Жарнама
Қоғам

БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ЕЛ

Сол себептен де Қазақстан халқы Ассамблеясын Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей төл туындысы дейміз. Еліміздегі сан ұлт өкілдері ағайын адамдардай тату-тәтті өмір сүруде. Бұл бірегей институттың құтты шаңыраққа айналғанын көрсетеді. Қазақстанның бүгінгі даму деңгейінің құпиясы да осы ауызбіршілігімізде жатыр. Оған бүгінде күллі әлем елдері де куә.

Бүгінгі биігімізден қарасақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасалған еңбектің шегі жоқ. Әлемнің барлық мемлекетімен қарым-қатынасты реттестіріп, шекарамызды айқындап, елге инвесторлар тартып, экономикалық жағдайымызды түзеп, әлеуметтің әлеуетін арттырып, саяси ахуалда тұрақтылықты сақтап, жаһан жұрты Қазақстанмен санасатын жағдайға жетті. Әрине, мұның барлығы айтуға ғана оңай. Себебі, бұл істің астарында талай дүние жатыр. Дегенмен, Елбасының көреген саясатының арқасында бірлігі жарасқан қазақстандықтар бүгінде тұрақты дамудың даңғыл жолына түсті.

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрынғы: «Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын» деп мәлімдеуі институттың шын мәніндегі миссиясын ашып көрсетсе керек. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл миссиясын лайықты деңгейде атқарып та келеді. Оның бірден бір айғағы осындай қазақстандық үлгідегі институттың керектігін әлемнің көптеген елдерінің мойындауында болып отыр. Мәселен, Назарбаев айқындаған қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін зерттеу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына әлемнің 15 мемлекетінен, атап айтқанда, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Украина және Армения елдерінен шетелдік сарапшылар, ғалымдар, дипломаттар, журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері 60-тан астам өтініш білдіріпті. Түрлі деңгейдегі кездесулер барысында елімізге келген мәртебелі меймандар қазақстандық үлгіні мойындап қана қоймай, толеранттылықтың ең таңдаулы үлгісі ретінде зерттеп, зерделеуге және оны өз елдерінде қолданысқа енгізуге ынталы екендерін де айтып жатады.

Бұдан бөлек, осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғамның барынша дамыған бір саласына айналды. Институт еліміздегі қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттің өзара әрекеттестігіне қажетті басты сұхбат алаңы тұрғысынан да танылып келеді. Мәселен, ҚХА Төрағасының  орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 820 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері  67 мыңнан астам адамды қамтиды. Ал, біздің аймағымыздың өзінде түрлі ұлттың басын біріктірген 17 этномәдени бірлестік бар. Олар биылғы Ассамблея жылында ынтымақтастықта бірлесе іс атқарып, маңызды жобаларды жүзеге асыруда.

Ағымдағы жылы өңірімізде жүзеге асқан жаңалықтардың қатарында  Елбасының тапсырмасына сәйкес, облыс көлеміндегі ірі кәсіпорындар мен мекемелерде құрылған қоғамдық келісім кеңестерін айта кеткен де жөн. Қоғамдық келісім кеңестеріне әлеуметтік бастамалардың ұйытқысы ретінде маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Облыстың қоғамдық өмірінде Ассамблея жанынан құрылған «Алтын Шаңырақ» аналар кеңесінің де мән-маңызы ерекше.

Ендеше еліміздің тұрақтылығы мен татулығына, бейбітшілігі мен бірлігіне қызмет ететін Ассамблея сияқты айрықша институтқа бір жылымызды арнау құптарлық қана емес, қуанарлықтай іс болды. Тіпті, бұл жыл дәл осы тұрғыдан алғанда тарихи жыл. Өйткені, табыстың, тұтастықтың кілті – бірлікте жатыр. Сондықтан да, Ассамблея жылы – ел бірлігі жылы ретінде есте қаларлықтай игі істерге толы.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Эльдар  Ахмедов, Атырау  облыстық  «Навруз»  әзербайжан этномәдени  бірлестігінің  жетекшісі:          

«Ассамблея  –  Елбасының туындысы»

-Біз бақытты халықпыз. Себебі, біздің Елбасымыз сан түрлі болсақ та, барлық ұлт өкілдеріне тең қарайтын ұлттық саясатты ұстанады. Осынысымен де өзгелерден оқ бойы озық тұратын еліміз бүгінде бейбітшіліктің алтын ордасына айналды. Облысымыздағы әзербайжан ұлты өкілдерінің басын біріктіретін «Навруз» этномәдени бірлестігінің әр мүшесі Елбасы ұстанған саясат арқылы еліміздің қол жеткізген жетістігімен қуанады.

Тәуелсіздік алғанына бар болғаны 24 жыл уақыт өтсе де Қазақстан бір ғасырға татитын ауқымды істерді атқарды. Мұндай аз уақыт ішінде кейбір елдер етек-жеңін енді жинап үлгеріп жатса, ал біздің еліміз әлемдік аренада өз орнын белгілеп алды. Қай салада болмасын айтулы жетістіктерге жетті.

Сан түрлі ұлттарды бір тудың астына біріктіру, бұл – дана саясатты қажет ететін ерен еңбек екені белгілі. Осы санаулы жылдар ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассамблея қоғамдық институтын құру арқылы достықтың теңдессіз моделін жасап шығарғанын атап көрсетуге тиіспіз.

 

Зелемхан  Зубариев, Атырау  облыстық «Вайнах»  шешен-ингуш   этномәдени  бірлестігінің  төрағасы:

«Бейбітшілік  жаршысы»

— Ел бірлігі болмаса, экономика мен әлеуметтік даму тұрмақ, тәуелсіздік пен тұғырлылық туралы сөз айту орынды болмас еді.  Ал, биылғы жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп атау жұмысымызға ерекше серпін берді.

Тәуелсіздік жылдарынан бері қарай жеткен әрбір жетістіктің, бағындырған әрбір асудың өзегінде елдегі тыныштық пен тұрақтылық, бейбітшілік пен бірлік жатқаны ақиқат. Ал, оның жаршысы Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің өміршеңдігін танытып қана қойған жоқ, қазіргі таңда жұмысын одан әрі дамыту үстінде.                                                                

2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы болды. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өттік. Мұның барлығына біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Қазақта «Елдің қамын ер ойлар, ердің қамын ел ойлар» деген аталы сөз бар. Бізде елдің қамын ойлайтын ер де, ердің қамын ойлайтын ел де бар. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты міне, бізді осындай ұлы халық етті.

 

Александр   Думлер, Атырау  облыстық  «Видергебурт»   неміс этномәдени  бірлестігінің  жетекшісі

Тұтастықтың  кілті 

Мемлекетіміздің этникааралық толеранттылық пен қоғамдық келісім моделі алыс және жақын елдер үшін қазақстандық брендке айналды.

Қазақстандағы немістер қауымдастығы Қазақстан мен Германия арасындағы интеграциялық аспалы көпір іспетті. Себебі, жиырма жылдан бері біз Қазақстан мен Германия арасында бірлескен жобаны жүзеге асырып келеміз. Бірлескен жоба халықты әлеуметтік жағынан қорғаудың еуропалық үлгісін табысты енгізуімізге жол ашты. Нәтижесінде, Атырауда әлеуметтік қызметкерлер пайда болды. Олар мұқтаж жандарға тұрмыстық қолдау көрсетумен ғана шектелмей, азаматтарды компьютерлік сауат ашуға баулу үстінде. Зейнеткерлерді әлеуметтік қорғау мақсатында оларды сауықтыру орындарына жолдамамен орналастыру үлгісі енгізілді. Меніңше, бұл үлкен нәтиже.

Өркениетті экономика, өркенді саяси-рухани құрылым және дамыған инфрақұрылым қалыптастыру үшін қазір ең керегі – ұлттық ынтымақтастық пен бірлік. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы ынтымақтың арқасында ғана жетістіктерге жетуге болатынын насихаттап келеді. Болашақта да барлық этномәдени орталықтармен байланыс артып, халықтар достығын нығайту жолындағы жұмыстар өз жалғасын тауып, кеңейе беретініне сенеміз. Біз қашан да туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, ел игілігі жолында адал қызмет етуге тиістіміз. Өйткені, Елбасы ұстанған сара жол бізді баянды болашаққа жетелейді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button