
Бүгін Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні
Бүгін облыстық ішкі саясат басқармасы Азаматтық орталығының ұйымдастыруымен “Интеллектуалды БАТЛ” іс-шарасы өтті.
Атырау қаласындағы «YEMAA» орталығында өткен QUIZ форматындағы іс-шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова қатысып, барша үкіметтік емес ұйымдарды атаулы күнмен құттықтады.


— Бүгінде облыста үкіметтік емес ұйымдармен жасалып жатқан қоғамға пайдалы жұмыстар аз емес. Ал қазір ұйымдастырылып жатқан алаң жұмысы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін алға қарай арттырып, дамуына зор серпін береді. Бір-бірлеріңізге деген ыстық ықылас пен қарым-қатынастарыңыз, атқарып жатқан жұмыстарыңыз нәтижелі бола берсін, — деді Гүлнұр Жалғасқызы.

БАТЛ бағытындағы ойынға қатысуға барлығы 40 үкіметтік емес ұйым өкілі тіркелген. Олар әрқайсысында 5 адамнан құралған 8 топқа бөлініп, белгіленген тапсырмалар бойынша бақ сынады.

Екі кезеңнен құралған мерекелік жиынның алғашқы бөлігінде тренер Асқар Секербаев үкіметтік емес ұйым өкілдеріне «Қар ұшқыны» тақырыбында ойын ұйымдастырды. Бизнес ойынның негізгі мақсаты — қаржы жинау. Ойын барысында қатысушылар мекеме және кәсіпкерлерден қаржы тарту мақсатында өз озық идеяларын ұсынды. Екі тарапқа да тиімді ұсыныстар туралы айтылды.
Сондай-ақ «Үнемді өзгеріс» тақырыбында ойын қолға алынды. Бұл кезеңде үкіметтік емес ұйымдар жобаның ішкі процесін қаржы беретін демеуші-инвесторларға сәйкес жүзеге асыру және дамыту барысын үйренді. Шара соңында жеңімпаз топтар қаржылай сыйлықпен марапатталады.
Айта кету керек, бүгінде облыста 800-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар шеңберінде экология, инклюзия, қолөнер, білім, волонтерлік, қайырымдылық секілді бағыттар бойынша 190-ға жуық ұйым белсенді қызмет атқарады. Соңғы уақытта инклюзия бағытында мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерді қоғамға бейімдеу жұмыстарына баса ден қойылып жатыр.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА,
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ