ДҮБІРЛІ ДОДА ДАРАБОЗЫ

Мәскеуде өткен «А.А. Харлампиев мемориалы» әлем кубогынан атыраулық спортшы Рустамбек Жиреншиев қола жүлдемен оралды.

Әлемнің 35 елінен келген спортшылар арасынан жеңіп шыққандарына «халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы берілді.

«Қазақстаннан отызға жуық адамнан құралған  делегация бардық. Жауынгерлік самбо түрі бойынша Атыраудан екі спортшы қатысты. 62 килограмм салмақтағы Арман Әшимов жеңіске жете алмады. Бірақ, өз деңгейінде жақсы өнер көрсетті. Ал, Рустамбек нағыз жанкештілікпен жеңіске жетті. Беларусьтық қарсыласымен арада болған жекпе-жекте Рустамбек қабырғасын сындырды. Екінші жекпе-жекте түркімен спортшысын жарақат алғанына қарамастан айқын басымдықпен жеңіп шықты. Шыны керек, бұл тартысты бәсеке болды» дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рустамбек Жиреншиевтің бапкері, облыстық спорттық және әскери самбо федерациясының президенті Арман Тоғаев.

Асқан табандылықтың арқасында үлкен жеңіске қол жеткізген Рустамбек спортқа бес жасында келген екен. Балалық қызығушылықтан басталған құштарлық Рустамбекті осылайша спорт әлеміндегі үлкен жетістіктерге алып келді. Осыдан екі жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен додада Рустамбек Азия чемпионы атанады. 2012 жылы Орал қаласында өткен жарыста Әлем кубогын иеленіпті. Қазақстанның төрт дүркін чемпионы деген атағы да бар. Жауынгерлік самбодан ұлттық құрама команданың мүшесі.

Спортшы үстіміздегі жылдың қараша айында Мароккода өтетін жауынгерлік самбо бойынша әлем чемпионатына жолдама алғанын айтады. «Үлкен додаға дайындықпен қатысу үшін бап керек. Осыған орай, алдағы айларда Талдықорғанда халықаралық бәсекеге арналған дайындық өтеді. Әлемдік бәсекеге екі дүркін Азия чемпионы Әсет Әлдешев те қатысады. Ел намысын қолдан бермеуге тырысамыз» дейді бізбен әңгімесінде Қазақстанның төрт дүркін чемпионы Рустамбек Жиреншиев.

Мәскеуде өткен «А.А. Харлампиев мемориалы» әлем кубогында Ресей құрама командасы бірінші орынды, Беларусь елінің командасы екінші орынды иеленді. Қазақстан құрама командасы үшінші орынға табан тіреді.

Айта кеткен жөн, Атырау қаласындағы №1 Балалар  мен жасөспірімдер спорт мектебінде тегін секция жұмыс істейді. Болашақ чемпиондар 12-13 жастан бастап іріктеліп алынады. Азия чемпионы Рустамбек Жиреншиев сол секцияда жастарды жаттықтырумен айналысады.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз