Жарнама
Қоғам

ДАЛАБАЙ

МӘРМӘР  ТАҚТА 

Аспан-жерді жайпап өткен жасылдан,

Айырылдық-ау, нелер боздақ-асылдан.

Алматыда, Жазушылар үйінде

Мәрмәр тақта көзіңе оттай басылған.

 

Үлкен-кіші әрлі-берлі жүз өткен,

Қарайды оған тағзым етіп ізетпен.

Бейбіт күннің өзінде де қатерден

Солар-сынды тірілерді күзеткен.

 

Мәрмәр тақта мәлімдеген тағдырлар,

Бала сүйіп үлгермеген балғындар.

Туған жердің топырағын жамылып

Қай арада, қай биікте қалдыңдар?

 

Алқынады, жүрек қатты тулайды,

Ащы өкініш жанарларды улайды.

Ерлер ғана бір өледі ежелден

Бірақ, екі тумайды!

 

Осы сөзді кім айтса да иланам,

Мәрмәр тақта алдында көп қиналам.

Қара жердің кеудесіне сыйғанмен

Олар – Алып!

Құшақтауға сыймаған!

 

Батырлардың тізіміне қараңыз,

Өткен күндер әрі шындық, әрі аңыз.

Мәрмәр тақта бетіндегі жазудан

Қайта-қайта бір жаңалық табамыз.

 

Жазықбаев жауға мылтық оқтаған,

Құлатыпты құзғындарды қаптаған.

Келді ғой деп жырланатын кезегі

Бізге қарап жауап күтіп тоқтаған.

 

Қайран ерлер, қасиетке шөлдеген,

Ешкімді де географияға бөлмеген.

Миллиондаған қыршындардың бірі ол

Жау жолына жатып алған көлденең.

 

Сол ерлердің қайратына қайранбыз,

Болмаса олар, қалар едік қайда біз?

Олар үшін күллі дүние біреу-ақ,

Отан – жалғыз,

Күн де – жалғыз.

Ай – жалғыз.

 

Жалғыздарын қорғап жүріп қан кешкен,

Жанарында жұлдыз аунап, таң көшкен.

Туған жердің биігіне ту тігіп

Есімдері шықпас тіпті мәңгі естен.

 

Олар – тірі! Күрсінуді қоялық,

Атқан таңның алауына боянып.

Шыққан күннен таратады шұғыла

Әнұранның әуенімен оянып.

 

Отау тігіп, сән-салтанат құрсақ та,

Бүгін емес, келер күнде тұрсақ та.

Таңғы шықтай мөлдіреген қалпымен

Келе жатыр өзімізбен бір сапта.

 

Сол боздақтар маң даланы түлеткен,

Қала салған, егін орған, гүл еккен.

Сол боздақтар қанатында арманның

Космосқа ұшып барған жүрекпен.

 

Жауапты олар болашаққа қаншалық,

Жанданады, гүл ашады тамса бұлт.

Жылда Жеңіс мерекесін бізбенен,

Тойлайды олар дүрліктіріп ән салып.

 

Айтып барлық арманы мен мұратын,

Осы тойдың ортасында тұратын.

Дала болып тебіренсін, толқысын

Сұр шинелді Далабайдай бір ақын!

 

ДАЛАБАЙДЫҢ

МОНОЛОГЫ

Жасарып жапырағын жайған өңір,

Қымбатсың қызығыңмен, қайран өмір!

Ұстаздық сабағымда ең алғашқы

Даусын-ай, шәкірттердің майда қоңыр.

 

Бұл өзі сөйлейді деп қалай ғана,

Жаутаңдап отырғандай талай бала.

Жағаға маржандарын лақтырып,

Сүңгідім Сұлтанмахмұт, Абайға да.

 

Шындықтың шайқалсын деп шырын гүлі,

Ақтардым бүгінгіні, бұрынғыны.

Архивін тарихтың алға ұстадым

Бойына сіңірсін деп бір үлгіні.

 

Өрт – қайғы, кейбіреуге топан – қайғы,

Су тисе, қара мылтық от алмайды.

Атам қазақ бабасы айтып кеткен

Мақалдарды жаттаттым Отан жайлы.

 

Пенде болмай ойлаған қара басын,

Ертең атқа мінуге жарағасын.

Махамбет, Амангелді ерліктері

Ырзамын қандарыңа тарағасын.

 

Сұрақ көп қой өмірде, таласы мол

Анасы жол, дегендей мынасы жол.

Сөйледім көкірегімді ашып тастап,

«Абай айтқан адамның баласы бол!»

 

Айтқанымды балалар ұғынатын,

Ұғынған соң көңілім жылынатын.

Өрге қарай өлеңді өргізгенмін

Солар үшін болғандай бүгін ақын.

 

Қазақтың қайғысымен, назыменен,

Бір кеште жылқы жайлы жазып өлең.

Атырау аймағына о, дариға,

Ақынның таратқанмын сазыменен.

 

Болғандай өнердегі кемеңгерім,

Аудардым Лермонтов өлеңдерін.

Көктемде дән де болып шашылғанмын,

Көрсін деп жалғыздардың көгергенін.

 

Өсірді, Отан мені тастамады,

Жетімге ашық еді қас-қабағы.

Ризалық көңілменен ақ қағазға,

Сиямен қоса бірге жас тамады.

 

Әрине, қалың өрттен шоқ қалатын,

Арманым, жоспарларым көп болатын.

Тоқсан сөздің тобықтай түйініне

Толқып тұрған көңілім тоқталатын:

 

«Жылыойдың жастан маған жері қанық,

Жылда мен туған жерге тұрам барып.

Сұлудың дөңгеленген көздеріндей

Мөлдіреп жатыр көлі толқынданып».

 

Осылайша шабытты шақырамын,

Айналып Ақ Жайықтың атырабын.

Кіндігім туған жерге байланыпты

Қалай сенсіз таңдарды атырамын.

 

Жалған айту жігітке жарамайды,

Қорқыта алмас өлім де Далабайды.

Торғай екеш торғай да өз ұясын

Шыр-шыр етіп қорғайды, паналайды.

 

Жағада Жамбыл мектеп, Жамбыл ақын,

Деуші едім арманымның алды жақын.

Бір атым насыбайға өкпелесіп

Досым жоқ көңілімді қалдыратын.

 

Құлыптаулы көңілдің кілтін ашып,

Құлын-тайдай табысқан шұрқырасып.

Қимай тұрған құрбылар құшағынан

Аттанамын майданға мылтық асып.

 

Жау тұмсығын ешқашан ендірмеймін,

Өзің қазған көріңе келдім деймін.

Отан-ана!

Сен үшін отқа түсем,

Одан басқа сөзіңді мен білмеймін.

 

Қауызындай тарының тарыламын,

Шытынаймын шыныдай жарыламын.

Өңменіңе жабысқан өлексенің

Көз алдына келтірем бар ылаңын.

 

Қанды майдан тағатсыз асыққаным,

Ыза-кегім теңіздей тасытқаным.

Ант беремін, «Айқасам ата жаумен,

Тамырымда қалғанша қасық қаным!

 

Шыр айналды тағдыры қас-қағымда,

Бүкіл әлем қайғысы бастарында.

Освенциемо, Бухенвальд түрмелері

Қанмен ғана қаланған тас қабырға!

 

Намыс отын үрлеймін, лапылдатам.

Бұйырамын фашистке батыл, қатаң.

Қан майданда көз жұмып кетсем-дағы

Жеңіс күнін бір табан жақындатам.

 

Азар болса, арсыз жау жанымды алар,

Судан таза, сүттен ақ арым қалар.

Сұрқиялы сұмдықтың түрін көрген

Сұрланады мелшиіп қабырғалар.

 

Төзім мықты шойыннан, теміріңнен,

Адам мықты өлмеген өлімімен.

Крематория аузында үңірейген

Сүйектері сықырлап кемірілген.

 

Свастика таңбасы – қара таңба,

Бұлшық етте, ойылған алақанда.

Бозторғайдай жүрегім шыр-шыр етер,

Шұбар жылан жылжыса балапанға.

 

Тау теңселіп, күрсінген аспан-ана,

Қанды құрбан қарттар мен жас бала да.

Екі талай кезеңде еңсем түссе

Тфу! — деп, бетке түкір, масқарала!

 

Сенім ғана жаныңа жарық екен,

Сенімсіз дүниені талақ етем.

О, туған жер! Бір уыс топырағыңды,

Өрт ішіне өзіммен ала кетем.

 

Өн бойымды шарлаған өлең келер,

Топырағың жанымды желеп-жебер.

Өлім деген соншалық қорқыныш па?!

Құдірет жоқ тәнімді сенен бөлер.

 

Ұл тудым деп қуанған, қайран анам,

Отанымдай ұлы күш қайда маған?!

Ақын болып жырласам сені кеше

Қорғау үшін қаруды сайлап алам.

 

СОҒЫС СОЙҚАНЫ

 

Көнер емес жан беріп, жан алыспай,

Майдан шебі өрілген тарамыстай.

«Яктардан» бас бұққан «Мессершмит»

Ұясынан ұшпаған қара құстай.

 

Қайтып енді қанатын қаға алмайды,

Жалын тілі жан-жақтан жалаңдайды.

Құлап бара жатса да қырсық жауым,

Залалдайды, суымды арамдайды.

 

Қала жатыр зілзала қаңыраған,

Дала – жетім қозыдай маңыраған.

Жаны күйіп, қарғаған Тәңірісін

Ана біткен боздаған, аңыраған.

 

Ауып түсті өмірдің арбасынан,

Жас сәбилер жазықсыз дарға асылған.

Қызыл қан мен көз жасы ағып жатыр

Қара жердің ойылған жамбасынан.

 

Әкесінің қаншалық құны кеткен,

Сұмдық еді Гитлер сұры, неткен.

Қанға жерік қарақшы әбжыландай

Хатынь сынды мекенді қырып өткен.

 

Зіркілдесе миномет екі жақтан,

Көтере алмай салмағын жеті батпан.

Қара судың өзі де қайнап жатты

Қара суық кезеңде беті қатқан.

 

Жарылыстан тараған жарық күшті,

Жас жауынгер жанары ағып түсті.

Жазған хатын ананың оқи алмай

Соқыр көздің шын жасы тамып түсті.

 

Кірпігі – мұз, кектенсе қабағы – қар,

Ерік, қайрат солдаттың талабы бар.

Санитар қыз бөбектей әлдилеген

Жауға қайта шабады жаралылар.

 

Қаскөй дұшпан қарулы, айлалы да,

Тізе бүгер қаһарлы байламы ма?

Ерлік пенен ездіктің сынға түсер

Кіріп кеттім ғаламат майданына.

 

ҮШБУ  ХАТ

 

Бөрі – дұшпан қашарда, бөрік – пенде,

Айырылады ақылдан, көріктен де.

Табанында танкінің жанышталған.

Зар шыққандай болады өліктен де.

 

Көз алдында сол шайқас суреті,

Осы екен-ау, ақынның құдіреті.

Бұйрық күтіп Далабай отыр, міне

Жолбарыстың жонындай жұмыр еті.

 

Қырық екінші жылдың бұл авгусі,

Кек отына тұтанып, жанып іші.

Сыз окопта сыздаған жүрегінен

Ұшты ауылға үшбұрыш сағынышы:

 

«Ауылдағы ағайын дін аман ба?

Сәлем жолдай көріңдер сұрағанға.

Өткен түні түсіме еніп шықты

Көрші қызы, мені ойлап жылаған ба?

 

Қарындасым қамығып жыламасын,

Қуат көрсін өзіне бұл ағасын.

Маңдайына бақ ашып, гүл ұсынам

Махаббаттың тажалы құлағасын.

 

Бас бұруға болмайды, бара алмаймын,

Боз шинельді бозарған даламдаймын.

Адам қаны айналамда ағып жатқан

Көп ішінде қап қойған аралдаймын.

 

Сәт толаста ойлармен тоғысқанда,

Туған жерді көремін алыстан да.

Қара сирақ балалар қаршадай боп

Қамытына өгіздің жабысқан ба?

 

Жаманатқа жарық күн жолықтырма,

Балаға да оп-оңай болып тұр ма?

Жан досым-ау, төбеңнен ағып түскен

Жұлдызды мен екен деп қорықтың ба?

 

Жазылмаған жарамды қасығанда,

Жалбарынып жауыма басылам ба?

Волхов бойы. Барамыз суды кешіп,

Жем өзені ұқсайды тасығанға.

 

Жеңгелер-ай, біздерді кешірерсің,

Таңнан тұрып, табаның тесілерсің.

Тағы биыл тарықпай құйып алсақ

Тары деген халықтың несібесін.

 

Қолдарында қарттар мен нәзік бала,

Қора толған қайда да азық қана.

Қазір міне, түсемін найзағайдай

Аман болсын биік тау, жазық дала».

 

ҚОБЫЛАНДЫНЫҢ ІНІСІ

 

Кең дүние келе алмай келісімге,

Қанталаған көзімен жеп-ішуде.

Зор шайқастың алдында өлі тыныш

Адамның да, көлдің де демі ішінде.

 

Талқан болар табиғат таңғы шағы,

Алу үшін бір-бірін аңдысады.

Қара шаштар ағарып қас-қағымда

Қайсыбірі белгісіз қан құсады.

 

Қайта туған қазақтың Қобыланы,

Қас дұшпанның сорына жолығады.

Ақтық оғы таусылса тартынбастан

Денесімен тажалға соғылады.

 

Зеңбіректің ысқырған әні жетті,

Тыныштықтың әп-сәтте мәні кетті.

Батальон командирі Далабайға:

– Баста,-деп ротаны әмір етті.

 

Байғұс бар ма, бас бұғып қалар мұнда,

Жай оқтары жарқылдап жанардың да.

Отан үшін «Ура!» сап бара жатыр

Ротаның Далабай қақ алдында.

 

Арқалаған Отаны жотасында,

Қорғау керек баласын, атасын да,

Боз даланың жусаны жұлынбасын

Сақтау керек құлынын, ботасын да.

 

Оқ жұлыпты иығын, балтырын да,

Отқа шинель етегі шарпылуда.

Ақ найзасы Айменен шағылысып

Фашистердің ойнайды алқымында.

 

Бірін түйреп, мылтықпен мыңын атты,

Жендеттердің тек жерде күлі жатты.

Жалынышты жанарын ашып-жұмып

Қансыраған бір жауыз тірі қапты.

 

Далабайға кірпігі қыбырлады,

Не айтады, еріні жыбырлады.

«Капут Гитлер! Камрат, камрат»-деп

Шыбын жаны байғұстың шырылдады.

 

— Өңмеңдеген ей, сорлы, неге өлесің,

Немен тынды ақыры, төбелесің?

Жердің бетін айғыздар болып едің

Жер астына тіл тартпай жөнелесің.

 

Аруларды қалдырып келемежге,

Сәбилерді қорлаған сен емес пе?

Мен – Махамбет-Исатай ұрпағымын

Еңсе түсіп көрмеген ерегісте.

 

Бар өнерің – өлікті аттағаның,

Сұлулықты, ұятты таптағаның.

Әрине, сен Бетховен сазын тыңдап

Гейне жырын біздердей жаттамадың.

 

Тельман сөзі жалынды арналыпты,

Ұқпағасын, ақыры жарға жықты.

Сайтанның сапалағы саған бола

Күйдірмеймін еліңді, бар халықты.

 

Есеңгіреп жатқанда есіл далам,

Ебіл-себіл жылайсың несін маған?

Отан үшін, қорғаған жотам үшін,

Өшімді алам!

Өшімді алам!

 

Қиын жағдай, тағы да қиын жағдай,

Жау танкісі ар жақтан құйылғандай.

Аузын ашып келеді аждаһалар

Құйрығына ілескен құйын қалмай.

 

Он екі ме, он алты, санап шықты,

Жауынгерлер түйілді, қабақ шытты.

Тез шешімді Далабай қабылдады

Өліспей беріспейтін сағат күтті.

 

Азан-қазан айнала бола қалды,

Жалын тілі жалмаңдап орап алды.

Далабай ең соңғы жарылғышпен

Темір ажал астына домалады.

 

Ойламастан ешқандай сезім, мұңды,

Өлмейтұғын мәңгілік өзін білді.

Майдан төрі айналып сахнаға

Ерлік әнін орындап, көзін жұмды.

 

Аңызға айналдырған атырапты,

Жас қабір жасыл гүлді жапырақты.

Сонау күн туған жерден ала кеткен

Жастанып дамылдады топырақты.

 

Күн батпай ұясына тұрып алды,

Ақынның аяқталмай жыры қалды.

Аулақта, Ақ Жайықтың жағасында

Нарынның нар құмдары ыңыранды.

 

Өмір-көші осылай туындайды,

Бозторғайлар шырқайды ғұмыр жайлы.

Артиллерия сүйреген арық бие

Бомба астында шұрқырап құлындайды…

 

Екпініне ерлердің қара да тұр,

Ел басына туған жоқ заман ақыр.

Былтыр күйген орманның бір бұтағы

Биыл көктеп, әнеки, бара жатыр…

 

СОҢҒЫ  ТҮЙІН

 

Жарқ-жұрқ етіп отты көзі танадай,

Аңқылдаған ашық мінез баладай.

Найзағайдай шатырлаған көгімде

Нар қасқа әннің иесі де – Далабай!

 

Омырауын ашып тастап даладай,

Отандасын құшып-сүйіп жағалай.

Ойламаған ошақ қамын, бас қамын

Отты жырдың иесі де – Далабай.

 

Арпалыста былағай да, алағай,

Арсыз жаудың көптігіне қарамай.

Арыстанша алып түскен астына

Батырлықтың иесі де – Далабай.

 

Сол Далабай бақшамызға бақ шашты,

Адаспады, ата жолын тап басты.

Өзі жап-жас,

Құрдастары бүгінде,

Көзәйнекті ардагерлер, ақ шашты.

 

Айналайын, ағаларға сөз бар ма?

Далабай боп жыр оқиды кең залда.

Үзілмеген үміттерін аялап

Күтеді олар аэропортта, вокзалда.

 

Жарық күннің шырағданы жансын деп,

Тіршіліктің құмарлары қансын деп.

Далабайлар дал-дұл еткен шинелін

Далам аман,

Анам аман қалсын деп.

 

Барсакелмес аралына жол шеккен,

Бауырластар бар үлгісін көрсеткен.

Енді қайтып оқталмасын қарулар,

Енді қайтып киілмесін сол шекпен.

 

Бүтін дүние бөлінбесін бөлшекпен,

Жақсылықты болсын дәйім елші еткен.

Жөргегінде уды жұтып, қан ішпей

Нәрестелер ауыздансын емшекпен.

 

Борбай борша, арқаң арша тілінер,

Қарауылға кез болмасын ілінер.

Өлгендердің өсиеті: Абай бол!

Тірілер!

Тірілер!

Тірілер!

 

Аманқос ЕРШУОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button