БИЗНЕС ӘЛЕМІНДЕГІ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР КЕҢЕСІ
Жақында бизнесте жетістікке жеткен кәсіпкер әйелдер арқылы қала мен оның төңірегіндегі ауылдық округтердегі кәсіпкерлікті жаңадан бастаған қыз-келіншектерге шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны түсіндіруге арналған семинар өткізілді.
Оны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау облысы филиалының директоры Әлия Өтепқалиева ашып, жүргізіп отырды. Оның айтуынша, шағын кәсіпкерліктің сапалы дамуы мақсатында ұстанған стратегиялық бағытымыз қолжетімді қаржымен қамтылатын кәсіпкерлік субъектілердің көбеюіне ықпал ету, экономиканың шикізаттық емес секторында кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау және халықты бизнеске тарту болып отыр. Осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 101 кәсіпкер оқытылды, оның үштен бірін әйелдер құрайды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қолға алынған «Бизнес – кеңесші», «DAMY Start-up» жобалары бойынша да облыста тындырылған жұмыстар баршылық.
«Аталған жобалар жаңа ісін бастағандарға өз бизнесін ашуға және «Даму» қорынан несие мөлшерінің 70 пайызына дейін кепілдік ала алады. «START-UP» бағдарламасы басталғаннан бері 2014-2015 жылдары 127 млн. теңге тұратын 17 жоба жүзеге асты. Кәсібін бұрыннан жалғастырып келе жатқан кәсіпкерлер «Бизнес – кеңесші 2» жобасы арқылы тегін білім деңгейін көтеруге мүмкіндік алды», — деді Әлия Меңдіханқызы. Қор директорының пікірінше, кәсіпкерлердің бизнестік сауатының төмендігі, ақпараттың жетімсіздігі бұл жұмысты қарқынды дамытуға қолбайлау болып отырған көрінеді.
Семинарда өңірге танымал кәсіпкер, «Өнерпаз» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Әлия Бекқожиева, Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры, «Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы Нұрлы Әйтиева, Атырау облысы мемлекеттік кіріс департаментінің басқарма басшысы Айгүл Рзағұлова, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова, «Даму» қорының кеңесшісі Әсел Құсайынова және басқалар сөйлеп, бизнесті қалай бастағандығы, қол жеткен табыстары жөнінде әңгімеледі.
Бақытжан ЖҰМАТ.