ЧЕМПИОНДАР ОРДАСЫ
ҚИЫНДЫҚТЫ ЖЕҢЕ БІЛГЕНДЕР
— Тоқсаныншы жылдардың басында кеңестер Одағы тарап жатқан кезде Атырау облысы аумағында да көптеген спорт мектептері жабылып қалған болатын. 1997 жылы Балықшы поселкесінде орналасқан спорттың 12 түріне балаларды тәрбиелейтін үлкен спорт мектебіне Вокзал маңы ықшамауданындағы апаттық жағдайдағы балабақша ғимараты берілді.
Сол қиын кезеңде спорт мектебін сақтап қалу, материалдық базасын нығайту жолында қосымша қаржы көздерін іздестіруге тура келді. Мектеп жанынан шаштараз, аяқ киім жөндеу орны, автотұрақ ашылды. Сөйтіп, тәжірибелі басшының қолдауымен мектеп жабылудан аман қалды, — дейді спорт мектебінің директоры Бимырза Тайжанов тарихқа үңіліп.
Ал, Вокзал маңындағы қазіргі екі қабатты жаңа ғимарат 2009 жылы пайдалануға берілген болатын. Аймақта спорт кешендерін салу осыдан бастау алды десек артық айтқандық емес. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бүгінгі таңда 50 жаттықтырушы-мұғалім бар, оның басым көпшілігі – халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, ҚР білім беру ісінің үздіктері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушылары және еліміздің құрметті спорт қайраткерлері.
Аталған мектеп бүгінгі таңда спорттың он түрінен балаларды жаттықтырады. Атап айтсақ, самбо, дзюдо, қазақша, белбеу, еркін, грек-рим күрестері, таэквондо, ауыр атлетика, шахмат, тоғызқұмалақ бөлімшелерінде 1300-дей бала шынығуда. Айта кетсек, белбеу күресінен бөлімше биыл жыл басында ашылғанымен, бірқатар спортшылар ел, Азия чемпиондары атанып үлгерген. Олардың ішінде облыстың, республиканың абыройын асырғандар да бар. Нақтырақ тоқталсақ, мектептен 660-тан астам ҚР чемпиондары мен жүлдегерлері, 35-ке жуық Азия, 18 әлем чемпиондары мен жүлдегерлері, 40-тан астам ҚР Кубогының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және тоғыз әлемнің супер кубогының жүлдегерлері шықты.
— Балаларды, негізінен, 7-8 жасынан бастап қабылдаймыз. Жыл сайын спортпен шұғылдануға ниет білдіргендер саны артып келеді. Жуырда ауыр атлетика бөліміне республикалық федерациясының ұйғарымымен Алматыдан жаңа жаттықтырушы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тахир Қалматов келді. Қалған бапкерлердің барлығы – жергілікті азаматтар. Он спорт түрінің барлығынан аға-жаттықтырушылар бар, — дейді спорт мектебінің басшысы.
ОЛИМПИАДАҒА ЖОЛ
Спорттық мекеменің ауыз толтырып айтарлық мақтан тұтар шәкірттері де баршылық. Бейжің және Лондон Олимпиадаларына қатысушы Ринат Ибрагимов – солардың бірі. Кішкентай кезінен бастап самбо күресі мен таэквондоға қатысып, халықаралық деңгейде жоғары жетістікке қол жеткізген жерлесіміз екі мәрте Олимпиадада өз бағын сынап көрді. «Төртжылдықтың басты додасы Олимпиадаға жолдама алу, елдің абыройын асқақтату – әр спортшы үшін абырой. Сол жетістікке қол жеткізген Ринат – біздің мектептің мақтанышы», — дейді жаттықтырушылары.
Сонымен қатар, шахматтан гроссмейстер деңгейіне дейін көтерілген бірден-бір шахматшы Салауат Бақтықожаұлы Ізмұхамбетовті де спорт мектебі мақтан тұтады.
1994-1996 жылдары аталған мектепте жұмыс жасаған шахматшы өзі де АҚШ пен Еуропада өткен жарыстарға қатысып, облыс тарихындағы алғашқы гроссмейстер атанды.
— Сондай-ақ, талай бәсекелерде топ жарған С.Сардарова, А.Қаламғалиева, Н.Ыстыбаев, Н.Тәжіғұлова, Ж.Аманов, Б.Баймұратова, Қ.Тайжанова, А.Хатип, Т.Халматов сынды халықаралық дәрежедегі спорт шеберлеріміз бар. Олардың барлығы — еліміздің құрама командасының мүшелері. Және бірқатары қазір спорт мектебінде шәкірттер де тәрбиелеуде. Бисембай Қошқаров, Данияр Жақсиев, Нұрболат Ыстыбаев, Жандос Иманбаев сияқты спортшыларымыз әлемді мойындатып, чемпион атанды, — дейді Б.Тайжанов.
ЖҮЛДЕГЕРЛЕР ҚАТАРЫ КӨБЕЮДЕ
Биылғы жыл да аталған спорт мектебінің тәрбиеленушілері үшін сәтті кезең болып отыр. Жаттықтырушылардың артқан сенімдерін ақтап, чемпиондық тұғырдан көрініп жүрген спортшылар саны жыл сайын артуда. Мәселен, жуырда ғана самбошылар Ресей, Өзбекстан елдерінде және Байқоңырда өткен жарыстарға қатысып, үлкен жетістіктермен оралды.
Орынбор облысының Соль-Илецк қаласында Ауған соғысында қаза тапқан кеңес Одағының Батыры Вячеслав Александровты еске алуға арналған Ресей аймақтық турнирінде алпыс келі салмақта финалда қарсыласын 7:1 есебімен ұтқан Ерасыл Әлжанұлы чемпион атанды. Ал, 56 келі салмақта сынға түскен Ерасыл Жомартұлы турнирдің ІІ орнына көтеріліп, күміс медальға ие болды. Сонымен қатар, Ташкентте өткен Азия чемпионатында да атыраулық самбошылар үздік өнер көрсетіп, Қалжан Тайжанова мен Әсет Әлдешев жеңіске қол жеткізді. Енді күз айларында олар Жапонияда өтетін Әлем чемпионатында бақ сынамақшы.
Бұған қоса, Ақтау қаласында өткен ел чемпионатында төрт спортшы қарсыластарының бәрінен басым түсіп, облыс абыройын асқақтатты. Айта кетсек, күрестің дәл осы самбо түрінен аталған спорт мектебінің шәкірттері облыс қоржынына көптеп медаль түсіруде. Сонымен қатар, еркін күрестен жасөспірімдер арасында да жақсы көрсеткіштер байқалады.
Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен өткен ел чемпионатында Дәурен Болатбекұлы, Әнел Сүлейменова және тағы басқалар жеңіс тұғырынан көрінген болатын.
Қазіргі таңда спорт мектебінің ұжымы алпыс жылдық мерейтойларын атап өтуге қызу дайындық үстінде. Жоспар бойынша ағымдағы жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында спорттың барлық түрлерінен әртүрлі деңгейде жарыстар ұйымдастырылмақшы.
Чемпиондар ордасы саналатын бірден-бір спорт мектебі алда да көк Туымызды биікке көтерер, Әнұранымызды асқақтатар мықты спортшылар дайындай беретін болады.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттер спорт мектебі мұрағатынан алынды.