Жарнама
Қоғам

”… болжам қате деп санаймыз”

Швейцарияның Давос қаласында 55-ші Дүниежүзілік экономикалық форумы өтіп жатыр. Биылғы 130 елдің өкілдерін біріктірген басқосуда елдердегі шиеленіскен ахуал, климаттың өзгеруі, жасанды интеллектіні дамыту тақырыптары қамтылады. Аталған Дүниежүзілік экономикалық форумда (WEF) Global Risk Report зерттеуі жарияланды. Биылғы есеп бойынша 12 ел (Армения, Колумбия, Кот-Д-Ивуар, Ирак, Израиль, Латвия, Румыния, Польша) геосаяси тәуекел аймағына енген. Бұл тізімге Қазақстанның да енгені туралы ақпарат қоғамда түрлі пікір туғызды. Мәселенің мәнісін білмек болып, Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығына хабарласқанбыз.

cd660e4c 7dcb 401b 84eb 7cc01a696566

-Қарулы қақтығыстар Қазақстан үшін басты қауіп емес. Форумда Global Risk Report-тың болжамы көптеген сұрақтар туғызып, нақтылауды қажет етеді. Қазіргі әскери-саяси жағдайды, Қазақстан дипломатиясын және негізгі инвестициялық жобаларын ескере отырып, қарулы қақтығыстар біздің ел үшін жоғары қауіпті меңземейді. Бұл орайда біз бұл қауіпті неге басты деп санауға болмайтынын егжей-тегжейлі талдаймыз, — деп түсіндірді Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, запастағы полковник Дархан Данияров.
Бас сарапшының талдауынша, Қазақстанның халықаралық дипломатиядағы ролі жоғары. Саяси аренада бітімгершілік және дипломатиялық процестердің белсенді қатысушысы ретінде белгілі.
-Еліміз Сирия бойынша келіссөздерді (Астана процесі) қоса алғанда, халықаралық қақтығыстарға бірнеше рет келіссөз жүргізушісі болды. Бұл Қазақстанның қарулы қақтығыстарға қатысудан аулақ болатын бейтарап және тұрақты мемлекет ретіндегі беделін растайды. Сондай-ақ Қазақстанның көрші елдермен белсенді аумақтық таластары жоқ. Оның шекаралары ресми түрде шешіліп, мемлекетаралық қақтығыстардың ықтималдығын едәуір төмендетеді. Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ және ШЫҰ сияқты халықаралық ұйымдармен белсенді қарым-қатынаста. Мұндай байланыстар тұрақтылықты нығайтуға және ықтимал қақтығыстардың алдын алуға әсер етеді. Жаңа Жібек жолы сияқты стратегиялық инфрақұрылымдық жобалар Қазақстанның өңірдегі экономикалық рөлін нығайтады. Мемлекет инвесторларды тарту үшін тұрақтылықты сақтауға мүдделі, — деген бас сарапшы болжамдағы қауіпті неге басты деп санауға болмайтынын егжей-тегжейлі талдап берді.

b1eb2271 e953 4b75 943f 97260d2566fb


Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы Дархан Данияров WEF болжауларының қателерін де тізбектеп шықты.
-Global Risk Report баяндамалары пайдалы аналитикалық құрал болғанымен, қарулы қақтығыстарды болжауда бірнеше рет өрескел қателерді жіберген. Мәселен: біріншіден, Ирак соғысы (2003) WEF болжамдары геосаяси шиеленістер мен аймақтық тұрақсыздық қаупіне қарамастан, Американың Иракқа басып кіру ықтималдығы туралы айтқан жоқ. Екіншіден, Дарфурдағы қақтығыс, Судан (2003) көпжылдық дағдарысқа әкелген этникалық және ресурстық қақтығыстар маңызды тәуекел ретінде анықталмады. Үшіншіден, Грузин-Ресей соғысы (2008) Кавказ аймағы ықтимал шиеленіс аймағы деп аталғанымен, Оңтүстік Осетия айналасындағы шиеленістің нақты сценарийі болжанбаған. Төртіншіден, Араб көктемі (2010-2012) Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы ауқымды наразылықтар мен революциялар аймақтың белгілі әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне қарамастан сарапшылар үшін тосын сый болды. Бесіншіден, Украинаның шығысындағы әскери қақтығыс және Қырым дағдарысы (2014). Ресейдің Қырымды қосуы және Донбасстағы кейінгі қақтығыс WEF есебінде ықтимал сценарий ретінде қарастырылмаған. Алтыншыдан, екінші Қарабақ соғысы (2020) Армения мен Әзербайжан арасындағы әскери іс-қимылдарының қайта басталуы аймақтағы шиеленістің ұзақ тарихына қарамастан күтпеген жағдай болды. Жетіншіден, Эфиопиядағы азаматтық қақтығыс (2020) федералды үкімет пен Тиграй Халық майданы арасындағы гуманитарлық дағдарыспен бірге болған қақтығыс WEF болжамдарында да айтылмаған. Басқа да факті жетіп артылады, — деген сұхбаттасушымыз негізгі дәйектерді айтып берді.
Бұл мысалдар Global Risk Report баяндамасы тұрақсыз аймақтардағы қарулы қақтығыстардың ықтималдығын нақты бағалай алмайтынын және оның дәлдігі негізінен көршілес мемлекеттерде орын алып жатқан процестерге байланысты екенін аңғартады.
-Global Risk Report баяндамасы нақты жағдайды әрдайым дәл көрсете бермейді және Қазақстан үшін қарулы қақтығыстардың жоғары қаупі туралы болжамы қате деп санаймыз. Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық пен бейтараптықтың үлгісі болып қала береді және оның әлемдік аренадағы ұстанымы бұған қосымша дәлел. Өткеннің қателіктері WEF есептерін нақты болжам емес, тек қана аналитикалық ресурс ретінде қабылдау керектігін көрсетеді. Қазақстан үшін бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау басымдық болып қала береді және оны соңғы үш онжылдықта табысты көрсетіп келеді, — деп түйіндеді жауабын Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы Дархан Данияров.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button