Жарнама
Қоғам

БІЗГЕ БЕЙБІТ ӨМІР СЫЙЛАДЫ

Атам 1916 жылы дүниеге келген, сол кездегі коммунистік партияның белсенді мүшесі болған. Өзінің алғашқы еңбек жолын сонау 1933 жылы Доссор мұнай кәсіпшілігінде есеп жүргізушіліктен бастаған. Бұдан кейін Мақат аудандық денсаулық сақтау бөлімінде аға есепші болып қызмет еткен. Ал, 1942 жылдың ақпан айында әскер қатарына шақырылып, туған елі мен жерін, халқын жаудан азат етуге атсалысады. Ұрыс даласында үш рет жараланады. Соңғы алған ауыр жарақаттың салдарынан атамыз 1945 жылдың қазанында елге екінші топ мүгедегі болып оралады.

Көзі ашық, көкірегі ояу жауынгер бар саналы өмірін партия қызметіне арнайды. Ол Доссор поселкелік атқару комитетінің төрағасы, «Доссормұнай» басқармасының аға есепшісі, аудандық атқару комитетінің хатшысы қызметтерін абыроймен атқарады. 1971 жылдан құрметті еңбек демалысына кеткенге дейін аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы және аудандық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Ел алдында атқарған еселі еңбегі арқасында ол үкімет марапаттарының біразына ие болады. Олардың ішінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі мен аудандық, облыстық атқару комитеттерінің грамоталары, бағалы сыйлықтар, бірнеше медальдар мен Ұлы Отан соғысындағы ордендері бар.

Атамыз адал, еңбекқор адам болғандықтан өз балаларына да, бізге де үнемі «Біреудің ала жібін аттамаңдар. Қолдарыңнан келгенінше жақсылық жасаңдар» деп отырушы еді. Сол ниетінен бе, марқұм сексеннен асып дүниеден өтті. Өзіне бұйырған несібеден құр қалмады. Артына тек жақсы сөз бен іс қалдырып кетті. Үлкендердің «Адам өмірге өсіп-өнуге келеді» дегеніндей, өмірлік қосағы Ағиба әжеміз екеуі төрт қыз, бір ұлды тәрбиелеп, бір-бір отау етті. Қазір солардан жиырмаға тарта немере-жиен, осынша шөбере өсуде. Біз осындай өнегелі атаның ұрпағы екенімізді әрқашан мақтан тұтамыз.

Дәурен МҰХАМБЕТАЛИЕВ,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button