Бопай ханым ізімен…

Bopay hanyim Қоғам

Халқымыздың сан ғасырлар бойы талай тар жол, тайғақ кешулерді бастарынан өткізген тарихында ақылына көркі сай, ержүрек батыр бейнелері  халық санасында сомдалып, есімдері алтын әріптермен жазылып қалған ару қыздар, асыл аналарымыз аз емес. Бөрте, Тұмар, Құртқа, Гүлбаршын, Айғаным, Қарашаш, Жібек, Баян, Гауһар, Айбике, Ботагөз, Назым, Зере, Ұлжан, Ұлпан, Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды аналарымыз бен әйел-қыздарымыздың  елі  алдындағы ерен еңбектері жан-жақты зерттеліп, зерделеніп халқымыздың, соның ішінде бүгінгі өскелең  ұрпақтың үлгі тұтар мақтанышына айналды.

????????????????????????????????????

Дейтұрғанмен, еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр уақыт өтсе де, күні бүгінге дейін толық зерттелмеген, тарих сахнасының арғы көлеңке жағында көмескіленіп қалып қойған, зерттеушісін күтіп жатқан ақтаңдақтар әлі де баршылық екен.

Солардың бірі, тіпті бірегейі деуге әбден лайық, есімі жоғарыда аталған арулардың алдыңғы қатарында аталынатын, қазақтың ұлы ханы Әбілқайырдың жұбайы – Бопай ханым. Қазақ хандығының қоғамдық-саяси қызметіне 70 жылға жуық уақытын арнаған ол  отбасы, ошақ қасынан әрі аса алмаған қазақ хандары жұбайларының арасынан суырылып шығып, қазіргі қолданыстағы терминмен айтсақ, мемлекеттік қайраткер, саясаткер, мәмілегер дәрежесіне дейін көтерілген. Оның атақ-даңқы, абырой-беделі алты алаштан әрі асып, орыс билеуші-ғалымдарының, тіпті шетел саяхатшыларының назарына іліккен.

Бопай ханым  – Бәтима Сүйіндікқызы 1690-1780 жылдар аралығында өмір сүрген. Тарихи құжат, ғылыми жазба деректер мен алтынның сынығы қарияларымыздың ұрпақтан ұрпаққа аманаттап қалдырып кеткен шежіре-дәлелдемелеріне сүйеніп айтар болсақ, ол кіші жүздегі он екі ата Байұлының бір тармағы Адай руынан шыққан.

Өзі өмір сүрген дәуірде Елизавета Петровна, Анна Иоановна сынды орыс патшайымдарымен терезесі тең саналған тарихи тұлғаның есімі үш бірдей ұлы Ералы, Нұралы, Айшуақтың хан сайлануына тікелей ықпал еткенімен де асқақтай түседі. Ел ішінде ақылгөй, данагөй деген мағынаны беретін Бара бәйбіше деген мәртебелі атаққа ие болған ханымның жеке мөрі болғаны да біраз нәрсені аңғартса керек. Міне, осындай тұлға, қайраткер жанның бақилық болғанына екі жарым ғасырдай уақыт өтті. Алайда, салғырттығымыз ба, әлде саясаттың әсері ме, әйтеуір, осы күнге дейін бұл тақырып еш қозғаусыз, яғни, осындай айтулы жан туралы ешбір ізденіс жұмыстары жүргізілмей қалған-ды. Тек таяуда ғана арнайы құрылған экспедиция мүшелерінің көмегімен сүйегі ғасырлар бойы туған топырағынан тыс, Ресейдің Орынбор облысында жатқан өңірден бір уыс топырақты туған өлкесіне алып келуге мүмкіндік туды. Бұл – үлкен қадам, ізгілікті іс. Ендігі жерде марқұмның сүйегін өз туған жеріне жеткізсек, Әбілқайыр хан мен Бопай ханым рухына құран оқытып, ас берсек  деген жоспарларымыз бар. Осынау игі істің жүзеге асып, ел мерейі үшін елеулі іс саналар жоспарларымыздың ойдағыдай орындалуына атсалысуға ниетті жандардың ел ішінде аз емес екендігіне сенім білдіреміз.

Ислам Мырзабекұлы,

«Бопай ханым ізімен» экспедициялық

тобының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз