«Ел тірегі – білімді қызметкер»
Өңір экономикасының қарыштап дамуы шикізат өндірісіне ғана емес, шағын және орта бизнеске де тікелей байланысты. Біздің елде кәсіпкерлік нысандарын көбейту бағытында тың жобалар жүзеге асырылуда. Ал, тиімді тетіктерді ұсынып, мемлекеттік бағдарламаларды кәсіп иелеріне жеткізетін – мемлекеттік қызметшілер. Облыс орталығында осы саланың өркендеуіне үлес қосып жүрген білікті маман Алтынай Ерубаеваны жергілікті кәсіпкерлер жақсы біледі. Оның бұл еңбегі елеусіз қалмады. Ол өткен жылдың қорытындысымен «Үздік мемлекеттік қызметші» атанған еді.
– Алтынай Сәрсенқызы, мемлекеттік қызметте жиырма жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келе жатқаныңызды білеміз. Бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды?
– Мектепті аяқтаған соң тұтынушылармен жұмыс мамандығы бойынша оқуға түсіп, жоғары білім алып шықтым. Кейін осы салада еңбек жолымды бастадым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әмбебап дүкендер, нарыққа супермаркеттердің жаңадан енген шағында жұмыс істедім. Мамандығым бойынша тәжірибе жинақтағаннан кейін өзімді мемлекеттік қызметте сынағым келді. Қазір бұл сыннан сүрінбей өтіп келемін деп ойлаймын.
– Сіздің пікіріңізше, мемлекеттік қызметші қандай қасиеттерге ие болуы тиіс?
– Мемлекетік қызмет – жауапкершілігі мол жұмыс. Грек данасы Сократ «Мықты мемлекеттің тірегі – сапалы мемлекеттік қызметкерлер» деп түйіндеген. Еліміздің өркендеуі мен мемлекеттің саясатын жүзеге асыратын – жастар, сондықтан олардың бойында өз ісіне деген адалдық, түпкілікті білім, адами, кәсіби қасиеттермен қаруланған болуы қажет.
– Егер мемлекеттік қызметші болмасаңыз қандай бизнес түрімен айналысар едіңіз?
– Ұзақ жыл тек мемлекеттік қызметте еңбек еткендіктен, басқа сала туралы тіпті ойламаппын. Дегенмен, қай жерде, қай салада жүрсем де, алдымен, еліме қызмет етіп, туған жерімнің көркеюіне ат салысатыныма күмәнім жоқ.
– Болашақта өзіңізді басшылық қызметтен көресіз бе?
– Билікке ұмтылу – менің мақсатым емес. Қандай лауазымда жүрсем де мемлекеттік қызметке адал, оны абыроймен атқару, ел игілігіне қызмет ету – негізі ұстанымым болып қала бермек.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз. Кімді үлгі тұтасыз? Идеалыңыз кім?
– Көп балалы жанұяда өмірге келдім. Қазақта бала санын айтпайды ғой. Өзім үлкен отбасында дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Өмірлік серігім Ербол екеуміз бүгінде екі бала өсіріп, тәрбиелеп отырмыз.
Мен үшін идеал адам – анам. Бізді өмірге әкелуі өз алдына, әкемізден ерте айырылған шақта да мойымағанына басымды иемін. Балаларының барлығының білім алуына мүмкіндік жасап, жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырды. Анамды табандылығы мен ақылдығы үшін өзіме үлгі етемін.
– Сіз қашанда әдемі болып жүресіз. Сұлулығыңыздың сыры неде?
– Мұндай «бағаңызға» рахмет, әдемі сөздің өзі адамның жан-дүниесін нұрландырады емес пе? Десек те, адам сыртқы келбетімен емес, ішкі жан дүниесімен сұлу болады. Менің өмірдегі ұстанымым – ешқашан ренжімеу, барлық проблемаларды жеңіл қабылдау, жақсылыққа жақын жүру – сұлулығымның сыры осы деп ойлаймын.
Айбөпе САБЫРОВА.