Атыраулықтар мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды (+ФОТОРЕПОРТАЖ)

img 20220509 wa0040 1 Қоғам

Жеңіс күніне орай Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Жеңіс саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шараға қала басшылығы мен құрметті қарауыл ротасы, сарбаздар мен тұрғындар да қатысты. Енді ғана бәсеңдеп келе жатқан жұқпалы аурудан сақтану мақсатында мерекелік шеруге бұл жолы рұқсат етілмеді.   

Биыл 77 жыл толып отырған Жеңісті жақындату жолында қазақстандықтармен бірге сол кездегі Гурьев облысының тұрғындары да қасық қаны мен маңдай терін төккен болатын. Жерін жаудан қорғау үшін Мəскеуден Берлинге дейін барып, тылда ерен еңбек үлгісін көрсеткен еді. Өкінішке қарай, майдан даласына аттанған 43 мыңға жуық жерлесіміздің 13 мыңы туған жерге қайта оралмады. Ал, аман қалғандары қирап қалған халық шаруашылығын қалпына келтіруге қатысты. Бүгін олардың ұрпақтары мәңгілік алауға келіп, ата-баба ерлігін бір сәт еске алды. Солардың бірі – еліміздің ішкі істер органдарында 30 жыл еңбек еткен Есет Өтесбаевты біз әңгімеге тарттық…

img 20220509 102001
Суретте: Ішкі істер органдарының ардагері Есет Өтесбаев ұлымен бірге

– Қатардағы полицейден еңбек жолын бастап, Индер, Махамбет, Мақат аудандарында ішкі істер бөлімін басқардым. Мұндай мамандықты таңдауыма екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әкем және оның ағасы мен інісі себеп болған сияқты. Үшеуі майданға аттанарда аналары «мен ұлдарымды өлімге емес, Отан қорғауға жіберіп жатырмын» деп жігерлендіріп шығарып салған екен. Мұны естіген жұрт жылап-сықтауын сол сәтте сап тыйыпты. Расымен де, олар жарақат алса да, үйлеріне аман-есен оралды. Кішісі, тіпті, Берлинге дейін барған. Ол ұлт пен ұлысқа бөлінбей, бірліктің арқасында ғана жауды жеңгендерін айтты. Міне, бірлік болмай тірлік болмас деген – осы. Немістердің бомбаларына қарамастан, Днепр өзенін қақ жарып өткен кеңес жауынгерлерінің қатарында атыраулықтар да болды. Олар қайықтары аударылса да, жағаға жетіп, немістердің автоматтарына қарсы қолмен күрескен. Осындай көзсіз ерлікті күтпеген жау кері шегінуге мәжбүр болыпты, – дейді зейнеткер бізбен әңгімесінде.  

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз