Жарнама
Қоғам

CАПАЛЫ БІЛІМ, ТӘЛІМДІ ТӘРБИЕ мектеп жұмысының басты көрсеткіші осы

Облыстағы білім беру мекемелерінде Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында қойған міндеттері қалай орындалып жатқаны кеңінен сөз болған жиынды облыстық білім саласындағы бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Мәдениет Ахметова жүргізіп отырды.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың І жартысының қорытындысы бойынша 52 білім беру ұйымының 41-і, яғни, 78,8 пайызы аттестаттаудан өтпей қалды. Бұған не себеп?
Сондай-ақ, жоспарлы тексеру нәтижелері бірқатар білім беру мекемелерінде құқық бұзушылықтар да орын алғанын анықтап отыр.
— Мемлекеттік бақылау шараларының қорытындыларын талдау барысында оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруда біраз кемшіліктер анықталды, — деді департамент басшысының міндетін атқарушы. — Атап айтсақ, кешенді тестілеу нәтижесінде көптеген білім беру ұйымының түлектері шектік деңгейдегі білім сапасын көрсете алмады. Олардың қатарында Атырау қаласындағы Ломоносов атындағы, Жамбыл атындағы №21, Б.Нысанбаев атындағы, Құрманғазы ауданындағы Н.Крупская атындағы, Қызылқоға ауданындағы №75 және тағы басқа орта мектептер бар. Бұл мектеп басшыларының мектепішілік бақылауды дұрыс жолға қоймайтындығының, білім сапасын көтеруге ұмтылмайтындығының көрінісі.
М.Ахметова мектеп басшыларының оқушылардың сұранысын емес, мұғалімдердің сағаттарын толтыру сұранысын қанағаттандыратынын, кейбір мектептерде (әсіресе, ауылдық – ред.) интерактивтік тақталар, жаңа модификациялық кабинеттер өз дәрежесінде жұмыс жасамайтындығын немесе арнайы бағдарламалары болмағандықтан, сабақ процесінде пайдаланылмайтындығын, жоғары және бірінші санатты мұғалімдерге қойылатын біліктілік талабы кейбір білім ордаларында бұзылғандығын, кадр мәселесі толыққанды шешілмегендігін сынға алды.
Семинар-кеңесте мектептердің оқу-құралдарымен толық қамтамасыз етілмеуі, кең жолақты интернет желісіне қосылған компьютерлік сыныптар санының жеткіліксіздігі, білім алушыларға медициналық қызмет көрсету, денсаулықтарын нығайту талаптарының сақталмағандығы, мектептерде мұғалімдердің жетіспеу мәселесінің әлі шешілмегендігі сөз болды.
Бұған қоса, бір мамандыққа оқытып жатқан колледждердің көптігі, ал, сұраныс туғызып отырған мамандықтар бойынша мамандардың жоқтығы проблемасы да назарға берілді. Мысалы, сегіз колледжде — Атырау политехникалық, Атырау агротехникалық, Индер көпбейінді ауыл шаруашылығы, Атырау бизнес және құқық, Каспий өңірінің қазіргі заманғы, Махамбет көпбейінді ауыл шаруашылығы, Қызылқоға агротехникалық колледждерінің барлығында да экономист мамандар даярланса, төрт колледжде болашақ мұғалімдер дайындалуда (Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық, Каспий өңірінің қазіргі заманғы, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты және Құлсары гуманитарлық-техникалық колледждері).
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова облыста білім беру саласында атқарылып жатқан игі жұмыстармен қатар, орын алып отырған мәселелер басқарманың назарында екендігін және олар рет-ретімен шешілетінін жеткізді.
Атырау қаласындағы Пушкин атындағы №20 орта мектебінің директоры Зухра Алмаш, №31 орта мектеп директорының орынбасары Лида Доскариева, «Таңшолпан» балабақшасының меңгерушісі Салтанат Жанекешева, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің директоры Шайхатолла Жәлелов, Атырау аграрлы-техникалық колледжінің директоры Болат Қожиевтар пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button