел баласындай ержетіп, жетісінде жетектеліп мектепке барды. Жастайынан өлең-жырға әуес болып, қолына домбыра алды. Бір жақсысы, ол кезде оқушылардың домбыра оркестрі (неге екенін қайдам, ол шамада домбыра ансамблі деген атау тіптен жоқ, бәрі оркестр. Автор.) болмайтын мектеп жоқ. Құрамында домбыра мен скрипка, бірер-жар мандолина немесе сырнайы бар оркестр күнде кеште дайындық жасайды да жатады. Асқар осындай оркестрдің бірінің мүшесі болды. Кейін осындай концертін жүргізіп, соның хабарлаушы, тақпағын тарсылдатып, көркемсөз оқушы атанды. Талай рет аудандық, реті келгенде облыстық байқаулардың да сахнасына шығып, жүлделі орындардың әлденеше рет қатырма қағазын құшақтап қайтқан.
Ақыры ол оныншыны бітіргенде болашақ мамандығын сахнадан іздеді. Бірақ, өзі ұнататын көркемсөз оқу шеберлерін оқытып, тәрбиелейтін оқу орны Атырауда жоқ, бары Алматыда ғана. Ал, оған оқуға барса ауылдағы жалғыз анасын кім асырап, қарайласады, бәрін де қойып кетіп-ақ қалар еді, қалтасына қаражат салып, көмектесетін кім бар, еш ағайын жоқ. Енді қайтпек? Сөйтіп басы қатып, дал болып жүргенде облыстық газеттен халық шығармашылығы үйінің бір жылдық сырнайшылар курсын ұйымдастырғалы жатқаны туралы хабарландыруды оқып, бұрыннан әлім-берім білетін білік шеберлігін жетілдіру мақсатында құжаттарын өткізді.
Аталған курсты аяқтаған соң облыстық мәдениет басқармасының балықшыларға қызмет көрсететін жүзбелі мәдени үгіт бригадасына сүйемелдеуші-сырнайшы ретінде қызметке кірісті. Концерт жүргізуші де болды, өзі ән де салды. Артынша Махамбет атындағы облысаралық қазақ драма театрына ауысты. Осы кезде бала кезден байыз таптырмаған ізгі арманына қолы жеткендей боп, шағын-шағын рөлдерде ойнады. Бірақ, қалай десе де арнаулы білім керек екен. Ол осы оймен Алматының қазіргі Ж.Елебеков атындағы эстрадалық цирк студиясының әншілер даярлайтын бөліміне түсті. Сонымен бірге осында жүріп көркемсөз оқу жанры бойынша да шеберлігін шыңдады.
Араға екі жыл салып, Атырауына қайтып оралды. Өзінің сүйікті театрында аз ғана уақыт істеген соң облыстық филармонияға әнші болып ауысты. Бір-екі жыл Қызылорда облыстық филармониясында, кейін 1975-1978 жылдары Маңғыстау облысының Маңғыстау аудандық мәдениет үйінде директорлық қызмет атқарды, яғни біраз жердің дәмін татты, ел-жұртты таныды, өмір көрді, шеберлігін де жетілдірді. Ол 1978 жылы Атырау облыстық филармониясының шақыруы бойынша туған жерге оралып, әншілік қызмет атқарды, жеке труппа – «Атырау-Жайық» ансамбліне жетекшілік етіп, өзінің өнерімен бірге, ұйымдастырушылық қырын танытты. Ақыры 1990 жылдың қазан айынан 2008 жылдың күзіне дейін осы филармонияның директоры болды.
Аталған жылдарда ол әуелгіде көркемсөз оқу шебері және әнші, кейін труппа жетекшісі ретінде талай жаңа, жас ұжымның, атап айтқанда, сол кезде одақ көлемінде көбірек көріне бастаған вокалдық-аспаптық ансамбльдердің құрылуы және олардың халыққа жоғары талаптар деңгейінде қызмет көрсетуіне күш салды. Тек Атырау өңіріне емес, күллі Қазақстан, Орта Азия, көршілес Ресей, сондай-ақ Корей, Моңғолия, Түркия елдерінің өнерсүйер қауымының алдында концерттер қойды, рухани қызмет көрсетті.
Ал, филармония басқарған жылдарында өңірде өнер мен мәдени қызметтің дамуы, адамдардың рухани сұраныстарының өтелуі жас буынның қалыптасуы, өсуіне айтарлықтай үлес қосты. Отыз бес жыл бойы өзіндік баспанасы болмаған облыстық филармония Асқар Оңғарсынұлы басқарған жылдарда уақыт талабына сай қолайлы үйге көшті. Оған өнер жұлдызы Нұрмұқан Жантөриннің атын алып берді. Жаңа өнер ұжымдары, балалар хоры ашылды. Бұрынғы «Нарын» фольклорлық ансамблі оркестрге айналып, Ресейде, Моңғолияда өткен түрлі конкурстарда жұлдыздары жанды.
Мектеп оқушылары үшін филармония жанынан жаңа домбыра, балалар хоры үйірмелері ашылып, үрмелі аспаптар оркестрі, шекті аспаптар, әншілер квартеттері, домбыра триосы құрылды. Кейін балалар хоры «Дарын» деген атпен Түркия мен Испания, Франция мен Грекияда өткен халықаралық фестивальдарға қатысып, жүлдегер атанды. «Бұлбұл домбыра» деген атпен күйші қыз-келіншектер сайысы ұйымдастырылды. «Жадымда тұрар жаңғырып», «Сағым жылдар» деген тақырыптардағы өткен жылдар әндерінен ретроконцерт, фестиваль өтіп, өткен ғасырдың 50-60 жылдарында облыстың түрлі аудандарында көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысып, өңір мәдениетін көтеруге үлес қосқан индерлік соғыс ардагері Қоспақ Жұмағалиев, Науша Қадырбаева, жылыойлық Рабиға Ғалиева, құрманғазылық Жамбыл Есбосынова, Саркен Нұрғожина, исатайлық Жолдас Құспанов, тағы да ондаған ардагер сахнаға шықты, өз өнерлерін көрсетті, марапатталды. Жеке шығармашылық кештерін өткізді. Филармонияда әр ай сайын халық композиторларына арналған күй кештері өтті. Сайып келгенде, бұл – адамдарды тәрбиелеу, ұмытылып бара жатқан құндылықтарымызға қайта бет бұрғызудың тиімді жолы еді. Тек ән, күй емес, би, әзіл-оспақ, қалжың, терме-жыр, поэзия кештерінің жиі өтуіне ұйытқы болды.
Солардың ішінде Махамбет поэзиясына арналған «Топтан озған тарланбоз» атты республикалық көркемсөз оқушылар конкурсы, «Ақсұңқар құстың сойы едім», «Мәңгі мұра – жыр жауһар» деп аталатын жыршы-термешілер сайыстарын атауға болар еді. Аталған сайыстарға қазылық жасауға белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығаев, режиссер Есмұхан Обаев, ақындар Темірхан Медетбеков, Иранбек Оразбаев, жыршылар Амандық Көмеков, Алмас Алматов, күйшілер Айгүл Үлкенбаева, Айтқали Жайымов, т.б. шақырылды. Олардың өздерімен кездесулер өткізілді. Сөйтіп, ол басқарған жылдары филармонияның концерт залында әр күн сайын бір мәдени шара өтетін. Оған үлкендермен бірге жастар да барып, тіпті үйлеріне алыс-алыс қалалар, ауыл, аудандардан келген қонақтарға көрсетілер құрмет ретінде оларды сол шараға ала бару да әдетке айналған-ды.
Мәселен, Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылының тұрғыны, қарт ұстаз Жанаш Нұрмұқанов, шалғайдағы Қызылқоға ауданының орталығы – Миялыда тұратын мемлекеттік қызмет ардагері Төлеп Тілегенов, Аққыстау кентінде тұратын көненің көзі, тарихтың өзі саналатын Ғатих Маштақов ағаларымыз ұлттық құндылықтарымызды тірілтуге арналған талай кешке алыстан ат арытып, әдейілеп келген болатын. Былайша айтқанда, Асқар біраз жанның өнер сахнасы, мәдениет төріне қайтып оралуына себеп болды, өлгенін тірілтті, өшкенді жандырды.
Қашан да қазынаның қалтасы тайыз. Ойлаған ісіңнің бәрін жүзеге асыруға мүмкіндік бере бермейді. Осыны ескерген Асқар өңірімізде мұнай өндіріп жатқан «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорнымен тығыз байланыс орнатып, олардың да іске қаражат жағынан қол ұшын беруге, талай игі шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Бұл Асқар Оңғарсынұлының өнер жолы, облыстық филармонияны басқарған уақыты немесе мәдениет саласындағы жұлдызды жылдары еді.
Асқар Харесов өнер салаларында, жоғарыда айтқанымыздай, одақтық, республикалық, Орта Азия республикалары әншілер байқауларының лауреаты атанды. Елбасының, сондай-ақ мәдениет министрлігінің Алғыс хаты, Құрмет грамоталарымен, тәуелсіз республикамыздың «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Дүние жалған, бұл күнде арамызда Асқар жоқ, бірақ, оның өнердегі, өмірдегі жолы өлмейді, жасай береді.
…Міне, біздің заулаған автокөлігіміз ол жатқан еңселі бейітті жанамалап өтіп барады. Бүйіріндегі баттиған «Асқар» деген жазу «Сіздер мені ұмытпағайсыздар. Мен сендермен әрқашан біргемін» дегендей боп, қалмай қатарласа жарысып келеді. Көз алдымызға тарлан атын сипай қамшылап, нөсер жырын боратып келе жатқан Махамбет елестеді. Асқар кезінде Ж.Жетіруов түсірген деректі фильмде Махамбет рөлін сәтті сомдаған еді. Рөл сәттік көріністен тұрса да өте табиғи қалыпта шықты. Оған бәріміз де қуандық.
Шындығында оның түр-сипаты сәл ірірек демесең, ұлы ақыннан аумайтын. Махамбет те бақилық ғұмыр кешкенде атақты Малайсары биге жақындап жатып, бір төбені бауырына қысқан-ды. Асқар да солай, пайғамбар жасына бір жыл қалғанда туған ауылына бастау алатын күре жолдың бойында Нарынның наркескен ақыны – Нұралы ағасынан қол созым жерде боз жусанды бұрқ еткізіп мәңгілік байыз тапты. Оған да алты жыл болды. Өлді деуге бола ма? Ол өнер үшін туған, өзге ой-пікір, қаңқу сөзге пысқырып та қарамайтын және өз дегенімен ғана жүретін даланың дара көкжалы еді. Дүниеден сол көзінен от шашқан қалпы өр кеудесін ешкімге басқызбай, балама күй көрсетпей кете барды.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ.