Қазақ халқының тәуелсіздігі мен Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысы туралы айтқанда, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтар батыр бабаларымыздың бірі – Баймұрат Байбөріұлы.
Ол қазіргі Қызылорда облысы мен Ақтөбе өңірінде XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. Бейіті қазіргі Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Нұра бойындағы Махамбет деген жерде. Батыр баба жерленген төбеге ұрпақтары осыдан үш жыл бұрын белгі-тас орнатты.
Осы өңірде Баймұрат өзені де бар. Ол Талды мен Қоғалы өзендері қосылған жерден бастау алып, Қостанай облысындағы Үлкен көлге құяды. Өзен туралы «Краткий энциклопедический словарь исторических топонимов Казахстана» кітабында И.Ерофеева берген анықтамада да осылай көрсетілген. Архив материалдары бойынша ең бірінші рет 1771 жылы өзен атын Баймұрат деп грек Христофор Барнадес жазған.
Батыр атында тағы да бірнеше жер атаулары бар. Мәселен, Жамбыл облысы Мерке ауданының Сыпатай ауылдық округінде Қызыл Ту ауылының қасында Баймұрат төбе, Өзбекстан Республикасы Науаи облысындағы Айдар көл жағасында да батыр атындағы ауыл, Лисаковск қаласының қасында Баймұрат көпірі, Ресейдің Орынбор облысы Адамовский ауданында да батыр атындағы село бар.
Ағылшын саяхатшысы Джон Кестльдің жазбаларында Баймұрат 1736 жылы орта жаста болды деген жолдар кездеседі. Сол кезде 35-45 жаста болды десек, шамамен 1690-1700 жылы туып, 1760 -1770 жылы қайтыс болған.
1742 жылы қаңтардың басында Амударияға жақын жерде қыстаған Әбілхайыр ханға жоңғар елшілері Қашқа мен Баранг нойондар келіп, Қалдан Церен атынан талаптарын жеткізеді. Яғни, Әбілхайырдан ұлы Айшуақ сұлтанды жас жұбайымен және ең беделді деген 9 батырдың балаларын аманатқа талап етеді. Аталған беделді батырлардың бірі – Баймұраттың Өте деген ұлы.
XVII ғасырдың екінші және XVIII ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқының тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірі болды. Әсіресе, жоңғар шапқыншылығынан туындаған қасірет пен жоқшылық жайлаған жылдар тарихтан белгілі.
Осы кезеңде өмір сүріп, тарих сахнасына шыққан қазақтың атақты батырларының бірі Баймұрат Байбөріұлы Қалмаққырылған және Аңырақай шайқастарында ерлік көрсеткен. Ол осынау ұрыстарда Жаппас, Алтын руларына ұран болып, елді айналасына топтастыра білді.
Ұран – адамдарға рух беретін, бір мақсатқа жұмылдыратын дабыл сөз. Бір сөз бірнеше жүздеген, мыңдаған адамдардың аузынан бір мезетте күңіреніп, жаңғырып естілгенде, жауынгерлердің рухы көтеріліп, тек алға ұмтылған. Ал, аты ұранға айналу – екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Есімінің ұранға айналуы үшін сол адамның батырлық, билік дәрежесімен бірге ерекше қасиеттері болуы міндетті.
Батыр бабамыз Кіші жүз ханы Әбілхайырдың Ресейге бодан болу ниетіне белсене қарсы шығып, 1731 жылдың қарашасында Әбілхайыр ордасын шауып, М.Тевкелев басқарып келген елшіліктің түскен үйін қоршап алып, ханның малын айдап кетеді.
Осы кезеңді толықтыратын тағы бір дерек Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында былай суреттеледі: «Көп ұзамай күншығыс жақтағы дөңбек жалдардың басына орнаған ымырт ала бөтен қалыңдап кеткендей қара түнек болып қоя берді. Ол Баймұрат еді. Соңына ерткен қолы, шынында да, қарақұрым екен… Қолдарына мылтық, қылыш, найза ұстаған орыс солдаттары мен башқұрттар елшісінің мекенін қоршап тұрып алды. Ақ сұр ат мінген шаңқылдақ кісі әрлі-берлі шапқылап жүр, Баймұрат сол екен. Баяғы шеке тамыры бадырайған қызыл-сары би болып шықты. Біресе хан орданың тұсына барып шаңқылдады. «Кісендеулі екі жігітімді ат-шапан айыптармен қайтармайтын болсаңдар менен жақсылық күтпеңдер. Түн ортасы ауғанша мұрсат берем. Сол ортада талабым орындалмайтын болса, обалдарың өздеріңе. Ордаңды шағып, отын етіп жағам. Елшіңді мойнына қыл тұзақ салып сүйретіп әкетем. Жауабын патшаның алдында мен емес, сен бересің Әбілхайыр».
Аманқос МАКЕЕВ.
(толығырақ «Атырау» газетінің №11 санында)