Жарнама
Қоғам

Бос уәде емес, нақты іс қажет

Елорда төрінде екінші мәрте ұйымдастырылған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге араласуына жол ашылғандығы айтылды. Форумға қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келгендігін, қалғаны түгел – бір мандатты округтен сайланған азаматтар екендігін айтты. Соның ішінде, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінгендігін, бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін болса, қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артқанын жеткізді.

Форумға түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүрген көптеген жас депутат та қатысты. Солардың қатарында бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Атырау қалалық мәслихатының депутаты Әнуар Батаев та болды.
Кәсіби спортшы әрі жаттықтырушы ретінде көпшілікке танымал депутат осы күнге дейін ел игілігі үшін жасалып келген істерді алға қарай да дамыту мақсатында «AMANAT» партиясы атынан сайланғандығын айтады. Ауылдық жерде тұрақты түрде белсенділік танытып жүрген соң депутат болуға бел шешкен. Оның депутат болуына осы қыры да түрткі болыпты. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасында өзінің мақсаттары айқын, халыққа қолынан келмейтін іске уәде бермейтінін айтқан болатын. Соның ішінде, спортты дамыту, серуендеу орындарын салу, көгалдандыру мәселесін шешіп, ауыл-аймақтарды абаттандыру мәселесіне көңіл бөлу, балабақша мен балалар алаңы мен спорттық алаңдарын салуға ықпал етуді жоспарлаған.
Форумға алғаш рет қатысқан депутат мұнайлы астананың экологиялық мәселесін панелдік сессия барысында жеткізді. Айталық, 2017 жылы АМӨЗ-де ароматика өндірісін іске қосылғандығын, ол жерде полистирол, бензол секілді улы заттар өндірілетіндігін атап айтты.
– Осы уақыттан бастап Атырау халқы жағымсыз иісті сезіп келеді. Атырау парниктің газ шығарындысы бойынша алдыңғы орында тұр. Ал, зауыттың санитарлық аймағы уәде бойынша кеңейтілуі қажет делінгенмен, ол уәде орындалмай келеді. Тұрғындар арасында қала ішіндегі жағымсыз иістен басқа қалаларға көшіп жатқан жағдайлар да жоқ емес. Қазір зауытта күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы уақытта жағымсыз иістің әсері тіптен үдей түсті. Сондықтан зауыттың лицензиясын қайтарып, шара алуды сұраймын. Зауыт жұмыс жасағалы бері экологиялық айыппұлдар өз өңірімізде неге қалмайды? Атырау халқы экологилық тазалықтың жоқтығынан зардап шегіп отыр. Халықтың арасында қатерлі ісік, аллергия ауруларымен жиі шағымданады, — деді Ә.Батаев.
Депутаттың сауалына Республика Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жауап беріп, бүгінгі күнге дейін бұл мәселе бойынша арыз түспегендігін, министрлік өңірдегі экология департаментіне тапсырма беріп, осы мәселе жөнінде байланыс жасап, бақылауға алатынын айтты.
Әнуар Жолдасұлының сөзінше, мәслихат мүшесі болғалы бірнеше жұмыстар атқарылған. Соның ішінде өзі тұратын ауылға кәсіпкерлердің көмегімен 6 мыңға жуық тал отырғызылған. Бұрынғы қала әкіміне бюджет есебінен ауылға саябақ салып беру туралы ұсынысы қолдау тауып, бюджет тарапынан қаражат бөлініп, саябақтың құрылысы жүріп жатыр. Осылайша халықпен тікелей кездесіп, оларды толғандырған мәселелерді шешуге атсалысып жүргендігін айтады.
– Атырау қалалық мәслихатының депутаты болғалы халық алдында берген уәделерімді орындауға жұмыстанудамын. Ең алғаш трамадолдың ашық түрде сатылмауына тосқауыл жасап, қоғам белсенділері және заң қызметкерлерімен бірігіп, заң жүзінде жазалануларына жұмыстанып, мемлекет басшысына үндеу жасалды. Артынша трамадолға қарсы толықтай заң шығарылып, өз күшіне енді. Көкарна ауылының жастары өз күштерімен салған саябаққа қала әкімдігі жас талдар алып берді. Ардагер шағынауданының тұрғындары ағаш отырғызуға жер телімін сұрағаннан кейін қала әкімдігінің көмегімен жер телімі берілді. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс пікірлерін тыңдап тұрамын. Мектеп жастарымен де тәрбие бағытында түрлі кездесулер ұйымдастырылып жүр. Халық игілігі үшін барынша қолдан келгенді жасап жүрмін. Халыққа бос уәдемен емес, нақты іспен ғана көңілден шығасың. Әлбетте бұл жұмыстардың барлығы халықтың қолдауымен атқарылатындығы сөзсіз. Өйткені, депутат халық пен биліктің ортасындағы көпір ғана, — дейді депутат.
Сонымен қатар, форумда Президент депутаттардың өкілді билік функциясын халықтың сеніміне сай жоғары деңгейде атқаруына қажет бірнеше мәселеге тоқталды. Ең бірінші кезекте, мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру керектігін айтты.
Сонымен бірге депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс екендігін де нақты атады. Ал, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктердің де жоқ еместігін Президент ұмытпады.
Сондай-ақ, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істеу керектігіне де жөн сілтеді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button