Жарнама
ҚоғамСарапTime

Бөліп берген жүрегін… ЖЕТІМДЕРГЕ!

– БАЛАЛАР АТЫРАУДЫ САҒЫНА МА?

– ӘР АДАМҒА ӨЗІНІҢ ТУҒАН ЖЕРІ ЫСТЫҚ БОЛАДЫ ҒОЙ, МҮМКІН САҒЫНАТЫН ШЫҒАР. ОЛ ТАҚЫРЫПТА СӨЙЛЕСКЕНІМІЗДЕ, «ОЛ ЖАҚТА БІЗ КІМГЕ БАРАМЫЗ?» ДЕДІ. ШЫНЫ КЕРЕК, СҰХБАТЫМЫЗДЫҢ ОСЫ ТҰСЫНА КЕЛГЕНДЕ ЖҮРЕГІМ ШЫМЫРЛАП КЕТТІ. БІРАҚ БАЛАЛАРДЫҢ ҮЛГІЛІ ОТБАСЫҒА ТАП БОЛҒАНЫНА, БҮГІНГІ ЖЕТІСТІКТЕРІНЕ БІР ҚУАНЫП, ТУҒАН ЖЕРІНЕН ЖЫРАҚ ЖҮРГЕНІНЕ БІР МҰҢАЙЫП ҚАЛДЫҚ.

АТЫРАУДАН – АЛАТАУҒА…

2016 жылы «Жер Су» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы, меценат Бауыржан Оспановтың қолдауымен Атырау қаласындағы сол кездегі С.Қазыбаев атындағы балалар үйінен 10 баланың Алматы облысына кеткенін Атырау халқы әлі ұмыта қойған жоқ. Алакөл ауданы, Жыланды ауылындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты мен Лепсі ауылында орналасқан спорт мектебіне қабылданған атыраулық балаларды ұстаздары жылы шыраймен қарсы алады. Солардың бірі – лицей интернат директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Ниталиева еді. Лицей директорының арнайы физика мен математикадан тестілеуінен өтіп келген Жеңісгүл мен Ақботаны жанына жақын тартып, сырласа бастайды. Олар да апайларын үзіліс кезінде іздеп келіп, демалыс күндерін бірге өткізіп, интернатқа жақсы көңіл-күймен оралады. Балалардың Алматыға келуіне себепші болған меценат Бауыржан Кеңесбекұлы әр тоқсан каникулында оларды қонаққа шақырып, қал[1]жағдайын біліп отырады екен. Көктемгі демалыс кездесуінде Жеңісгүл мен Ақбота Мейрамгүл апайының үйіне барып жүргенін, осы отбасымен бірге тұрғылары келетінін айтады. Сол жылы Жыланды ауылдық округінің әкімі лауазымын атқарып жүрген отағасы Әнуарбек Жүнісбеков екеуі үйдегі үлкен аналарымен ақылдасады. Бұл кезде үйдің үлкені де, кішісі де мектепте үлгілі, үйде алғыр екі қызға бауыр басып қалған еді. Сұрастыра келе Атыраудағы балалар үйінде Жеңісгүлдің екі сіңлісі, Ақботаның екі інісі тәрбиеленіп жатқанын біледі. Отбасы тәрбиесіне, әкенің мейіріміне, ананың құшағына зәру апалы-сіңлілі, апалы-інілі балаларды бөлмей, алтауын да бірдей қамқоршылықтарына алуға бел буады. Өздері төрт бала өсіріп отырған отбасы осылайша 10 баланың ата-анасына айналып шыға келеді. – Бұрын-соңды аяғымыз тимеген өңірге барып, құжаттарды реттеу, балаларды алып келу шығынының бәрін көтерген Бауыржан ағамыз бен Атыраудағы құжаттар дайын болғанша бірге жүрген балалар үйінің директоры Сәния Мусиеваның еңбегі зор болды. Бір аптада барлық құжаттарды ретке келтіріп, сол кездегі Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мырзаның қабылдауында болдық. Ол кісі балаларға батасын беріп, қимастықпен шығарып салды, — деді балалардың анасы Мейрамгүл Анатольевна.

ЖАҢА ОТБАСЫНА БАУЫР БАСТЫ

Балалар келген күннен бастап Әнуарбек пен Мейрамгүлді «папа», «мама» деп атап кетеді. – Балаларды қамқоршылығымызға алғаннан бері айтарлықтай қиыншылықтар болды деп айта алмаймыз. С.Қазыбаев атындағы балалар үйі балалардың бойында өнердің дамуына үлкен үлестерін қосқан екен. Алғашқы күннен бастап ән, би байқауларына қатысып, жүлделі орын иегерлері атанды. Бос уақыттарында шығармашылықпен айналысты. Біздер үнемі жұмыстамыз, балалардың үйде тәрбиесімен айналысып отырған апасының (әжелері) да еңбегі зор, — деді Мейрамгүл. Иә, ұлы мен келінінің ой-пікірін қолдап, үш отбасының баласын айрандай ұйытып, тәрбиелеп отырған ақ жаулықты анаға қанша ризалық білдірсек те артық болмас! Әжелерінің тәлімімен отбасының кенже балалары бірден бауыр басса, үлкендері жастары шамалас болғаннан кейін бір-бірімен сырласып, тез тіл табысып кетеді. Рас, алғашында балалардың интернат өміріне, пісулі тамақ, дайын дүниеге үйреніп қалғаны байқалып тұрады. Кейін әрқайсысына жеке үй тапсырмасын беріп, жауапкершілікпен атқаруын қадағалағаннан кейін асхана, жатын бөлмелерін кезекшілікпен жинап, тамақ пісіріп үйренеді. Қазір балалардың барлығы үй шаруасына бейім екендігін аналары мақтанышпен айтты. Балалардың тәрбиесімен бірге оларға қосымша әлеуметтік жағынан көмек керектігі белгілі. Осы орайда бұл отбасының жоғарыда айтылған меценат Бауыржан Кеңесбекұлы мен жан жары Аида апайға айтар алғыстары шексіз. Балалар келген күннен бастап төрт мезгіл киім-кешегін, барлық керек[1]жарағын әперіп, студент балаларға ай сайын стипендиясын төлеп, демеушілік көрсетіп келеді екен. Әр мереке сайын мерекелік сый-сияпат жасап, балаларды бір сәт те назарынан тыс қалдырмаған.

 ТОҒЫСҚАН ТАҒДЫРЛАР

 Ұлы жүздің жерінде балғын балалық шағы өтіп жатқан ағайындылар Беріш пен Шеркеш руының тумалары екен. Әр қазақ баласы өзінің ата-тегін білуі керек деп түсінетін отбасы балаларға үнемі ата-тек, шыққан рулары туралы айтып отырады. Талдықорған медициналық колледжінің екінші курсын тәмамдаған Ақбота мен Жеңісгүл қыздарын қазақтың салтымен өз қолдарынан ұзатып, мейрамханада дүркіретіп тойын жасапты. Бүгінде Әнуарбек пен Мейрамгүл құда-құдағи, тіпті Ақбота қыздарынан тәп-тәтті жиен сүйіп, ата-әже атанған. Асланбек ұлдары гуманитарлық техникалық колледжде «Интерьер дизайнер» мамандығы бойынша білім алып, жуырда дипломын алғалы отыр. Әсемгүлі де музыкалық колледждің ІІ курс студенті. Алты ағайындының кенжелері 15 жастағы Аружан Қабдрахимқызы 10 сыныпқа, 13 жастағы Бекзат Маратов 8 сыныпқа көшіпті. Бұлар да бір-бір мамандық иесі атанып, қияға қанат қағатын күндері алыс емес. Екі ана, екі әкеден туған алты баланы бауырына басып, ешкімнен кем қылмай азамат қатарына қосқан отбасыға алғыстан басқа не айтуға болады? Өз баласын баға алмай, әлеуметтік желіде алақан жайып отырғандар осындай алтын жүректі адамдардан үлгі алса игі.

P.S:

Алты баланың ата-анасы кім, ағайыны жоқ па? Иә, бұл сұрақ кез кел[1]ген оқырманның көкейінде тұрары анық. Қазіргі анасының айтуынша, ата[1]ана құқығынан айырылған отбасының балалары. 2016 жылдан бері бірде-бір ағайыны немесе ата-анасы іздеп не сұрамаған. Тек балалар үйінің директоры Сәния апайы хабарласып, жағдайын біліп тұрады екен. Біздің де мақсатымыз өткенді қазбалап, жарасына тұз себу емес, Атыраудан Алатаудың баурайына аттанып кеткен ағайынды алты баланың артында іздейтін елі бар екенін білсе деген ниет қана…

Салтанат САНСЫЗБАЙ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button