ДҮНИЕ ТҰНЫП ТҰРҒАН СЫРҒА ТОЛЫ
Бүгінгі әңгіме арқауы – Хамит Әубәкіров. Ол–белгілі қаламгер, ақын, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері, көптеген жоғары марапаттардың иегері. Жазу әлеміне Хамекең орта мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ене бастаған. Туған топырақ, киелі мекенінде шығатын «Коммунизм туы» аудандық газетінде корректор болып, газет жұмысының алғашқы әліпбиін бастаған.
«Кім болам» деген сан сұрақ, асқақ армандар, биік мақсаттар мектеп бітірген балаң жігітті талай қиял жетегіне ілестірген.Сөйтіп ол әсем қала –Алматыға жол тартады. Ауыл баласы бар сынақтан сүрінбей өтіп, Алматы мемлекеттік жоғары педагогикалық шетел тілдері институтының ағылшын тілі факультетіне оқуға түседі. Алматыдай алып шаһардың әсемдігі, думанды студенттік орта онсыз да ұшқыр уақыттың лезде өте шыққандығын байқатпады да. Қолына дипломын алған Хамит ат басын туған жерге қарай бұрады. Бұл 1968 жыл болатын. Жетібай поселкелік орта мектебінде мұғалім болып жұмыс жасаған жас маман көп кешікпей әскер қатарына алынады. Бұл да адам өмірінің бір белесі. Әскери міндетін абыроймен өтеп, елге аман-есен оралады. Байқайды, көңілінің көк дөнені бір кездері өзіне етене жақын болған қаламгерлік ортаға тартады да тұрады. Осылайша ол бұрынғы еңбек еткен «Коммунизм туы» газетіне келіп, қатардағы әдеби қызметкер болып орналасады.
Жазуға деген әуестік, қызметіне деген сүйіспеншілік оны тек алға ғана жетеледі. Тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіс өз жемісін берді. Жинақтаған тәжірибесін ел игілігіне, болашақ мамандарды тәрбиелеуге арнады. 1979 жылы Қызылқоға аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылады. Партия, кеңес қызметінде де көзге түскен Хамекең 1985 жылы аудандық партия ұйымы партиялық комиссиясының төрағасы, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, бюро мүшесі болып сайланады. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болады.
Қызылқоға аудандық кәсіподақтар кеңесінің жауапты хатшысы, аудан әкімі аппаратының референті, іс басқарушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аппарат басшысы сияқты жауапты жұмыстар атқарып, аудандық мәслихаттың депутаты болып және аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланады. Дөңгеленген дүние Хамекеңді тағы да газетке алып келеді. Облыстық «Атырау» газетінде жұмыс жасап, зейнетке де осы жерден шығады.
«Әр адам–бір-бір әлем» деп Хамекеңнің өзі айтқандай, әркімнің өмірінде де ерекше із қалдыратын, қашанда құрметтеп еске алып жүретін адамдары болады. Алғашқы редакция табалдырығынан аттағанда таныс болған Мақажан Қабиев, Төлеп Тілегенов, Төлеубай Ысқақов, Мақат Хайруллин, Әнуарбек Қосанов, Қабижан Сағиев, Төлеген Жаңабаев, ұстаз тұтатын Ізни Нұрқасымовтардың есімдерін мақтанышпен, үлкен сағыныш сезімімен атайды. «Бұл жігіттердің барлығы да білім мұхитынан терең білім алған өте сауатты жігіттер болды. Олардың талантты ұштай білетін қамқорлықтары, өз кәсіптерін терең меңгерген білімділіктері кім-кімге де үлгі боларлықтай еді.
Мен осы азаматтармен қоян-қолтық жұмыс жасап, журналистиканың көптеген қырлары мен сырларын үйрендім. Сырлы жазудың ерекшеліктерін білдім. Өмір жолыңда жақсы жандардың кездесуі де кез келгеннің маңдайына бітпес бақыт деп есептеймін. Журналист деген – ерекше мамандық. Өзінен гөрі өзгені көбірек ойлайтын, біреудің қуанышын, мұң-мұқтажын бөлісу, жақсылар туралы жария ету, кемшін тұстарды өткір тілмен түйреу, шешімін күткен мәселелерді көрсету журналистің төл міндеті саналады», — дейді әңгіме арасында Хамит ағамыз.
Хамит Әубәкіров өлең деген киелі өнерді де жанына серік етіп келеді. Лирикаға толы махаббат жырлары, арнаулар мен эссе-өлеңдер, ақжарма тілектен туындаған тілек жырлар оның қаламына арқау болған. «Жігітке жеті өнер де аз» деген, бір кездері Хамекеңнің ақындар айтысына қатысқандығын бірі білсе, бірі біле бермес. Сағыздағы Ленин атындағы кеңшардан шыққан Мәркиза Базарбайқызымен болған айтыста Хамит аға Мұқырдағы «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл қой кеңшарының атынан шыққан. Айтыс өте қызықты өткен.
Өлең – өте нәзік, сырбаз, керек жерінде жұлқып түсер асаулығы да бар киелі өнер. Өлеңді серік еткен ақынның бұлақ бастауы болары сөзсіз. Бұл ойымызды Хамекең былайша мақұлдады: «Иә. Өлең дегеннің өзі өр дүние ғой. Менің анам Сәбила Есқалиқызы – отбасының қамын ойлаған қарапайым қазақ әйелі. Ісіне мығым, керек жерінде әсемдеп сөйлей білетін. Аздап өлең шығаратыны да бар болатын. «Ана тілегі» деген мына бір өлеңі қашанда менің бойтұмарым сияқты жадымда жүреді.
«Өлеңге сен де доссың, мен де доспын,
Өмірлік мекеніне қонды құсым!
Өмірлік мекеніне қонған бүгін,
Қадамың құтты болсын қарашығым!
Шығады ауылымнан бір ұзын жол,
Жақсыдан сөз алғанның ақылы мол.
Қосылған қос үмітпен қарақтарым,
Өмірлік құтты ұяңда бақытты бол!
Құлпырған жақұт тектес қамарым-ай,
Ағаштың отқа жақтым томарын-ай.
Қосылған қос аққудай қарақтарым,
Бақытың өрлей берсін жоғарыға-ай!
Тату бол, елге сонда жағасың-ай,
Сыйласқан кім-кімге де жарасымды-ай,
Осынау ақ тілегін арнап айтқан,
Ұмытпай еске алып жүр анашыңды-ай!».
Бұл 1972 жылы Сәбила ананың Хамит аға мен Құндыз апайдың бас қосқанда жазған өлеңі екен. Содан бері талай қызықтар мен қиыншылықтарды қатар көтеріп Хамит ағамыз бен Құндыз апамыз өмір көшінің бел ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Ана тілегі қабыл болды. Бауырларынан тараған үш ұл бүгінгі күні ержетіп, білім алып, түтін түтетіп, егемен еліміздің болашағы үшін адал қызмет етуде. Үш ұлдан көрген тоғыз немере – атасы мен әжесінің көз қуанышы, өмірлерінің сәулелі жаншуағы. Отбасының алтын арқауы Хамит аға қашанда жайдары, тал бойына қарапайымдылықты сіңірген қасиеттерімен балаларына үлгі бола білді.
«Хамекең–күнделікті өмірде де өте жайдары адам. Оның қол жеткізген табыстарының барлығы–өзінің таза еңбегінің арқасы. Қай салада еңбек етсе де ол абырой биігінен көріне білді. Осының барлығы–тынымсыз ізденістің, өз ісіне деген құрметтің белгісі» дейді оның әріптестері.
Хамит Әубәкіровтің «Сырлы әуендер», «Сырлы әлем», «Сырлы тағылым», «Отан үшін от кешкен» деген тақырыптағы кітаптары жарық көрген. «Сырлы баян» атты еңбегі дайындалу үстінде. Хамекеңнің жазбаларының басты тақырыбы – туған ел азаматтары, ел ағалары, замандастары мен қоғам қайраткерлері. «Хамеке, шығармаларыңыздың дені «сырлы» болып кетіпті ғой» деген сауалымызға жұмсақ жымиып алып: «Дүниенің өзі тұнып тұрған сырға толы. Сол сырды сезіну үшін тереңіне үңілесің. Ал, сол сезіну, тану, білу дегендердің барлығы да–адам және адамның әрекеттері арқылы білінетін нәрселер. Менің кейіпкерлерім өзім жақсы білетін адамдар болғандықтан, солар арқылы сырлы дүниені сезінемін. Кітаптарымның бұлай аталу себебі де осы шығар мүмкін». Хамит аға тағы бір сырлы дүниеге үңілгендей үнсіз қалды.
Қолынан қаламы түспеген, жетпіске толып отырған қаламгер ағаға біз де толайым табыс, шығармашылық көңіл-күй тіледік.
Ағиба ҚАТЕШОВА.