БІЗДІҢ ЗӘУРЕШ
Сонау жетпісінші жылдардың басында мен Гурьев қалалық партия комитетінің хатшысы болып жүргенімде идеологиялық жұмыстың бір бағыты жастар арасындағы жұмыс болды. Коммунистік жастар одағы ұйымының беделі өте жоғары еді. Сол кезде қаладағы орта кәсіптік-техникалық училищелердің комсомол комитеттері жетекшілері арасында өзінің белсенділігімен жарқырап көзге түскен қыздарымыздың бірі осы Зәуреш Түсенқызы Әміржанова болатын.
Ол №144 кәсіптік сауда училищесінің комсомол ұйымы хатшысы, кейін қалалық комсомол комитеті аппаратында, облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, қалалық өнеркәсіп және сауда саласы мекемелері кәсіподақтарының төрайымы жұмыстарын үлкен абыроймен атқарды. Осы жұмыстың қай-қайсысында да Зәуреш көпшілікке өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, тапсырылған жұмысқа деген зор жауапкершілігімен, жоғары адами қасиетімен таныла білді. Осылайша талай жұмыста шыңдалып, өзіне өмірлік мол тәжірибе жинақтаған Зәурешке 1986 жылы қалалық азаматтық хал актілерін жүргізу (АХАЖ) бөлімінің меңгерушілігі жұмысы тапсырылды. Осы тұста да үлгілі басшы өзінің іскерлігі мен қабілет-қарымын іс жүзінде көрсетіп, басқарушылық қырынан көрінеді.
Тоқсаныншы кеңестің депутаты болып, кейіннен қала әкімінің орынбасары қызметіне келеді. Осы тұста іскер басшы қаланың әлеуметтік саласы — балабақша, мектеп, оқу орындары, медицина, мәдениет, спорт мекемелері жұмыстарының жүйелі жұмыс жасауына өзіндік үлесін қоса білді. Еліміз еңсесін көтеріп жатқан кезде ұлттық идеологияға терең мән беру керек болатын. Ескінің жаңарып, төл мерекеміз Наурыздың ортамызға енуімен бірге халық арасында ұлттық салт-дәстүр қайта жаңғырды. Зәуреш сол сәтте талай жаңалықты паш етіп, ел арасында «Наурыз нақыштары» айдарымен халқымызға бұрыннан таныс «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Қыз сыны», «Келіндер сыны» дәстүрлерін жаңаша реңде көрсетуді қолға алды. Қуанарлығы, шаңырақ көтеруші жас жұбайлардың ұлттық өрнекті киіммен той дастарханында отыруы көпшіліктің көңілінен шықты.
Тағы да сол 90-жылдары экономиканың нарыққа көшкен тұсында отбасындағы бар бейнет пен ауыртпалық ақжаулықты әйел затының мойнына түсті. Көптеген жұмыс орындарының жабылып, жұмыссыздық көбейген кезде қыз-келіншектеріміз ала дорбасын арқалап, отбасы мен бала-шағасын асырады. Осы кезде облыстық партия комитетінің қолдауымен облыстық, қалалық, аудандық әйелдер кеңестері құрылды. Мен облыстық әйелдер кеңесін басқардым. Сол кездері өткен конференция, жиналыстарда біз әйелдерге өтпелі кезеңнің қиыншылығы уақытша екенін түсіндіріп, оларды төзімділікке, мықты болуға, барынша мойымауға, ұрпағын ізгілікке тәрбиелеуге шақырдық. Ал, қалалық әйелдер кеңесін басқару қала басшысының орынбасары Зәуреш Түсенқызына тапсырылды.
Рас, сол кезде елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал оңай болмады. Сондықтан да, бәріміз ақылдаса келе материалдық жағынан таршылық көріп жүрген отбасыларына, жетім-жесірлерге, күнелтісі төмен көпбалалы шаңырақтарға көмек көрсету мақсатында «Ақ ниет» қайырымдылық қорын құрдық. Көпшілікке арнап бірнеше қайырымдылық концерттерін беріп, аукциондар өткіздік. Олардан түскен қаражатты тұрмыс-жағдайы қиын үйдің әйелдеріне көмек ретінде таратып отырдық. Аталған қор сондай әйелдердің баспаналы болуларына, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуларына мұрындық болды. Қалада «Ақ бота» балалар үйі, Қарттар үйі ашылып, жұмыс істей бастады. «Мүгедектер әлемі» атты үкіметтік емес ұйым, отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылы, «Фронтовичка» клубы құрылып, көпшіліктің көзайымына айналды. Айтқандай, сол кездегі әйелдер арасындағы қоғамдық жұмысқа жан ұшыра қатысқан қыз-келіншектердің көпшілігі кейіннен өзінің шағын және орта бизнесін ашып, ел экономикасының оңалуына өзіндік үлестерін қосты.
Біраздан бері Атырау қалалық азаматтар хал актілерін жүргізу бөлімінің тұрақты ғимараты болмаған. Зәуреш бұрынғы жұмысына қайта оралғаннан кейін осы мәселені біржола қолға алды. Ол сол кездегі Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің алдына барып, бар жағдайды түсіндіреді. Облыс басшысы оған қаланың «Бірінші учаске» деп аталатын шағынауданындағы мұнай айдаушылардың екі қабатты ескі клубын ұсынады. Көп кешікпей Зәуреш мұны күрделі жөндеуден өткізіп, әп-әсем Салтанат сарайына айналдырып алады. Бұл сарай барша атыраулықтың шын мәніндегі көз қуанышы болады. Сөйтіп, мұнда тәрбиелік мәні зор мәдени шаралар өткізуге үлкен жол ашылады. Айталық, «Күміс той», «Алтын той» иелерін құттықтау, жас шаңырақтағы ерлі-зайыптыларды белгілі қоғам қайраткерлерімен кездестіру, олардың өмір жолдарынан қызықты әңгімелер тыңдау көп өтетін. Осылайша Зәуреш қиюы қашқан талай отбасының бірлігі жолында ақыл-кеңесін айтып, оларды татулық пен бірлікке, мейлінше бірігіп түтін түтетуге үндейтін. Әйел, бала, отбасы мәселелеріне қатысты заңдылық жолын іздеп жүрген нәзікжандыларға бар білетін кеңесін беріп, жөн сілтейтін.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2001 жылы Атырауға келген сапарында осынау Салтанат сарайына барды. Сөйтіп, ол кісі өмірге жаңа келген үшемге Нұр, Сұлтан, Сара деген есімдер беріп, үлкен қуаныш үстінде оларға туу туралы куәлікті тапсырды. Ал, біз осынау жаңалықты өз көзімізбен көріп, оған куәгер болдық. Сол күні бас қонағымыз алғаш рет он жасқа толған тәуелсіздік құрдастарымен жүздесіп, оларға ақ батасын берді. Комсомол, кәсіподақ, кеңес, әділет қызметтері саласында үлкен еңбек сіңірген Зәуреш Түсенқызының атқарған айшықты еңбектері елеусіз қалмай, әр жылдары бұрынғы кеңестік одақтың, егемен еліміздің медальдарымен, Елбасымыздың Алғыс хаттарымен, ҚР Әділет министрлігі мен облыстық басқарманың, қала және облыс әкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бастысы, ол өзі қызмет атқарған жылдары дүние есігін жаңа ашқан 40 мыңға жуық нәресте мен үлкен өмірге бірге қадам басқан 30 мыңнан астам жас жұбайға ақ тілегін айтып, тіркеуден өткізді. Мақтанарлығы, Зәуреш басқарған ұжымның жұмысы ТМД елдері өкілдері қатысқан республикалық семинар жұмысында тәжірибе ретінде таратылды.
Көп балалы отбасында өмірге келген Зәуреш ата-анасының тұңғышы болатын. Жастайынан үлкен-кішіге мейірімді, ағайын-туысқа қамқор, дос-жаранына адал, айтқан уәдесіне берік оны көпшілік өресі биік жан ретінде жақсы біледі. Айналасындағыларға игі істерімен, кісі жанын терең түсіне білетін қабілетімен танымал оны мен Жайық бойының қайраткер қыздарының бірі деп толық айта аламын. Комсомол жұмысында жүріп танысып, комсомолдық той жасап қосылған өмірлік қосағы, Атыраудың ардақты азаматы Орынғалидың өмірден озғанына да жиырма жылға жуықтапты. Басына түскен осындай қиындықтарды өзгеге білдірмеуге үйренген Зәуреш бауырындағы балаларына әрі әке, әрі шеше бола білді. Оларды қатарынан кем қылмай тәрбиелеп, жоғары білім алуларына, өз мамандықтарына сай еңбек етуге жол ашты. Бүгінде бала-келіні Болатбек пен Гаэне, қызы Нұрсұлудың аналары десе, жаны бөлек. Ал, Зәурештің көптен күткен қуанышы — Бейбарыс, Сұлтанбек атты немерелері.
Қашаннан жақсылыққа жаны жақын Зәурештің жастық шағы, өсу, өркендеу, отбасын құру жолдары көз алдымнан өткен соң мен оны жаныма жақын туған сіңлімдей көремін. Зәурешті тек білікті басшы, іскер әріптес қана емес, ұлтымыздың маңдайына біткен ақылды қызы, үлкен қоғам қайраткері деп бағалаймын. Еліне елеулі, халқына қалаулы, дос-жараны мен ортасына қадірлі ол өз ертеңін тек ұрпақ қызығымен байланыстырады. Олай болса, келіп жеткен мерей жасың құтты болып, шаңырағың шаттыққа толсын, айналайын!
Мәдина ҒАБДІСӘЛІМОВА,
партия және қоғам қайраткері,
Атырау қаласы мен Махамбет ауданының Құрметті азаматы.