Жарнама
Қоғам

«АТА ДӘСТҮРІН АРДАҚТАЙТЫН ҚАЗАҚ ІЗДЕЙМІН…»

1539950720 21aitys2

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, ақын Жүрсін Ерманның «Қазақ іздеп жүрмін…» атты шығармашылылық кешінен кейін көкейімізде жүрген көп сауалға жауап іздеп едік.

1523331319 article b 1500

−  Сізді халық «айтыстың атасы дейді» бүгінде. Қазақ айтысының қазіргі таңдағы шыққан биігіне қосқан үлесіңіз мол. Ел мен жұрттың берген бағасы – Сізге артқан сенімі де. Оның да арқалатар жауапкершілік жүгі бар екені шындық. Сонау 1992 жылы айтыстан кетіп те қалған кезіңіз болғаны есімізде.

Сол кезде жазған:

Ширек ғасыр болды «Айтыс» алданышым,

Рахмет – алданыш болғаны үшін.

Талай төрде ту етіп желбіретті,

Тоз-тоз  болған қазақтың өр намысын.

Сен қазақтың арманын үстем еттің,

Сен талайдың бармағын тістелеттің.

Мыңмен жалғыз алысар шама қайда?

Бақаны  бар бандыға не істемекпін?!

Қымыздай  боп ашыған сабасында,

Шырақ жақтың ұлтыңның санасында.

Алпауытпен  алысып жүргеніңде

Қолың кетті биліктің жағасында.

Менен дәрмен кетті енді

Кешір мені!

Сенсіз  алға жылжиды көш ілгері.

Бар қазақтың аузына құм құйғаны —

Айтыс, сенің үніңді өшіргені, — деген өлеңіңіз көпшіліктің аузында жүргені және рас.

Шығармашылық кешіңізді «Қазақ іздеп жүрмін…» деп атапсыз. Сіздің іздегеніңіз қандай қазақ өзі?

−   Дұрыс айтасыз. Мен айтысқа барымды бердім. Жастық шағымды айтысқа арнадым. Сол жолда қолда барымды беруге әзір болдым. Менің қазіргі жеткен биігім – айтыстың арқасы. Айтыс – киелі өнер. Шындығына келсек, айтыс арабтарда, басқа да халықтарда болды. Бірақ, олар оны сақтай алмады. Біз олардан гөрі бақыттырақпыз. Айтысты сақтап, бүгінге жеткіздік. Енді оны ұлықтау – ұрпақтың ары мен намысында.

Сұрағыңа келер болсам, мен сонау сақтар мен ғұндардың жолын қуған, солардан қалған салт пен дәстүрді сақтайтын, ұлтының рухани құндылықтарын дәріптейтін қазақ іздеп жүрмін. Нағыз қазақ, мәрт қазақ бір ауыз сөзге тоқтаған. Сөз түсінетін, халқының намысын қолдан бермейтін қазақ іздеймін. Маңғыстаулық ақын Светқали Нұржанов сынды қазақ менің іздегенім.  Ал, шығармашылық кешке келетін болсақ, ол кештің атын менің шәкіртім, айтыс ақыны Бауыржан Халиолла ұсынды. Менің мынадай өлеңім бар, оқып берейін.

Жеткіземіз деп жүріп жолдарды Айға,

Жиреншені,

Алмаймыз Алдарды ойға.

Шырт түкіріп, шақшасын қағып қойып,

Қабағымен ықтырар шалдар қайда?

Жеті қырдың астынан тың тыңдаған

Жігіт қайда – сақтайтын жылқыңды аман?

Ажал жетсе арысқа – жоқтау айтып,

Жесір қайда – жұбанбай сұңқылдаған?!

Тұлпарларын жүрсе де мініп қойға,

Тектілігі қанымен тұнып бойда,

Қарындастың басына күн туғанда

Ту түбінен табылар жігіт қайда?!

Бәлесі көп бықсытып өрт-өсегін,

Бұрышында тұрмайтын әр көшенің

Ару қайда – ар, ұят, иманымен

Жайнамаздай күтетін жар төсегін?!

Қыздар қайда – Мәжнүннің ғашығындай,

Келін қайда – аспанның ашығындай

Омпысына қорғасын құйып қойған

Бала қайда – құлжаның асығындай?!

Намыс болса, оянар өзі-ақ бойда

деп жүргенде,

ағарып көз ақпай ма?

Алты алаштың арманын арқалаған

Асып туған атадан қазақ қайда?!

Бар азапты арқама тиегендей,

Мен өлуім керек қой,

Кием өлмей.

… Қазақ іздеп жүрмін мен, қазақ іздеп,

Күндіз шырақ ұстаған Диогендей! — осы өлеңнің жолынан тақырып таңдап алдық.

– «Махамбет және біз» деген өлеңіңізде:

Жан бағуға жол тауып жарайтындай,

Ақиқаттың жатқанда бәрі айтылмай.

Біздің күйкі тірлікке Исатайым,

Тас төбемнен түйіліп қарайтындай.

Өсекші өлең,

Отырсың сыр ақтарып,

Жақтырмайтын жанбыз біз сұрақты анық.

Махамбеттен – кететін бір-ақ тартып,

Бара жатыр арамыз жырақталып.

Күн өткізіп желікпен, сауықпенен,

Қызығымды сайраннан тауып келем.

Махамбетке ұқсасақ арман қайсы,

Ұқсайтыным аз ба деп қауіптенем, — деген екенсіз. Бала кезіңізден Махамбетті идеал еткеніңіз көрініп тұр. Кей тірлігіңізге көңіліңіз толмайтыны өлең жолдарынан байқалғандай. Шындығында, Махамбетке ұқсауға тырыстыңыз ба?

−  Мен мектеп кезінен бастап Махамбет ақынды сүйіп, оның барлық өлеңдерін жаттап өстім. Кейде оқырмандар арасынан «Махамбетке ұқсайсыз» дейтін жандар кездесіп жатады. Өзіңіз оқыған өлеңді соған  жауап ретінде жазған едім. Әрине, Махамбет сияқты ақынға ұқсасақ, арман жоқ қой.

Өмір дегеннің өзі қызық. Бала шағымнан ұқсағым келген Махамбеттің ізі қалған, тұлпарының тұяғының дүбірі әлі де дүбірлеп тұрғандай көрінетін Атырау жеріне, Қараойдағы ақынның мәңгілік дамылдаған мекеніне жолым түсерін ол кезде ойлаппын ба? Осының өзінде де бір сабақтастық бардай көрінеді маған. Нағыз қазақтар – Исатай, Махамбеттер! Өз елі мен жерінің қамы үшін бастарын бәйгеге тіккен батырлардан біздің қай жеріміз артық? Сондайда жаңа ғана өзің еске салып кеткен өлеңнің «…Кездерімді қайтейін, айта алмаған,

Қылышымды, қайтейін, боққа шапқан» деген жолдары оралады. Қазақтар қазақтығын ұмытпаса екен, ол үшін рухани құндылығымыз сөз өнерін, айтысты дамытып, болашаққа жеткізсек екен деген көкіректегі арман орындалып жатыр. Ол да болса, ата-бабаларымыздың асқақ та өр рухының әлі де құлдырамағанының белгісі. «…Кезім аз ба мен айтсын деген кезде,

Қара қылды қақ жарып айта алмаған?!» деппін аталған өлеңімде. Әрдайым халқымыз үшін, салтымыз үшін жан беруге даяр болсақ екен. «…Өтемістің ұлына сенгеніндей, Сенбей қойды, бірақ та халық маған» дегенімдей, ел мен жұртымыз артқан сенімге адал болайық. Сөз түсінетін қазақтар көбейсін!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button