Болмысы бөлек Азамат!
Мен білетін Нұрлыбек Жұмахметұлы – жастайынан-ақ өзінің еңбекқорлық, көпшілдік, бастамашылық және адамгершілік қасиеттерімен өз замандастарының, қоғам мүшелерінің арасында жасындай жарқылдап көзге түскен, өзгеге өзін ісімен де, сөзімен де, үлгісімен де мойындатқан азамат.
Ол – алған мамандығы бойынша туған, өскен ауылында да біліміне сай жұмыс табылатын болса да, бөлген жолдамамен Орталық Қазақстан жақтың алыстағы ауылында жұмыс жасап, заңды борышын абыроймен атқарған. Туған жерге оралған белсенді маман, албырт жас тау бұзатындай талапты, жолында кедергі дейтіндерді көзіне де ілмейтін, елінің, өзінің болашағына нық сенімді азамат ретінде танылып, бірден аудандық комсомол комитетіне қызметке алынады. Онда ең төменгі баспалдақ – нұсқаушылықтан бастап, кейін бөлім басқарады. Осылайша, болашақ еңбек сүрлеуінің даңғыл жолымен, бүгінше айтсақ, логистикасымен ілгерілей береді. Аудандық, қалалық, облыстық әкімдіктер мен мәслихат аппаратында да қатардағы маман лауазымынан аппарат басшысы лауазымында да өзін көрсете білген.
Ол – аудан әкімі, қала әкімі ретінде өз аумағының сантүрлі талай түйінді мәселелерін іскерлікпен шеше біледі. Іргелі шетелдік компанияның да менеджерлік-модераторлық қыз-меттерін абыройлы атқарды. Халық сенімін иеленіп, Парламент депутаты болып сайланды. Қазір де іс басында, тұғырынан түскен жоқ. Халқының алдында беделді, оның сенімді тұлғаларының бірі. Тасқын су басқанда да өзіне бекітілген аумақты, елді мекендерді, маңызды нысандарды қорғау жұмыстарын іскерлікпен жүзеге асырды.
Ол – ешқашан біреуге арқа сүйеп, оның демеуіне ие болып көрмеген, қай кезде де, еңбектің жоғары-төмен сатыларының бәрінде тек өз ұмтылысымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, азаматтығымен, біліктілігімен ғана үнемі ілгерілей білген адам.
Ол – Исатай ауданын басқарып тұрғанда ақтөбелік әріптестерімен тығыз байланыс жасап, Қобда ауданындағы Тайманұлы Исатайдың Шейітсайдағы зиратына кесене тұрғызуды өзі қолға алып, аяғына дейін жеткізген адам. Мұнымен, екінші жағынан, тарихтағы осы тақырыптағы түрлі ұсыныс-пікірлерге де нүкте қойылды.
Ол – қараның сөзін ескі Қазақстан кезінде де, бүгін де нағыз ести алатын қайраткер. Оны қала активі жиналысында әкім лауазымына тағайындалып, таныстыру кезінде көптен созылып, басталмай жатқан – Жеңіс паркіндегі соғыс құрбандарына ескерткіш орнату, Батырлар саяжолын жетілдіріп, қайта жасау жөнінде айтқан пікірімді бірден қолдап, қысқа мерзімде аяқтай білген азамат. Паркке барып көрсеңіз, оның қазіргі ең маңызды тақырыптық бейнесі ондағы алау оты емес, аталған ескерткіш кешенесі болып тұрғаны белгілі.
Ол – Тұрғындар қалашы-ғындағы көп жылдан бері иесіз қалып, тоналған демалыс паркін түгелдей қайта реконструкция жасап, бүгінгі күн талабына толық сай ретро-парк ашқан, оны халық игілігіне айналдырған қызметкер.
Ол – үнемі іздену үстінде, талпыныста жүретін адам. Шетелдік компанияда жұмыс жасаған кезінде олардың арасында ағылшынша сөйлеп, баяндама жасап жүрген басшы. Өзім де оның бірнеше рет куәсі болғанмын.
Ол – қала халқына рухани қызмет көрсету бағытында түрлі басқа мекемелерді осыған тарту үшін қала әкімі аппараты қызметкерлерінің күшімен сахнада концерт ұйымдастырып, барабанда отырып, әншілерді қостаған, өзі де әнші, әрі музыкант, жанұясымен өнерпаз, қазақи қонақжай шаңырақ.
Ол – ақжарқын, ақпейіл, өзгеге өзіндей сенетін, көңіл түбінде ешкімге зияны, тіке айтсақ – арамдығы жоқ, үлкенді сыйлай білетін, замандастарына өзін сыйлата алатын қонақжай шаңырақ иесі. Төсіндегі «Құрмет» ордені мен медальдар, атақтар соның айғағы және алғашқысы, талай-талай жалғасы болатыны анық.
Жасың ұзақ болсын еліміздің қадірлі іскер азаматы! Керегең кең, шаңырағың биік, босағаң берік, терезең тең болсын деген шын жүректі ағалық тілегім бар саған!
Міне, менің ақ тілегім қабыл бола бастағандай! Ақтөбе облысы Қобда ауданынан ақжолтай хабар келді. Осыдан екі-үш күн бұрын, аудандық мәслихат өзінің шешімімен «Исатай батыр мемориалдық кесенесінің құрылыс жұмыстарын шебер ұйымдастыруына байланысты және ішкі туризмді одан әрі дамытумен қатар ерекше қайырымдылық қызметі мен ізгі істері үшін «Қобда ауданының Құрметті азаматы» атағы Ожаев Нұрлыбек Жұмахметұлына берілсін» делінген хабарда.
Өзіңе арналған жақсылық жаңалықтар жалғасын тапсын, Нұрлыбек!
Қатимолла РИЗУАНОВ,
Атырау облысының Құрметті азаматы