ДҮНИЕДЕ БІР ҚАЛА БАР ДЕЛИ ДЕГЕН…
Ол – Қытайдан кейінгі жер аумағы, халқының саны бойынша әлемде екінші орын иеленген үлкен мемлекет. Шарбы бұлттармен араласып, жер-шарын көктей ұшқан ұшақ үстінде ойыма алдымен жұпар иісті шай мен кино елестеді. Тірлікте шайдың бар екенін білгелі, Үнді елінің бар екенін біліп өстік. Кеңестік кезеңде Үнді елінің киноларын клубтан-клуб қалдырмай қарағанымыз да бұл күнде аңыз. Жалпы, адам баласының бір түбектен екінші түбекке, бір жерден енді бір қиян шетке ұзай шығуының өзі – үлкен оқиға. «Атың барда, желіп жүріп жер таны» деп бабаларымыз тегін айтпаса керек. Батысы Араб теңізінің, шығысы Бенгал шығанағының суларымен қоршалған, аумағы 3,3 млн. шаршы шақырым Үнді елінің топырағына ұзақ ұшып табан тіредік. Ел астанасы Делиге 1 желтоқсан күні келдік. Күн шыжып тұрды. Атырауда киген күртешемізді шешіп, шолақ жең көйлекпен шыға келдік. Бұл – Үндістанның саяси және қоғам қайраткерлері әйгілі Жавахарлал Неру мен оның қызы Индира Гандидің табанының табы қалған Дели!
Халқы иін тірескен Дели қаласы, әрине, көзге бірден әсем көрінеді. Бірден байқағанымыз, кедей-кепшігі көп қала екен. Көшеде қонып, ыс жұтып, «шықпа жаным, шықпамен» өмір сүріп жатқан адамдар көп. Темір кереуетке қонып шығып, босып жүрген халықтың жағдайы ауыр екені көзге бірден шалынды. Бір миллиардтан аса халықты дәулетті ұстау қай мемлекетке оңай дейсіз? Мынау экономикасы өрге домалаған Қытай елі де кедей-кепшігін жарылқай алмай отырғаны жасырын емес. Бірақ, бүгінгі Үндістан Қытай секілді қарқынды дамуда. Жалпы, Үнді елі тұрғындарының 30 пайызы білімсіз деп саналады. Ойлай беріңіз, миллиард халықтың 30 пайызы деген 300 млн. адам емес пе? Ол дегенің ТМД аймағының барлық тұрғыны дерсіз. Ал, біздің жас та тәуелсіз еліміздің жағдайын осынау алып елдермен салыстыра қарасаң, жаның қуанышқа бөленеді. Елбасымыздың сарабдал саясаты мен кемеңгер істері көкірегімізге шаттық орнатады.
Дели әуежайынан шығып, «Jaypee» қонақ үйіне орналастық. Кешкі сағат 19.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің күніне арналған салтанатты кешті бастадық. Көрермендерге қазақ композиторларының әндері мен күйлеріне қоса Үнді елінің де таңдаулы шығармаларын тарту еттік.
Үнді халқының әуелден ән-жырға әуестігі салтанатты кеш барысында концерттік бағдарламамызды қабылдауынан-ақ байқалып тұрды. Біздің дала сазымен рухтас әуендерімізді шапалақ үнімен іліп әкетіп, қошемет-құрметін аямады.
2 желтоқсан күні Делиден шығып Агра қаласына жол тарттық. Екі тарихи қаланың арақашықтығы 204 шақырым. Аграда орналасқан атақты сәулет өнерінің аса үздік үлгісі әйгілі Тәж Махал кесенесіне бет түзедік. Жүрегіміз лүпіл қағып келеді. Алысқа аңыз боп тараған, жақынға көз тоймас әсемдігімен белгілі Тәж Махал кесенесін көрген де арманда, көрмеген де арманда екені рас. Бағымыз бар екен, кесенеге ену бақыты бізге бұйырыпты.
Тәж Махал – Бабыр ханның ұрпағы Жақан шахтың тоқалы Мұмтаз Махалға арнап салдырған кесене дейді аңыздар. Он тоғыз жыл отасып, он үш құрсақ көтерген, он төртінші перзентін дүниеге әкелерде аяулы жары Мұмтаз қаза болғанда, Үндістанның әйгілі билеушісі Жаһан шахтың өзегін өртеген қайғысынан айықтырар ештеңе табылмаған. Ұлы мемлекетті уысында ұстаған билік те, көл-көсір алтын, күміс, асыл дүние де, Үндінің хор қызындай қылықты арулары да жұбаныш бола алмаған. Сыңарынан айырылған аққудай болған патша сүйіктісіне арнап, кейін әлемдегі жеті кереметтің бірінен саналған Тәж Махал ескерткіш-ғимаратын салдырып, өмірінің ақырына дейін терезеден соған қарап, шерін тарқатып өткен екен. Жамуна өзенінің алабындағы зәулім, көрген көзге сүйініш, көрмегенге күйініш болған кесенені әлемдік сәулеттің шыңы десе де болады. Тарихи дерек бойынша, кесененің құрылысы 22 жылға созылған. 1630 жылы басталып, 1652 жылы дайын болған екен. Төрт құбыласында төрт минареті, биіктігі 74 метр бес күмбезі бар ақ мәрмәрдан салынған әйгілі кесененің құрылысына Орта Азия, Парсы, Таяу Шығыс елдерінен 20 мың зергер-ұста жұмылдырылған. Тәж Махалдың құбыласында қызыл құмнан салынған мешіт, шығысында қызметкерлер жататын тура соның көшірмесі салынған. Мазарға симмитриялы салынған екі үлкен қақпа арқылы кірдік. Кірдік дегеніміз құр сөз ғана. Алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әдемі бассейндермен көмкерілген Тәж Махал ансамблі – архитектураның ғаламаты. Мазар тұтастай ақ мәрмәрдан тұрғызылған. Қабырғаларындағы кесек мәрмәрдағы ұсақ, аса шеберлікпен кескінделген орта азиялық ою-өрнектер қолдан қашалып жасалған. Таң шапағымен қызғылт түске, күндіз ақ шаңқан, түнгі ай сәулесімен күміс түске боялатын мөлдір ақ мәрмәрді Аградан 300 шақырым жерден алдыртқан екен. Ең кереметі кіреберістегі Құран сүрелері қара ақықтан, ал қабырғалардағы әшекейлер мен гүлдер қызғылт ақық, малахит, жақұт, нифриттен жасалып, мәрмәр тастың ішіне ойып салынған. Әлемдегі ең кесек алмас тас (бриллиант) «Кох-и-Нұр» осы мазарда тұрған. Тәж Махалдың іргесін жуып жатқан Жамуна өзенінің арғы бетінде қара мәрмәрдан жасалған іргетас жатыр.
1983 жылы «Үндістандағы мұсылман өнерінің жауһары» Тәж Махал ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енгізілген. Жол бастаушылардың айтуынша, жылына оны көруге 3-5 млн. саяхатшы келеді екен. Біз де сол көп саяхатшылардың қатарында Қазақ елінен келіп, аңызға айналған кесенені көріп, керемет сүйсіндік. Бұдан кейін Агра фортқа келдік. Бұл бір тегіс қара мәрмәрдан жасалынған шах төрі (салмағы 1,5 т), қабырғаларында құран сүрелерінің үзінділері қашалған. Қызыл форт туристердің сүйікті орындарына айналған.
3 желтоқсан, сәрсенбі күні Делиден шығып, Құтыпуддин кесенесін, бейсенбі күні «Қызыл қамал» кешенін тамашаладық. Бір айта кетерлігі, Үндістанда кесене, ғибадатхана, әдемі кешендер өте көп. Мәселен, Делиде Үндістанның ең ірі мешіті Джама Масжид (Jama Masjid) орналасқан. Тарихы тереңнен басталған Азияның оңтүстігіндегі ғажайып ел расымен де мың түрге боянып тұр. Үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін шексіздік пен ғажайып болмыс үнді елінің ерекшелігін ғана паш етіп тұрғандай. Бұл – шалқыған қоғам мен өмір үшін арпалысқан бұқараның қарама -қайшы қағидаларынан қалыптасқан, артынша сол екі жікті барынша жақындатуға күш жұмсап, Үндістанды гүлдендіруге талпынған үнді ұлтының мемлекеті.
Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармония әртістері кешкі сағат 19.00-де Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған қорытынды концертін өткізді. Кешке жиналған дипломаттық қызмет өкілдері мен шақырылған қонақтар Ержан Қитаровтың басқаруындағы «Мұрагер» фольклорлық этнографиялық ансамблінің шеберлігіне, Венера Машқалиева мен Қуандық Нұғмаровтың әндеріне, Зарина Байкенованың билеріне үлкен ризашылықпен қол соғып, қошеметтерін аямады. «Алыс облыс орталықтарында мынадай шебер ұжымдар бар екеніне сенбейтін едім, сіздерді көргенше көкірегімде күдік болғанын да жасыра алмаймын, ғажайып өнерлеріңіздің алдында бас иемін» — деді арнаулы қонақасымыз үстінде Қазақстанның Үнді еліндегі елшісі, белгілі ел азаматы Болат Сәрсенбаев. Елшілікте қызмет істейтін азаматтарға филармония директоры Ғаділ Дүйсенғалиев мұнайлы өлкеміздің тыныс-тіршілігін бейнелейтін сый-сияпаттар тапсырып, елшіге ризашылығымызды білдіріп, иығына шапан жаптық.
5 желтоқсан күні «Құмайын» сағанасын аралап, еркін демалып, келесі күні ұшағымыз Алматыға бағыт алды.
Түйін Үндістан – өзінің мыңжылдық тарихында өне бойына қызықты оқиғалар мен таңдай қақтырар дүниелерді жинай білген ғаламат ел. Себебі, Ежелгі Үндістан адамзат дамуын елестетуге болмайтын бүгінгі заманауи ғылымдардың көпшілігінің негізін қалады. Осынау алып елдің дәм-тұзы бұйырып, бес күнімізді өткіздік. Бірақ, алған әсеріміз әлі күнге көз алдымыздан кетер емес.
Алтынбек НЫСАНҒАЛИЕВ,
облыстық мәдениет, мұрағаттар және
құжаттама басқармасының басшысы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.