Болашақтың бағдары
Өткен ғасырда ана тілімізді қыспаққа алып, қасіретке душар еткен оқиғалар аз болмады. Ел тәуелсіздігін алған жиырма алты жылдың ішінде халықтың ана тілін меңгеруі үшін қолайлы жағдай жасалды. Байқап қарасақ, республикада жалпы білім беретін мектептердің басым көпшілігі қазақ тілінде оқытады. Қоғамда да мемлекеттік тілдің салмағы артып келеді. Бұл Елбасының салиқалы саясатының арқасында мүмкін болып отыр.
Халықаралық қауымдастық Қазақстанды бейбітшіл, хал-қының бірлігі жарасқан ел ретінде тануда. Сондықтан, латын әліпбиіне көшу рухани жаңғырудың бірнеше мақсаттарын жүзеге асырғалы отыр. Біріншіден, бізге ағылшын тілін меңгеруді жеңілдете отырып, әлемдік деңгейде қолданылатын ағылшындық ортаға кіруге септігін тигізеді. Екіншіден, әлемдегі ең озық жаңа ғылым мен технологияны меңгеруге, еркін тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, әлемнің әр түкпірінде жүрген барша қазақтың атамекенге деген махаббатын оятады. Жалпы, бұл тілді бұру емес, қазақ тілінің грамматикасын өзгерту арқылы жасалған заманға сай жаңғырту болмақ.
Бүгінгі өзгерістерді кешегі тарихпен ұштастыра қараған жөн. Латын әліпбиі дегенде, Ыбырай Алтынсариннен кейінгі ағартушы педагог, сөз құдіретін танытқан тамаша ақын, қазақ баспасөз тілінің ұлттық үлгісін көрсеткен талантты публицист, халқының рухани дүниесін көтеруге көп күш жұмсаған мәдениет және ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов туралы сөз болады.
Ахмет Байтұрсынов қазақ жазуымен (графикасымен) айналысу барысында ең ал-ғаш қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен оны таңбалайтын әріптер туралы пікірлерін «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттеріне жариялай бастаған деседі. Тарихи деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында қазақ мәдениеті, жазба тілі үшін графика (әліпби) мәселесі мен қазақ жазуы емлесі жайындағы әңгіме баспасөз беттеріндегі пікірталастар түрінде әлеуметтік үнге ие болған. Бұл – қазақтың рухани-мәдени дүниесінің едәуір көтерілгенін, ұлттық проблемаларға бара алатын зиялы топтың, мәдени күштің жетіле бастағанын танытты. Қазақ жазбасы сан ғасыр бойы қолданылып келген, ХХ ғасырдың басында реформаланып, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне лайықталған, кезінде үлкен ғалымдар «Байтұрсынов жазуы» деп, ал, А.Байтұрсыновтың өзі «Қазақ жазуы» деп, кейінгі зерттеушілер «Қазақтың тұңғыш ұлттық жазуы» деп аталған араб таңбалы жазуды ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап латынға ауыстыру науқаны басталған.
Міне, бұл – тарих парақтарына өшпестей болып жазылған дерек. Бүгінгі билік сырттан жаңалық әкеліп қосқан жоқ. Бұрынғы қалыптасқан дәстүрлі дүниелерді қайта түлетуге қадам жасады. Демек, халқымыз үшін бұл жол ұлы Ахметтің және басқа да арыстарымыздың салған көне жолын қайта жаңғыртумен бірдей болуы тиіс.
Ендігі атқарар жұмыс – латын әліпбиін халық санасына барынша тезірек сіңіріп, оны үйреніп кетуінде. Ол үшін электронды технология жаңа әліпбиге көшірілуі тиіс. Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар, интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған. Латын әліпбиіне көшуде осындай бастапқы жұмыстар атқарылып отыр. Оған Елбасының сындарлы саясаты даңғыл жол ашты.
Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВ,
облыстық соттың төрағасы.