Болашақтың байыпты БАҒДАРШАМЫ
Осылайша, бірінші кезекте инновациялық индустрияландыру трендін түзеу мен күшейте түсудің маңыздылығын алға тартқан Мемлекет басшысының бұл жөнінде Үкіметке нақты тапсырма бергенін атады. Үдемелі индустрияландыру үрдісінің бірнеше бесжылдықтарға ұласып, жоспарланған жұмыстардың кезең-кезеңімен іске асырылатынын тілге тиек етті.
Өндірістегі тәрізді, белгіленген кезеңде еліміздің ауыл шаруашылығы саласын, тұтастай агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсірудің де маңызы одан кем соқпайтындығы анық. Ендігі жерде аталмыш секторға да инвестиция бұрынғыдан гөрі көбірек салынады. Сол себепті де фермерлер бүгінгі еншілеген табыстарына тоқмейілсімей, агроөндірісті одан әрі өркендету жағын ойластыруы тиіс. Сайып келгенде, тиімділігі мен өнімділігі жоғары жаңа технологиялардың ауылдағы өндіріске енгізіліп, ұтымды пайдаланылуына мүдделілік танытқан жөн.
Екінші басымдық бағыт төңірегіндегі ойын осылай сабақтаған баяндамашы Қазақстанның ғылыми тұрғыдағы қамтымды экономикасын құру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылымның әлеуетін көтеру; инфрақұрылымдық үштаған болып есептелінетін агломерацияның, көліктің және энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету; шағын және орта бизнесті өрістете отырып, оны елді индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралына айналдыру керектігін; болашаққа барар жолымызда қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктердің жасалатындығын; барлық мақсаттарға жету үшін мемлекеттік институттарды жетілдірудің қаншалықты маңызды екендігін де саралап шықты.
Одан әрі Мемлекет басшысы нұсқаған басымдықтар мен нақты тапсырмалардың орындалысын қамтамасыз етуде басқа да салалық құрылымдар тәрізді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына да көптеген міндеттер жүктелетіндігін меңзеді. Өйткені, республикамыз бойынша қабылданған түрлі бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар аясында мақұлданған индустриалды-инновациялық серпінді жобалардың өңірлерде жүзеге асырылуы осы құрылым арқылы бөлінетін бюджет қаражатының көмегімен қамтамасыз етіледі. Сондықтан да қазына қаржысының мақсатты да тиімді игерілуі ұдайы назарда ұсталынғаны дұрыс. Осындай тұрғыда түйінделген Сайын Сәлімгерейұлының сөзін жиынға қатысушы әріптестері де бірауыздан мақұлдады.
Дәулетқали АРУЕВ.