Жарнама
Қоғам

ДҮЙСЕНБЕК ҚҰЛЖАНОВ: «ТАРИХЫМЫЗ ДА, ТАҒДЫРЫМЫЗ ДА ОРТАҚ»

— Дүйсенбек Орынғалиұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде институт негізгі мақсатына жете алды ма? Ассамблея бүгінде қоғамда қандай рөл атқарып отыр?

Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдың 1 наурызында Президент Жарлығымен  құрылды. Содан бергі жиырма жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері Ассамблеяның маңайына топтасып, өздерінің салт-дәстүрі мен мәдениеттерін жаңғыртып, дамытуда. Елімізде құрылған бұл қоғамдық институт өзге елдерге, мемлекеттерге үлгі көрсетіп қана қоймай, бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастыруда деп айтар едім. Ассамблея мүшелері қашан да Қазақ елінің ынтымағы мен бірлігі жолында тер төгіп келеді. Алғашқы референдумнан бастап, кешегі Ел бірлігі Доктринасына дейін Ассамблея осы өмірлік мәселелердің бел ортасынан табылды. Достыққа дәнекер, ұлағатты істерге ұйытқы болды. 

Тағы бір ерекше атап өтерлігі, Ассамблея қызметінің арқасында елімізде этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.

Еліміздегі этностардың мәдениеті мен тілінің, дәстүрінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Облыстық Ассамблея хатшылығымен бірге қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірге белсене араласып отырған 17 этномәдени бірлестік бар. Олар өңірдегі этностардың элитасы ретінде ұлтаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді іс-қимылды қамтамасыз етуде, қоғамда этносаралық келісімді нығайту барысында жұмыс атқарып келеді. 

Атырау облысы бойынша тоғыз этномәдени орталық басшысы республикалық деңгейдегі  Ассамблеяның мүшелері болып табылады. Сондай-ақ, облыстық мәслихат құрамында неміс, болгар ұлтының өкілдері болса, сол секілді қалалық мәслихатта да орыс, кәріс ұлтының өкілдері халықпен тығыз қарым-қатынаста қызмет етеді. 

Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған ұлт пен ұлыстарды құшағына сыйдыра білген қасиетті ұлы дала олардың да  құтты қонысына айналды. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деп дана бабаларымыз айтпақшы, біз бүгінде «келісе отырып тон пішетін» киелі елге айналдық.

— Тұтас бір жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясына арналуының мәні неде?

— Бұл жыл ел тарихында алтын әріптермен жазылып қалады. Себебі, Ассамблея біздің қоғамымызда жоғары маңызға ие. Ел бірлігін нығайту мақсатында құрылған аталмыш институттың қандай жұмыс атқарып отырғанын халық біледі. Сондықтан да, оның рөлі қоғамда жоғары бағалануда. Қазақстандағы татулық пен бірлікке қызыға қарайтындар көп, ол – біздің үлкен жетістігіміз.

Ассамблея жылы – 17 миллионнан астам қазақстандықтың ортақ мерекесі болғандықтан, әр азамат атамекеніміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға жауапты екенін айқын сезінсе деймін. Бұл – ел болашағының негізі. Ассамблея жылы «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына жетудің нақты істері мен жаңа жетістіктері жылы болады. Біз «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын жаңа экономикалық саясаттың негізгі міндеттерін іске асыруға кірістік. Ассамблея жылы Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сияқты маңызды оқиғаларға толы. Бұл жыл – ортақ тарих пен тағдыр мәңгілікке біріктірген халқымыздың бірлігін паш ететін жыл деп білемін.

— Мемлекет басшысы «100  нақты қадамнан» тұратын ұлт жоспары аясында «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыруды міндеттеді. Бұл жоба бірлігімізді нығайта түсуге қаншалықты үлес қоса алады?

Еліміздегі ұлтаралық бірлікті сақтау, біртұтас халықты жасақтауға байланысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылып, бірегей институттың төңірегіне түрлі ұлттың басын біріктірудің өзі айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде күрделі жұмыс еді. Ал, енді алдымызда тұрған аса маңызды міндеттің бірі – «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыру болып табылады. Сонда бұл жобаның мән-маңызы неде? Саралап көрелік:

Соңғы жылдары ұлағатты, тәрбиелі, мерейлі отбасыларды ұлықтау, оларды өзгелерге үлгі ету бағытындағы жұмыстардың күшейгені белгілі. Бұл өте орынды. Берекелі де мерекелі отбасылардың мәртебесін арттырып, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілер болса, өзге жанұялар оларға қарап бой түзейді. Сонда ғана біз үлкен отбасына, үлкен елге айнала аламыз. Осы жоба аясында тың бастамалар қолға алынар болса, соңғы кездері көбейіп кеткен зорлық-зомбылық, адам өмірін қию секілді кешірімсіз қылмыстар болмас еді деп ойлаймын.

— Ұрпақ тәрбиесі туралы айтар ойыңыз…

Отбасы– адам баласының алтын діңгегі. Өйткені, адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да, отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның балиғатқа толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты, әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.

Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның басты тірегі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса ғана елде бейбіт те, берекелі тұрмысқа негіз қаланады.

— Қалай ойлайсыз, қазақстандық патриотизмді қалыптастыра алдық па?

­ «Қазақстанның болашағы – қо­ғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде Ел­ба­сы идеологияның қажеттілігі туралы мәселеде «қа­зіргі заманғы үлгідегі қоғам иде­о­логиялық деп айқындайтын жүйе болмайынша, өмір сүре ал­­­м­ай­ды» деген болатын. Демек, Қа­з­ақстанның геосаяси аренадағы бе­делі мен жеңісі, сөз жоқ, мемлекеттік-халық­тық патриотизмнің жеңісі. Тарих пат­риотизмді ме­м­­лекеттiк саясат пен идеологияның жемiсi деп қа­был­дайды. Осы тұрғыдан кел­ген­де, мемлекеттік-халықтық пат­­рио­­тизм республикадағы қо­ғам­дық келiсiмдi жүзеге асы­ра­тын жеке-дара саяси факторға ай­на­лып отыр. «Патриотизмді ха­лық­тың табиғатына жақын, өмір сү­ру салтымен ұштастырғанда ғана  ол сіңімді, әрі әсері мол бо­ла­ды» дейді саясаттанушылар. Демек, біз қазақстандық патриотизмді қалыптастырдық. Өйткені, қазақ халқының патриоттық тәрбиесінің тамыры тереңде жатыр.

 Әңгімелескен  

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button